Сириядағы бабалар кесенесіне қауіп төніп тұрған жоқ па?

Dalanews 07 ақп. 2017 13:28 327

"Шеврон" компаниясы және "Қала мен Дала" газетінің біріккен жобасы

 Тәуелсіздік алмасақ тарихи-мәдени ескерткіштерді жоғалтып алар едік, құдай біледі. Жойылудың аз алдында тұрған тарихи жәдігерлер қызыл империяға түкке де қажеті жоқ еді. Солай.  Егемендік алғасын бұл бағыттағы жұмыстар айрықша қарқынмен жүргізілді. Қираған, құлаған тарихи жәдігерлер қалпына келді.

Өзбекәлінің өрелі істері


Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта жаңғырту туралы әңгіме қозғағанда Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегін еске алмасқа болмайды. Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда тек төрт тарихи-мәдени ескерткiш мемлекеттiк тiзiмде болған. Олар: Қожа Ахмет Ясауи кесенесi, Алматыдағы кафедральный соборы, Жаркенттегi ұйғыр мешiтi және Айша бибi кесенесi.

Өзбекәлі Жәнібеков осы олқылықтың орнын толтырды.

Айтпақшы ілгеріде айтқанда Ясауи кесенесі мен Тараздың іргесіндегі Айша бибі кесенесі ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізген осы – Өзбекәлі Жәнібеков.
Өзаға Қазақстанда тарихи-мәдени ескерткіштерге реставрация жасайтын мекеменің қажет екенін түсініп, «Қазқайтажаңғырту» мекемесін құрған болатын. Бұл мекеме болмаған кезде ел аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Мәскеу мен Өзбекстанның реставратор мамандарына жүгінгенбіз.

Білмеген болсаңыз, Қазақстан ТМД-да тарихи-мәдени ескерткіші көп 5 елдің қатарынан ойып тұрып орын алатын ел. Қазақ жеріндегі сәулет-құрылыс ескерткіштердің басым бөлігі орта ғасырларға тән. Сондықтан оларды жаңғырту өзекті мәселелердің бірі болған.

1993 жылдары «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің 19 облыста және Түркістан мен Жаркент қаласында арнайы бөлімшелері жұмыс істеді. Сол кезеңде республикалық және облыстық деңгейдегі 300-ден астам тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта жаңғыртып, қалыпқа келтірілді. Міне, тәуелсіздікке ие болған алғашқы жылдары тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғырту жолында көптеген жұмыстар атқарылды.

Яссауи кесенесін сақтап қалған кім?




Еліміздегі көптеген тарихи-мәдени ескерткіштердің жаңаруына өлшеусіз үлес қосқан жандардың бірі – Баян Тұяқбаев. Ал алып кешеннің тарихи түр келбетін жоғалтпауына еліміздегі белгілі этнодизайнер Аманжол Найманбаев та ерекше еңбек сіңірді.

Білікті мамандар  көнеден келе жатқан тарихи кесененің құрылысын жан-жақты зерттеген.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі қалпына келтіру жұмыстарының қарқын алуы еліміздің тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты. Коммунистік жүйе қасиетті ғимараттың құндылығын бағалаған жоқ. Кесенеге сәулет өнерінің үздік туындысы ретінде мән берілгенімен, оның тарихи,  рухани сипатын қалпына келтіру екінші кезекке ысырылды.

Тәуелсіздік алғасын ұмыт қалған құндылықтар қайта тірілді. 1992 жылдың 29-мамырында ҚР Жоғарғы Кеңесінің «Тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау туралы» қаулысы қабылданып, қызу жұмыс басталды.

Қалпына келтіру дегеніміз не?


Белгілі реставратор Аманжол Жүсіповтің айтуынша, қалпына келтіру дегеніңіз бір-екі жылда біте салатын шаруа емес. Бұл жерде ғылыми-зерттеу жұмысы мен қайта қалпына келтіру жұмысы қатар жүреді.

Өйткені, қайта қалпына келтіру кезінде кесенелер мен басқа да тарихи нысандарды жаңғырту кезінде басқа да қосымша жұмыстар пайда болады екен. Соның әсерінен бір жылда аяқталады деген кейбір жұмыс бес жылға дейін созылған кездері болыпты.
Неге? Себебі, тарихи-ескерткіштерді қалыпқа келтіруде көп жұмыс қолмен атқарылады. Көне құрылыс заттарын зерттеп дайындаудың өзі бір үлкен шаруа.

Бұл жайында Аманжол Жүсіпов былай дейді: «Жаңа құрылыста алдымен жоба, сосын құрылыс болса, бізде керісінше. Білдіңіз бе? Мысалға алсам, Бөкей ордасындағы Жәңгір ханның ордасын қалпына келтіру 9 жылға, VIII ғасырдың бірінші жартысында іргесі қаланып, әлі құпиясы ашылмаған, Ақыртас археологиялық кешенін қалпына келтіру 6 жылға созылды. Оның өзінде жұмыстың төрттен бірі ғана бітіп, ашық аспан астындағы музейге айналдырып, туризм құрылымының қарамағына бердік. Айша бибі кесенесін қайта келтіруге 14 жыл уақытымыз сарп етілді. 1991 жылы басталған жұмысты 2005 жылы 24 сәуір күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашты», – деді.

Маманның айтуынша, елімізде көне құрылыс заттарды қайта қалпына келтірудің ғылыми жүйесі қалыптасқан. Жас реставраторлар күйдірілген саман қыштар мен әртүрлі тастарды әзірлеудің жолдарын меңгеріпті.

– Қолға алған жұмысымызды екі-үш жыл бойы талдап, әр заттың құпиясына терең үңілеміз. Содан кейін ғана заттарды өндіріске енгіземіз. Мәселен, Айша бибі кесенесін жаңғырту кезінде  35 шебер 70-ке жуық қыш түрін дайындап, 70 мың қаптама қышты қолмен құйды. Бір қышты дайындауға 7-8 күн уақыт кетеді. Қыш табиғи түрде кебеді, сосын электрлі пеште күйдіріп, ең соңында қайтадан ағаш шоғына күйдіреміз. Оған да анау-мынау ағаштар емес, алма, тұт, қарағаш, арша секілді қатты ағаштар ғана жарайды. Олардың өзін жергілікті жердегі ауылшаруашылық басқармаларымен келісе отырып, арнайы алдырамыз, – дейді білікті маман.

 Осы бір жайттан-ақ көне тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғырту қаншалықты бейнетті қажет ететін жұмыс екенін байқауға болады.  

Көне Тараз...


Ел аумағындағы көне қалаларды тауып, оларды тарихи жәдігерлердің қатарына қосуда археолог мамандар да көп еңбек сіңірді. Айталық, көне Тараз аумағындағы ескі қаланы ашық аспан астындағы мұражайға айналдыруда тынымсыз еңбек еткен белгілі археолог – Карл Байпақовты айтпай кетуге болмайды.

«Тараз қаласының жасы 2000 жыл!» деген осы – Карл Байпақов. Ол өзінің ой-пайымдарын археологиялық қазба жұмыстарымен дәлелдеп те жүр. Көне қала жайында археолог:

– Қазақстан мен қазақтардың тарихында бұл қаланың орны бөлек. Шаһар әу бастан Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі экономикалық, саяси һәм мәдени орталық болған. Жай ғана орталық емес, көне замандағы түркештер, қарлұқтар сынды бірқатар түркі мемлекеттері үшін Астана мәртебесін иемденген. Бұл дегеніңіз VIII-IX ғасырлар, тіпті, сәл ертерек те болар. Таразда түркештер үстемдік еткен уақыт, арабтармен және қытайлықтармен күрес кезеңі. Тараз үнемі халықаралық аса маңызды саяси оқиғалардың қазанында қайнаған, – дейді.

Карл Байпақовтың айтуынша, қала ішіндегі негізгі қамалдың аумағы 5 гектар жерді алып жатыр. Қамалдың ішіне сарай кешені орналасқан. Ал оны жан-жағынан шахристан, яғни қала қаумалай қоршаған. Онда, қолөнершілер, көпестер мен дәулетті адамдар, жай тұрғындар мен шенеуніктер тұрған.

 Ал шаһардың өзі 40 гектар жерге орналасқан. Осыдан-ақ, көне Тараз жерінде қаншалықты ауқымды қаланың болғанын бағамдауға болады. Ал Карл Байпақов болса қазылған нысандарды музейлендіріп, Таразды еліміздің туристік орталықтарының біріне айналдыруға атсалысуда.

Дамаск қаласындағы бабалар кесенесіне қауіп төніп тұрған жоқ па?


Көне Отырар жерінде кіндік қаны тамған ғұлама  әл-Фараби мен көне түркілердің жауынгерлік рухын жарты әлемге паш еткен сұлтан Байбарысты білесіз әрине. Еліміз тәуелсіздік алғасын Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Сирия мен Мысырдағы бабаларымыздың басына салынған көне тарихи ескерткіштерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бұл бағыттағы жұмыстардың қалай жүзеге асқанын «Қазқайтажаңғырту» мекемесін ұзақ жыл басқарған білікті маман Қанат Тұяқбаев әңгімелеп берді:

– 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Сирия мен Мысыр мемлекетіне жасаған сапары барысында Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс бабамыздың кесенесі мен оларға қатысы бар тарихи-мәдени ескерткіштерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерген. Мәселен, ХІІІ ғасырда Бейбарыс сұлтан Кайр қаласында үлкен мешіт салдырғанын тарихтан білеміз. Содан бері жүздеген жылдар өтіп, мешіт біраз бүлінген болатын. Сондай-ақ, Сирия астанасы Дамаск қаласында әл-Фараби мен Бейбарыс сұлтанның кесенесін жаңғырту да кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі еді.

Елбасы қос елдің басшыларымен кездесуінде жаңғырту жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерді. Осылайша қазақ жерінен шыққан ғұламалардың кесенесін жаңғырту мәселесін қолға алдық, – деді.
1260-1277 жылдары Сирия, Ливан, Иордания, Мысыр елдерін билеген Бейбарыс сұлтанның көзі тірісінде соққызған мешіт, кітапхана, медресе, кітап қорлары орналасқан кешен Қазақстан билігінің табандылығының арқасында қайта жөндеуден өтті.

 Бейбарыс сұлтанның кесенесін жаңғырту үшін екі жарым жыл уақыт кеткен. Бұдан кейін кешенді екі ел арасындағы Мемлекеттік комиссияның шешімімен Сирия мемлекетінің Араб тілдері академиясының қарауына берілген.

Ал Әбу Насыр әл-Фарабидің кесенесі қалай жаңартылды? Бұл жайында маман былай дейді:

–Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз Дамаск қаласындағы Тақлия-әл-бейт қорымының ең шетінде жерленген.  Ұлы ғалымның кесенесін қалпына келтіру үшін Нұрсұлтан Назарбаев Сирия президенті Башар Асадпен келісім жасағаны белгілі.

Сол кезде Қазақстан Үкіметін басқарған Даниал Ахметов сол маңда орналасқан 48 үйдің иелеріне Сирияның басқа жерлерінен пәтер алып беріп, жалпы көлемі 20 мың шаршы метр болатын  этно-мәдени орталықтың құрылысын бастауға пәрмен берген.

Нәтижесінде «Қазқайтажаңғырту» кесенені толықтай қалпына келтіріп, 4 экспозициялық залы бар үлкен этно-мәдени орталық салды. Экспозиция залдарынан тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктері мен әл-Фараби өмірі мен еңбектеріне, еліміздің бас қаласы Астана қаласының тарихына арналған бұйымдар қойылған.

Бүгінде Сирия жерінде Башар Асад әскері мен Ислам мемлекеті жасақтары қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқанын білеміз. Содырлар басып алған жердегі тарихи-мәдени ескерткіштерді талқандап, қиратып жатқанын күнделікті жаңалықтардан еститін болдық.

Осы ретте «Дамаск қаласындағы әл-Фараби кесенесі мен Бейбарыс сұлтанның кесенесіне қауіп төніп тұрған жоқ па?» деген сауалды Қанат Тұяқбаевқа қойдық.
– Содырлар бұған дейін де Дамаск қаласының аумағына бірнеше рет еніп кеткені белгілі. Өз басым олар оспадар әрекетке барады деп ойламаймын. Біздер 2010 жылы Бейбарыс сұлтан тарихи-мәдени кешенінің қайта жаңғырту жұмыстарын толық аяқтағаннан кейін Араб тілдері академиясының қарауына тапсырдық. Бұл қоғамдық ұйымды Башар Асадтың зайыбы басқаратыны белгілі. Сондықтан Сирия билігі Дамаск қаласындағы қос ескерткіштің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән береді.

Оның үстіне әл-Фараби бабамыздың басындағы этно-мәдени орталық Сирия астанасындағы ең сәулетті ескерткіштердің бірі болып саналады. Оның үстінен этно-мәдени орталық орын тепкен жер Дамаск қаласының 6 мыңжылдық тарихы бар көне бөлігі.

Орталықтың бір қапталында Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) ұрпақтары жерленген қорым орналасса, екінші қапталында шейттердің беткеұстар адамдары жерленген қорым бар. Сондықтан осы бір киелі жерде ешқашан атыс-шабыс, жарылыс болған емес.

 Бір сөзбен айтсақ, әл-Фараби бабамыздың кесенесі мен Қазақстанның этно-мәдени орталығы орналасқан жер – Дамаск қаласының ең қауіпсіз аудандарының бірі.

Дайындаған, Нұрлан ЖҰМАХАН


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x