Мәскеуде Мұхтар Әблязовтің сыбайласы Александр Поткин (Александр Белов лақап атымен де белгілі) сырттай қамауға алынды. Ол БТА Банк салымшыларының ақшасын ұрлап, заңдастырып алған деген күдікке ілінген болатын, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.
Поткинге қылмыстық жолмен алынған ақшаның ізін жасырды деген айып тағылған. Әңгіме ұйымдасқан топтың әрекеті туралы болмақ. Александр Поткин 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ал Поткиннің адвокаты айып 2015 жылы болған жайтпен байланысты деп санайды. Сол жылы оның қорғаушысы экстремизм, ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны және ақшаны жылыстатқаны үшін сотта істі болды. Тергеу мәліметінше, ол бұл ақшаны БТА Банк салымшыларынан ұрлаған.
Поткинге жаңа айып 2024 жылдың қаңтарында тағылған. Артынша Әблязовтің сыбайласына федералды, артынша халықаралық іздеу жарияланған.
Еске салайық, адвокат Жан Күнсеркин банкир Мұхтар Әблязовтің ісіне қатысты жаңа деректер айтқан болатын.
Күнсеркиннің сөзінше, 19 наурызда Алматының Медеу ауданындағы № 2 сотта үкім шығып, Нұрғазин Қуанышты БТА банктегі қаржы жымқыру ісі бойынша ескіру мерзіміне байланысты жазадан босатты. Айта кетейік, Қуаныш Нұрғазин – Мұхтар Әблязовтің ағасы.
"Сот Қуаныш Нұрғазинді ақтамады. Бірақ істі қарау барысында БТА банктегі басқа айыпталушылардың істері бойынша бұрын сотта зерттелмеген кейбір мәліметтер анықталды. Банк акцияларының 62 пайызы Әбләзов Мұхтарға тиесілі екені белгілі болды. Яғни, оның 2017 жылы өз ақшасын ұрлағаны үшін қалай кінәлі деп танылғаны қазір мүлдем түсініксіз", – дейді адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазақстанда Мұхтар Әблязов қылмыстық қоғамдастық құрып, БТА банктен 7,5 миллиард доллардан асатын қаражатты ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Экс-банкир елімізде экстремистік ұйым деп танылған, тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі.