2025 жылы Алматыда ШОБ субсидиялау құралын іске асыруға жергілікті бюджеттен 32,6 млрд теңге, республикалық бюджеттен 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Қаражат өңдеуші өнеркәсіпті, IT және туризмді қоса алғанда, экономиканың басым салаларында ШОБ субъектілерінің 2 мыңнан астам жобасын қолдауға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы Мәслихаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025-27 жылдарға арналған бюджеттің тиісті жобасын Алматы Мәслихатының алдағы сессиясында қарау жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы Алматыда кәсіпкерлікті субсидиялау құралын іске асыруға 47,9 млрд теңге бөлінді, оның 18,1 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, 29,8 млрд теңгесі республикалық бюджеттен түсті. Бұл қаражат субсидиялау мерзімі әлі жалғасып жатқан 2 298 қолданыстағы жобаны қолдауға, сондай-ақ 82,8 млрд теңге кредит сомасына 875 жаңа жобаны мақұлдауға мүмкіндік берді.
Субсидияланған жобалардың ең көп саны Көлік және қойма салаларына (27,7%) және өнеркәсіпке (25,5%) тиесілі. Бұл ретте, барлық жобалардың 72%-ы негізгі жабдықтарды сатып алуды және бизнесті жаңғыртуды қоса алғанда, инвестициялық мақсаттарға қаржыландырылады.
Субсидиялаудың арқасында кәсіпкерлер үшін сыйақының түпкілікті мөлшерлемесі 8%-ға дейін төмендетілді.
Кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары арасында ең сұранысқа ие құрал болып қала береді және кәсіпорындарды өз бизнесін кеңейту не жаңарту үшін "қолжетімді" қаржылық қаражатпен қамтамасыз етеді, осылайша тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттырады.
Кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы бизнесті ынталандыру, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және Қазақстан кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер жасау жөніндегі мемлекеттік стратегия шеңберінде іске асырылады.
Жалпы, ағымдағы жылдың басынан бастап Алматыда кәсіпкерлік белсенділіктің тұрақты өсуі байқалады. 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 364,6 мыңды құрады (жыл басынан бері өсім 7,2%-ға). Бұл ретте, білім беру (жыл басынан бері+13,6%), ақпарат және байланыс (+5,8%) және өңдеу өнеркәсібі (+5,6%) сияқты секторлардағы кәсіпорындар санының артуы байқалады. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ШОБ өнімін шығару 10,9 трлн. теңгені құрап, 22,4%-ға өскен.