Абай облысындағы Аягөз ауданы қақаған қыста жарықсыз қалды

Көркем Алдабергенова 19 жел. 2024 09:18 636

Абай облысының Аягөз ауданы қақаған қыста жарықсыз қалды. Облыс әкімдігі бұл жайтқа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

18 желтоқсанда сағат 23.30-да трансформатор өртеніп, салдарынан жарық өшірілген. 

"Аягөз ауданының 101 төтенше жағдай арнасына "Біріккен энергосервистік компаниясы" АҚ-на қарасты электр жабдықтау станциясының (подстанция) жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Өрт сөндіру жұмыстарына 4 АЦ өрт сөндіру көлігі, 15 қызметкері жұмылдырылған. 

Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижелері бойынша сағат 23:59-да өрт оқшауланды, зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің себебін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары нәтижесінде Мамырсу ауылдық округі және Аягөз қаласынан басқа барлық ауылдық округтер электр энергиямен толығымен қамтамасыз етілді", - делінген хабарламада.

Қала бойынша бірінші кезекте орталықтандырылған 6 жылу қазандығын іске қосу жұмыстары қолға алынып, қазіргі таңда бесеуі іске қосылды. Біреуін қосу іске асырылып жатыр.

"Тұрғындарға электр қуатын беру жұмыстарын "Біріккен энергосервистік компаниясы" АҚ қызметкерлері ақаулықты жою барысында атқарып жатыр. "БЭСК" АҚ Үржар, Жарма аудандары мен Өскемен және Семей қалаларынан келген 7, сондай-ақ Аягөзден 3 бригада жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 30-ға жуық маман жұмылдырылды", - делінген облыс әкімдігінің хабарламасында. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар