Қашаған инвесторлары миллиардтаған доллар айыппұлдан сот арқылы құтылды

Кәмшат Тілеухан 04 там. 2025 11:22

Қазақстан билігімен соттасқан Қашаған кенішіндегі шетелдік инвесторлар сотта жеңіске жетті. Бұл арада 4 миллиард доллардан астам айыппұлға қатысты дау туралы сөз болып отыр.  Сот NCOC консорциумы мүшелерінің пайдасына қарай шешім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан билігі Қашаған инвесторларынан экологиялық талапты бұзғаны үшін 2,3 триллион теңге (айыппұл салынған кездегі бағаммен 5,1 млрд доллар, қазіргі бағаммен шамамен 4,2 млрд доллар) өндірмек болған. Айыппұл, негізінен, кен орнындағы күкірттің нормативтен тыс сақталуына қатысты. Алайда инвесторлар сот арқылы өз әрекетінің заңдылығын дәлелдеп шықты.

"Апелляциялық соттың шешімін қолдаймыз. Шешім NCOC компаниясының күкіртпен жұмыс істеуде Қазақстан заңнамасын қатаң сақтағанын, халықаралық талаптарға сай әрі жауапкершілікпен әрекет еткенін растайды", делінген консорциум мәлімдемесінде.

Жалпы құны 55 миллиард долларға бағаланған Қашаған жобасының іске қосылуы бірнеше жылға созылып, түрлі кедергілерге тап болған. Осы уақыт ішінде жоба серіктестері арасында баға саясаты мен экологиялық міндеттемелер бойынша даулы мәселелер туындады, деп жазады Bloomberg.

Қазақстан үкіметі кеніштен түсетін кірістің әділетсіз бөлініп жатқанын мәлімдеп, инвесторларға қатысты жалпы сомасы 160 миллиард доллардан асатын талаппен халықаралық арбитражға жүгінді.

Өткен жылы NCOC құрамындағы негізгі компаниялар Eni, Shell, ExxonMobil және TotalEnergies күкіртке қатысты дауды әлеуметтік жобалар арқылы шешуді ұсынған. Олар екі жыл ішінде Қазақстандағы әлеуметтік жобаларға қосымша 110 млн доллар инвестиция салуға дайын екенін жеткізген еді.

Әзірге Қазақстанның Энергетика министрлігі инвесторлардың соттағы жеңісіне қатысты пікір білдірген жоқ.

Инвесторлар 2025 жылы наурыз айында Қазақстан үкіметінің күкіртке байланысты талабын мойындамайтынын айтып, Жоғарғы сотқа жүгінген еді. Сол кезде NCOC серіктестері күкірттен бөлек, суды тазарту мен зиянды шығарындыларға байланысты тағылған айыпты да негізсіз деп таныған болатын.

Сарапшылар Қазақстанның мұндай ірі дауларда жеңіліс табуы елдегі инвестициялық климатқа кері әсер етуі мүмкін екенін айтады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар