4,6 млрд жымқырған 20 бухгалтер "жоғарыдағылардың" бұйрығын орындағанын айтты

Көркем Алдабергенова 21 қар. 2024 13:06 878

Талдықорған сотында 4,6 миллиард теңге жымқырғаны үшін айыпталған 20 бухгалтердің ісіне қатысты апелляция қаралды, - деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп. 

Айыптау актінде бірнеше бухгалтер қылмыстық схема ұйымдастырғаны айтылған: олар бірнеше жыл бойы шын мәнінде жұмыс істемейтін қызметкерлерді тіркеп, олардың жалақысын қалтасына басып отырған. 

Прокурорлардың сөзінше, қылмыстық схема егжей-тегжейлі ұйымдастырылған, осылайша бухгалтерлер бюджеттің 4,6 миллиард теңгесін қалтасына басқан. 

Бірінші инстанциядағы сот шешімі бойынша кінәлі тұлғалар 7-15 жыл аралығына дейін сотталды. Алайда қорғаушылардың сөзінше, тергеу барысында бірнеше заңбұзушылық жасалған. Бүгін апелляциялық процесс басталды. Онда айыпталушылар істің қайтадан қаралуын талап етті.  

"Біз қылмыстық топ емеспіз, біз - қарапайым қызметкерлерміз. Тергеу кезінде заңбұзушылықтар жасалды, көптеген дерек елеусіз қалды", - дейді айыпталушылар. 

Сотта адвокаттар мен айыпталушылар сөйледі. Олардың бірінің жазасын жеңілдету сұралды, себебі айыпталушының емізулі баласы бар екен. Қазір ол анасымен бірге тергеу изоляторында отыр. Бухгалтерлердің қорғаушылары олардың 63 миллион теңгені қайтарғанын ескеруді де сұраған. 

"Олар тек бір шынжырдың түйіні, нағыз кінәлі адамдар олардан әлдеқайда жоғары қызметте отыр. Олар жауапкершіліктен қашып үлгерді", - дейді адвокаттар. 

Тағы бір бухгалтердің жазасын жеңілдету сұралған: ол онкологиямен ауыратын болып шыққан. Ол 28 миллион теңге залалды өтепті. 

Бухгалтерлер бірлесіп әрекетті етті ме, әлде әркім жеке дара әрекет етті ме - оны сот анықтайды. Айыпталушылар ірі қылмыстық схеманың мүшесі де болуы мүмкін. 

Еске салайық, 20 бухгалтерге қатысты шешім биыл шілдеде шыққан болатын. Қалалық білім бөлімінің бұрынғы бас бухгалтері Мадлен Сергазинова алаяқтық қылмыстары үшін және қылмыстық топ құрғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сергазинова өткен жылдың көктемінде Панфилов ауданында 2,5 миллиард теңге ұрламақ болған жерінен ұсталды. Тергеу барысында одан 14 пәтер, 7 коммерциялық нысан, 21 жылжымайтын мүлік және Land Cruiser автокөлігі табылды.

 Сондай-ақ, Сергазинованың орынбасары, орталық аппараттың екі қызметкері және экономист ұсталды. Жалпы ұрланған қаржы мөлшері 4,6 миллиард теңге. Сот нәтижесінде 15 бухгалтер 7-13 жыл аралығында бас бостандығынан айырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар