Ішкі істер министрлігі ата-аналарды су айдындарында демалу кезінде балаларды қатаң бақылауда ұстауға шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері еліміздің су айдындарында 69 бала қаза тапқан.
"Ішкі істер министрлігі балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Шомылу маусымы басталғалы бері елімізде 69 бала суға батып, көз жұмды. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде тіркелді. Қауіпсіздік мақсатында тек арнайы жабдықталған жағажайда шомылыңыздар, балаларды су айдындары маңында қараусыз қалдырмаңыздар, оларға бейтаныс жерлерде шомылу қауіпті екенін түсіндіріңіздер, аптап ыстықтан кейін бірден суық суға түспеңіздер. Тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз. Жыл басынан бері осы құқықбұзушылық үшін 2700-ден аса азамат жауапкершілікке тартылды" - деді ІІМ профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.