16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі тарап кеткен. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
16 миллионнан аса жазба тарап кеткен. Бұл көрсеткіш ел халқының басым бөлігін қамтиды. Тарап кеткен деректерде тұрғындардың тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, ЖСН, мекен жайы, телефон нөмірлері (ұялы, үй және жұмыс телефондары), азаматтығы, ұлты және басқа мәліметтер кездеседі.
Мамандардың айтуынша, бұл деректер қалай таралғаны әзірге белгісіз. Бұрын жарияланған мәліметтерді жинақтау арқылы пайда болуы немесе бұл мүлде жаңа оқиға болуы мүмкін. Кейбір деректер жабық Telegram арналар арқылы сатылып кетуі де ғажап емес.
Ал министрлік мәліметінше, азаматтардың жеке деректері тарап кеткені туралы ақпарат тексеріліп жатыр.
"Барлық бейінді ведомство мен қызметтер жұмылдырылды. Жан-жақты тексеріс жүргізіліп, соның ішінде деректердің өзектілігі тексеріліп жатыр. Бастапқы талдау жұмыстары деректердің көпшілігі ескіргенін көрсетті", - деді министрлік өкілі.