Жаңа жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Бұл өзгерістер тек кәсіпкерлерге ғана емес, қарапайым азаматтардың да күнделікті шығындарына тікелей әсер етеді. Салық саласындағы сарапшы, бухгалтер Айжамал Әбдікерімова Baseimiz Live YouTube арнасына берген сұхбатында реформаның мәні мен негізгі ерекшеліктерін түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшының айтуынша, реформаның негізгі мақсаты көлеңкелі бизнесті азайтып, салық жүйесін оңтайландыру. Бұған дейін елде 8 түрлі салық режимі болған. Енді олар қысқартылып, тек жалпыға ортақ режим, жеңілдетілген режим және ауыл шаруашылығы саласына арналған режим ғана қалады. Сонымен қатар такси жүргізушілер, шаштараздар, пәтерін жалға беретін азаматтар секілді шағын табыс табатын тұлғаларға арналған арнайы мүмкіндік сақталады. Айына 1,3 миллион теңгеге дейін табыс табатындар ИП ашпай-ақ жұмыс істей алады. Бұл жағдайда азамат ай сайын бір ғана төлем жасайды, оның 4 пайызы зейнетақы мен медициналық сақтандыруға автоматты түрде бөлінеді. Алайда сарапшы бұл режимнің зейнетке шығу немесе декретке шығуды жоспарлаған адамдар үшін тиімсіз екенін атап өтті.
“Ең көп талқыланып жатқан өзгерістің бірі — қосымша құн салығының өсуі. Бұрын ҚҚС 12% болса, енді ол 16%-ға дейін артады. Бұл өз кезегінде банктік қызметтердің, балабақша мен үйірмелердің, түрлі сервистік қызметтің қымбаттауына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар тұрғын үй бағасының өсуі де күтіледі. Бұған дейін ҚҚС-тан босатылған құрылыс компаниялары енді бұл салықты төлеуге міндеттеледі”, — дейді ол.
Сарапшының айтуынша, қосымша салық ауыртпалығы пәтер бағасына тікелей қосылады.
Жаңа кодекске сәйкес банктердің корпоративтік табыс салығы 15%-дан 25%-ға өседі. Бұл банк қызметтерінің қымбаттауына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар жекеменшік балабақша мен мектептер секілді әлеуметтік сала кәсіпкерлері 2026 жылдан бастап салық төлей бастайды.
Енді жеке тұлға тұрғын үйді екі жылдың ішінде сатып, пайда тапса 10% салық төлейді. Бұрын бұл мерзім бір жыл болатын. Ал үш жылдан кейін сатылған мүлікке салық салынбайды. Сарапшы мемлекет тарапынан бақылау күшейетінін де ескертті. Оның айтуынша, мүлік пен көлікке қатысты барлық операция автоматты түрде бақыланады, ал салық төлемеген азаматтардан берешек үш жылға дейін кері өндіріліп алынады.
Айжамал Әбдікерімованың сөзінше, жаңа Салық кодексі тек бизнеске ғана емес, бүкіл қоғамға әсер ететін реформа.
“Қызмет бағасы өседі, тұрғын үй қымбаттайды, банк операциялары да қымбат болуы мүмкін. Сондықтан әр азамат бұл өзгерістерді алдын ала біліп, дайын болғаны жөн”, — дейді сарапшы.
