Астанада бір күнде айлық жауын-шашын мөлшерінің үштен біріне жуығы жауды. Бұл туралы қала әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
23 шілдеде небәрі 22 минут ішінде 11,4 мм жауын-шашын жауған. Жалпы 23 шілдеде жауған жауын-шашын көлемі 18,2 мм-ге жетіп, бұл айлық норманың шамамен үштен бірі болған. Қалада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Астанада 22 шілдеде де 20,8 мм жауын-шашын жауған болатын. Осылайша, екі күн ішінде елордада жалпы 39 мм жауын-шашын жауып, бұл айлық норманың шамамен 70 пайызына жетті.
Қатты жауын-шашын салдарынан қаланың кейбір жерлерінде су жиналды.
"Қолайсыз ауа райының салдары жедел жойылды. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер коллекторлар мен жаңбыр суын қабылдайтын құдықтарды тазалау, құбырларды бумен өңдеу, нөсер кәріз жүйелері мен тазарту құрылыстарын салу және т.б. жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді", - деді әкімдік өкілдері.
Тұрғындардың айтуынша да, жауын небәрі 15-20 минутқа созылған. Алайда осы уақыттың өзі қаланың бірқатар көшесін су басуына жеткілікті болған. Әлеуметтік желіде жолдарды су басқан видеолар кең тарады.