Абай облысындағы табиғи өрт кезінде полиция қызметкерлері өрт ошағына жақын орналасқан DosbolLike балалар лагерінен 190 баланы және 20 қызметкерді қауіпсіз жерге эвакуациялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өрт туралы хабарлама түскен алғашқы минуттардан бастап полицейлер лагерьге шұғыл жетіп, эвакуация жұмыстарын бастаған. ІІМ өкілдері балалар арасында үрей туғызбау үшін оларды сабырмен әрі ұйымдасқан түрде шығарған.
"Қазір полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. Қауіпті аумақ қоршауға алынып, өрт ошағына апаратын жолдар жабылды, арнайы техниканың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етілді. Полицейлер қоғамдық тәртіпті сақтап, эвакуацияланған тұрғындардың мүлкін күзетеді. Жұмыс Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қорғаныс министрлігі және басқа да қызметтермен бірлесіп, тәулік бойы жүргізіледі", - деді ІІМ өкілдері.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды төтенше жағдайлар қызметкерлерінің талаптарын қатаң сақтауға, қауіпті аймаққа жақындамауға және арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырды.