Бесқарағай ауданы Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Ерасыл Бейсенгазинов экологиялық таза портативті генератор құрастырды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Жас өнертапқыштың айтуынша, құрылғыны пайдалану үшін өзен немесе үлкен су қоймасы қажет емес, шағын контейнердегі су жеткілікті.
Генератордың жұмыс принципі қарапайым: ыдыстағы су шағын сорғы арқылы дөңгелек қалақтарына беріледі. Дөңгелек айналған кезде генератор іске қосылып, электр энергиясын өндіреді. Нәтижесінде тұрмыстық қажеттілікке жарамды қуат алынады.
«Бұл генератордың басты артықшылығы – ауа райына тәуелсіздігі. Күн немесе жел электр стансалары сияқты табиғи жағдайды күтудің қажеті жоқ. Құрылғыны кез келген жерде орнатып, қолдануға болады. Барлық материал экологиялық таза әрі денсаулыққа зияны жоқ», – дейді өнертапқыш оқушы.
Жобаны жүзеге асыру барысында Ерасыл қолда бар материалдарды пайдаланған. Дөңгелек ескі грампластинкалардан жасалса, қалақшалары пластик бөтелке қақпақтарынан құрастырылған. Негізгі 12 вольттік генератор ескі принтерден алынып, су сорғысы ретінде ойыншық су бұрқақ қозғалтқышы қолданылған. Жарық көзі ретінде жарықдиодты шамдар орнатылды.
Алдағы уақытта оқушы құрылғыны жетілдіріп, қуатын арттыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ генераторды тұрмыстық техникаларды қосуға бейімдеуді мақсат етеді.
Бұл бастама жас өнертапқыштың ізденімпаздығы мен инженерлік қабілетін көрсетіп қана қоймай, болашақта энергия үнемдеудің тиімді жолдарын дамытуға үлес қосуы мүмкін.
Жетекшісі: физика пәні мұғалімі Мейрамгали Жексенаев