20 млрд теңгеден астам қайтарылған актив: Жамбыл облысында әлеуметтік нысандар салынып жатыр

20 млрд теңгеден астам қайтарылған актив: Жамбыл облысында әлеуметтік нысандар салынып жатыр
Сурет: inbusiness.kz

Жамбыл облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жалғасып жатыр. Арнайы мемлекеттік қордан өңірдің денсаулық сақтау және ауызсумен қамту жүйесін дамытуға 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысы жалғасуда. Бүгінде Қордай, Талас және Меркі аудандарында екі жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп, бір аурухана күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды", - деп жазды журналист Михаил Козачков.

Оның мәліметінше, осы жобалардың нәтижесінде 85 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде шалғай ауылдарда тұратын шамамен 5 мың адам сапалы медициналық көмекке қол жеткізген.

Сонымен қатар облыста 15 ауызсу нысанының құрылысы аяқталып, Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ, Талас, Шу, Мойынқұм, Қордай және Тұрар Рысқұлов аудандарының жалпы саны 28 мың тұрғыны сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді.

Қазіргі таңда өңірде ауызсу жүйесіне қатысты тағы сегіз жоба мен денсаулық сақтау саласындағы екі нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Соның бірі – Қарасай батыр ауылындағы жаңа ауызсу жүйесі. Жобаның жалпы құны шамамен 2,5 млрд теңгені құрайды, оның 1,9 млрд теңгесі Арнайы мемлекеттік қордан бөлінген.

"Барлық нысанның құрылысы мен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында", – делінген хабарламада.