Есімов не айтқысы келді?

Dalanews 30 мам. 2017 10:26 218

немесе ЭКСПО-ны қай деңгейде насихаттадық?

Әрине, бұл мақаланы ерте бастан жазуға да болар еді. «Былтырғы жылы қайдан қалдыңдар?» десеңіз, еш ренжімейміз. Сауалыңыз орынды. Түсінеміз. Бұл мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ, бірақ. Неге? Сөзімізді дәлелдеп беруге тырысалық.

Күні кеше көрменің басқарма төрағасы Ахмежан Есімов барлық облыс әкімдерінің орынбасарларын жинап шұғыл жиын өткізді. Көрмені насихаттау көңілден шықпай отырғанын айтты.

Жазғанымыз өтірік болмасын. Есімовтің сөзінен мысал келтіре кетелік.
«ЭКСПО-ның елге тигізер пайдасы, экономикалық табысы, жалпы, Қазақстанға берері жайында халыққа дұрыс ақпарат жеткізу керек, мырзалар. Көрмені насихаттау билет сатумен ғана шектелмейді. Шараның шын мәніндегі елге қажеттілігін нақты мысалдармен дәлелдесек, жұрттың шынайы қызығушылығын тудырамыз»

деді ол.

Дұрыс айтады. Осы уақытқа дейін биліктің тарапынан халық көрмені өз еркімен тамашалауға келетіндей не жасалынды? Не атқарылды? Бұл әлем жұртына да қатысты. Дүйім дүние бізде ЭКСПО өтетінін естіді ме? Есімовтың айтпағы да осы шығар. Кім, кім басқарма төрағасы көрмеге кімнің келіп, кімнің кететінін жақсы біліп отырған болар.

Анығы, әлі де кеш емес. ЭКСПО-ны жарнамалауға, насихаттауға әлі де үлгереміз. Бұл үшін ақша емес, адам күшіне сену керек.

ЭКСПО-ға ТУРИСТ КЕЛЕ МЕ?

Әрине, келеді. Аз ба, көп пе? Аз болмас үшін олардың құштарлығын ояту маңызды. «Болашақ энергиясы» тақырыбында әлемнің қандай жетістігі барын, не жасалып жатқанын көруге ұмтылса жаман емес қой.

Айталық, көрмені насихаттауда Димаштың мүмкіндігін неге пайдаланбасқа? Күллі Қытайды табындырған Димаш ЭКСПО-ға қытай туристерін жүздеп, мыңдап тартса ұтылмасымыз анық қой.

Осыған байланысты біз Қытай елшілігіне осыдан екі апта бұрын сауал жібергенбіз. Бұдан бұрын көрмеге 350 мың қытай келеді деген ақпарат тараған. Осының анық-қанығын білгіміз келген.Газетіміздің сауалына келген жауапта былай делінген екен.

– Қытайлық туристер ЭКСПО-ға үлкен топ болып келеді. Бірақ, олардың нақты саны туралы ештеңе айта алмаймыз. Қытайлық туристерді көрмеге шақыру, одан бұрын олардың қызығушылығын ояту үшін стимул қажет. Туристік операторлар осы жағынан іске жұмылып жатыр, – делінген екен жауапта.
Бұл арадағы стимул деген не? Әрине, Димаш. Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлері, тарихи орындары туралы Қытай туристері білмеуі мүмкін.

Бірақ, Димашты біледі. Олардың көкейінде «Димаш қайда елде туды, қай елде өсті....білсе ғой, көрсе ғой» деген қызығушылық оянса ендеше ЭКСПО-ны да айналып өтпейді.

Анығы, Димаш бізді Қытай фобиясынан арылтты. Қытай көрерменінің өнерді сүйетінін, талантты бағалайтынын білдік. Демек, олар Димаштың «ЭКСПО-ға келіңіздер, көрмені тамашалаңыздар!» деген ұсынысын да жерге тастамауы керек.

Есімов осыны айтқысы келген шығар...

«БИЛЕТТІ МЕН АЛЫП БЕРЕМІН...»

Осы мақаланы жазу үстінде Оңтүстік Қазақстан облысының баспасөз қызметі хабарласты.

Өңірдегі бизнесменнің бірі Рахым Тәңірбергенов 2 млн. теңгеге ЭКСПО билеттерін сатып алыпты. Әрине, өзіне емес, елге. Тәңірбергеновті танымаймыз. Жаңалықты жариялағанымыз сол сынға қалдық. «2 млн. теңгені басқа іске жұмсаса, қайырылымдылыққа бағыттаса не етер еді» деді жұрт. Дұрыс айтады, солай жасауына да болар еді. Жұрттың сынына қалған кәсіпкерге телефон шалуға тура келді. Билет кімге, неге алып берді? Бұл ұпай жинаудың амалы?

«Жоқ. Бұл жасқа жеткенде маған мұның қажеті шамалы. Өз басым ЭКСПО-2017» көрмесіне әрбір азамат атсалысуы тиіс деп есептеймін. Өйткені бұл өте маңызды шара. Елімізге әлемнің 100-ден астам мемлекетінен қонақтар келгелі отыр. Сондықтан осындай ауқымы зор шарадан оңтүстікқазақстандықтар да сырт қалмауы тиіс деп ойлап, бүгін өз қаражатыма 500 билет сатып алып отырмын.

Бұл билеттерді тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектерге және де ардагерлерге сыйлық ретінде ұсынамын. Сонымен қатар, жаз айында көрмеге бару үшін арнайы автобустар ұйымдастырып, түркістандықтарды өз есебімнен Астанаға апарып қайтамын», –

– деді Рахым Тәңірбергенов.

Түсіне білген адамға бұл да қайырлымдылықтың бір түрі шығар. Көрмені көргісі келетін әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға билет алып бергеннен қандай астар іздеуіміз қажет? Анығы, әлгі кәсіпкер басқа да бизнесмендерге үлгі болса, ұтылмас едік. Мұндайда «мұғалімдер мен дәрігерлерге ЭКСПО билеттерін алғызып жатыр" деген әңгімелер де сап тыйылар ма еді...

РИАННА КЕЛСІН БЕ? КЕЛСІН...

Біздің оқырман талғампаз ғой. Сыншыл. Солай болғаны дұрыс та шығар. Солай болса да айтайық .Білесіз бе, бұдан бұрын ЭКСПО-ның ашылу салтанатына әлемге әйгілі поп-жұлдыз Рианна келеді деген ақпар тараған. Кейін сыбыс болып шықты.

Бұған қатысты пікір білдірген Мәдениет министрі әншінің шараға шақырту алғанын естімегенін айтты. Енді қараңыз, Рианнаның келгенінен, ән салып кеткенінен Қазақстан ұтылар ма еді?

ЭКСПО қазақстандық емес, халықаралық көрме. Ал халықаралық шараларға әлемдік деңдейдегі жұлдызды шақырту бұрыннан бар тәжірибе. Иә, шашылу шығар. Иә, дарақылық болып көрінер. Бірақ, өз еліңде өтіп жатқан ауқымды шараны шартарапқа танытудың жалғыз жолы осы қазір.
Футбол аламандарын алып қараңыз, айталық. Әлем чемпионаттарын, Еуропа біріншілігін. ЭКСПО-ны өткізуге біз бұдан кем шашылған жоқпыз ғой. Ал оның қайтарымы болуы үшін жарнамасы да белгілі бір деңгейде шоуға жақын болуы керек пе еді.

Сол сияқты «Головкиннің кездесуі өтсін бе? Өтсін...» деуге әбден негіз бар. Мұның барлығына ЭКСПО себепші болса көрменің даңқы да, дақпырты да дүйім дүниенің есінде қалуы тиіс.

Ілгеріде Есімовтің сөзін мысалға келтіргенбіз. «ЭКСПО-ның елге тигізер пайдасы, экономикалық табысы, жалпы, Қазақстанға берері жайында халыққа дұрыс ақпарат жеткізу керек» деген ол. Бірақ, бұл үшін не істелінді? Халыққа қандай ақпарат жетті?

ЭКСПО-ның экономикалық табысы туралы не айтылды? Не айтылып жатыр? Билік арыз, сөйлеп семіз шықты ма? Бұл туралы алдағы уақытта егжей-тегжейлі жазатын боламыз.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x