Абай облысында аш аюлар малға шауып жатыр

Сағыныш Сардарова 30 қыр. 2025 14:19

Абай облысының бес ауылында жергілікті малшыларды аюлар әбігерге салып отыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, аш аюлар жайылымдағы сиырларға шабуыл жасап, тіпті қораларды да бұзып кіріп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz "КТК" телеарнасына сілтеп.

Ең көп зардап шеккен – Жарма ауданының тұрғындары. Олардың сөзінше, аюлар екі жылдан бері малшыларға маза бермей келеді. Олар даладан малдың сүйектері мен қалдықтарын жиі табады. Биылдың өзінде кейбір қожалықтар бірден бірнеше бас малынан айырылған.

Ауыл халқы жағдай ушығып кетпей тұрғанда мәселені тез арада шешуді сұрайды. Жергілікті билік арнайы комиссия құрылғанын және аңшылардан көмек сұралғанын хабарлады.

"Қоңыр аюлардың шабуылына қарсы арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, салалық ұйым басшылары кірді. Барлығы – 28 адам. Олардың ішінде аңшылық билеті бар және қару сақтауға әрі алып жүруге рұқсаты бар азаматтар да бар", - деді Жарма ауданы әкімінің орынбасары Берік Сәмежанов.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар