16 жылға сотталды: Павлодарда кәмелетке толмағанды зорлаған адамға үкім шықты

Самал Асқар 03 нау. 2026 18:32

Павлодар облысында кәмелетке толмағанға қатысты зорлық жасаған ер адам 16 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dala news.

Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты (СМУС) кәмелетке толмағанға күш қолдану арқылы зорлау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады (ҚР ҚК 120-бабы 3-1-бөлігі 1-тармағы).

Іс жабық сот отырысында қаралғандықтан, заң талаптарына сәйкес оқиғаның мән-жайы жария етілмейді.

Аталған баптың санкциясы 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Сотталушының кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің, оның заңды өкілінің, куәлардың айғақтарымен және сараптамалар қорытындыларымен дәлелденген.

Жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының бұрын сотталмағаны танылды. Ал қылмыстың алкогольдік мас күйде жасалуы ауырлататын мән-жай ретінде есепке алынды.

Сот үкімімен Ш. кінәлі деп танылып, 16 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған өмір бойына педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Жазасын ол қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove