Алматыда 1 қазаннан бастап электр энергиясының шекті бағасы өсетіні белгілі болды. Бұл жөнінде "Алатау жарық компаниясы" АҚ – "Энергосбыт" мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа шекті баға қосылған құн салығынсыз (ҚҚС) – 34,31 теңге/кВтсағ, ҚҚС-пен – 38,43 теңге/кВтсағ мөлшерінде бекітілмек. Қазіргі баға – 31,85 теңге.
Тұтынушылар санаты бойынша тарифтер (ҚҚС-сыз):
тұрмыстық тұтынушылар – 30,26 теңге (1 қыркүйектен бастап күшіне енді);
тұрмыстық емес тұтынушылар – 36,70 теңге (1 қазаннан бастап енгізіледі);
мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар – 35,08 теңге (1 қазаннан бастап енгізіледі);
әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындар – 31,85 теңге (өзгеріссіз қалады).
Жеке тұлғалар мен тұрмыстық мақсатта жарық тұтынатындар үшін сараланған тарифтер төмендетілді:
1-деңгей – 27,46 теңге/кВтсағ (ҚҚС-сыз);
2-деңгей – 36,29 теңге;
3-деңгей – 45,37 теңге.
Бұған дейін "Алатау жарық компаниясы" – "Энергосбыт" филиалы электр энергиясының бағасын 38,01 теңге/кВтсағ деңгейінде белгілеуді ұсынған еді. Алайда ҚРЭМ өкілдері бұл өсім тұрмыстық тұтынушыларға әсер етпейді деп сендірген.
Компания тарифтің көтерілуін бірнеше себеппен түсіндірді:
– 25 шілдеде бекітілген өңірлік желілер бойынша электр қуатын жеткізу тарифінің 12,96 теңгеден 14,25 теңгеге қымбаттауы;
– қазан айынан бастап 13,99 теңге көлемінде өтемдік тарифтің енгізілуі;
– сәуір айында "Қазақстан темір жолы" желілері арқылы электр жеткізу құнының 3,66 теңгеден 5,41 теңгеге өсуі.