495 млн теңге шығын: астық қоймаларын өртеген адам 6 жылға сотталды

495 млн теңге шығын: астық қоймаларын өртеген адам 6 жылға сотталды
pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында астық қоймаларын қасақана өртеп, 495 млн теңге көлемінде залал келтірген іс бойынша кассациялық сот бұрынғы сот шешімдерін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кассациялық сот К.-ның өрт қоюды ұйымдастырғаны іс бойынша зерттелген дәлелдердің жиынтығымен толық расталады деген қорытындыға келген.

Соттың мәліметінше, дәлелдер қатарында төтенше жағдайлар органдарының материалдары, оқиға орнын қарау хаттамалары, өрт-техникалық зерттеулердің қорытындылары, өрттің қасақана қойылғанын растайтын деректер, күдіктілердің телефон байланыстары туралы мәліметтер, сондай-ақ жәбірленуші мен куәгерлердің жауаптары бар.

Келтірілген залалдың көлемі соттың құрылыс-экономикалық сараптамасы арқылы расталған.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың мамырында шаруа қожалығының басқарушысы К. басшысымен жеке жанжалдан кейін басқа адаммен бірге Солтүстік Қазақстан облысындағы астық қоймаларын қасақана өртеуді ұйымдастырған.

Өрт салдарынан шаруа қожалығына 495 млн теңге көлемінде материалдық залал келген.

Бірінші сатыдағы сот К.-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген – бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру, оны өрт қою арқылы жасап, аса ірі мөлшерде залал келтіру қылмысы бойынша кінәлі деп таныған.

Сот оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, келтірілген материалдық залалды өтеуді міндеттеген.

Апелляциялық сот бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Сотталған К.-ның адвокаты кассациялық шағым түсіріп, оның кінәсі дәлелденбегенін алға тартып, бірінші сатыдағы үкім мен апелляциялық қаулының күшін жоюды сұраған.

Алайда қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот бұған негіз таппаған. Сот тағайындаған жаза жасалған қылмыстың ауырлығына және заң талаптарына сәйкес келеді деп танылды.

Осылайша, К.-ға қатысты бұған дейінгі сот актілері күшінде қалды.