Каспий құбыр консорциумы: "Ақбөкендерге араша түсейік"

Dalanews 02 ақп. 2018 04:38 394

«Каспий Құбыр Консорциумы» ақбөкендер популяциясын сақтау мақсатында 40 млн. теңгеден аса қаржы бөлді.

Мақсат – ақбөкенді құтқару


Бұл жануардың тұрпаты ерекше. Көзі мен тұмсығы шығыңқы, мүйізі толқынданған. Бүгінде бұл жануар жоғалудың алдында тұр. Ақбөкендерді сақтау қауымдастығының дерегінше Орта Азияда әзір 260 мың ақбөкен қалған, оның көпшілігі, нақтылап айтқанда – 152 600 ақбөкен Қазақстан аумағын мекен етеді. 



Ауылшаруашылығы министрлігінің дерегінше ақбөкендердің жаппай қырылуы алғаш 1981 жылы болды. Сол жылы 100 мың ақбөкен қырылып қалған. 1984 жылы– 200 мың, 1988 жылы – 450 мыңға жуық ақбөкен арам өлген.

Ақбөкендерге браконьерлік те үлкен қауіп төндіріп отыр. Сайғақтарды аулауға Қазақстанда заң жүзінде тайым салынғанмен, бұған құлақ асып жатқан браконьерлер жоқ.
Ақбөкеннің құнды жануар. Терісі де, еті де, мүйізі де қымбат. Ақбөкеннің мүйізі әсіресе Қытайда ерекше сұранысқа ие. Бұларды түрлі дәрі-дәрмек жасауда пайдаланады.

КСРО құлағалы бері браконьерлер бақылаусыз кетті. Әзір ақбөкендерге қырғидай тиіп жатқан бұларға тоқтау салар тұсау болмай тұр.

Салдарынан тәуелсіздік алған тұстан 2003 жылға дейінгі аралықта ақбөкендер саны миллионнан 20 мыңға дейін немесе 50 есеге азайды.  2004 жылы Үкімет бұл бағытта бірқатар шара қабылдап, соның нәтижесінде 2015 жылы ақбөкендер популяциясы 295 мыңға өсті. Алайда дәл сол жылы орын алған індеттің кесірінен 150 мың ақбөкен қырылып қалды.

Ақбөкендерді сақтап қалу мақсатында «Каспий құбыр консорциумы-К» АҚ мәлімет тарататын арнайы құрылғысы бар заманауи қарғыбаулар сатып алуға 40 млн. теңгеден аса қаржы бөлді. Аталған құрылғының көмегімен Каспий маңындағы ақбөкендерді бақылап отыруға мүмкіндік туады.

Жобаны Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Қазақстандағы биоалуандылықты сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) жүзеге асыруда.



–  Каспий құбыр консорциумының ақбөкендерді аман алып қалуға септесетін мұндай жобаға қатысуы компания үшін үлкен абырой. Бұл біздің міндетіміз. 2016 жылы біз бұл мақсатқа – 21 млн. теңге, 2017 жылы – 27 млн. теңге бөлдік. Аталған қаражатқа ақбөкендерді зерттеумен және сақтаумен айналысатын мамандар өздеріне қажетті техникалық құрылғылар сатып алды, – дейді бұл ретте «КҚК-К» АҚ бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс бойынша орынбасары Қайыргелді Қабылдин (суретте).

 

Жаңа 30 қарғыбау


Ақбөкендерді қорғауда жаңа технологияларға иек артқан аса маңызды. Соңғы 8 жыл бойына табиғатты қорғау ұйымдары жануарларды спутник арқылы бақылау жүйесін қолдануда. Осының арқасында соңғы жылдары браконьерлік екі есеге азайған.

Былтырғы жылы инспекторлар ақбөкен аулаған 50 жайтты тіркеуге алып, соның нәтижесінде 1419 мүйіз тәркіленді. Өткен жылдың  соңғы үш айында 6 браконьерлік оқиғасы анықталып, 122 ақбөкеннің еті тәркіленді. 

Аталған әдістік тиімділігін ескерген КҚК «Globalstar» мен  «Iridium» спутниктік жүйелері және Sirtrack/Lotek үлгісіндегі мәлімет таратқыш құрылғысы бар 30 жаңа қарғыбау сатып алу туралы шешімге келді. Мұндағы бір ескеретін жайт IridiumCollar G5C 175E (SolarAssist – Sirtrack) қарғыбауы күннен қосымша қуат алатын әлемдегі алғашқы құрылғы.
Қарғыбауларды ақбөкендерге кигізу жұмыстары Каспий маңындағы ақбөкендер популяциясын сақтау және көбейтуде негізгі оператор ретінде таңдалып алған – ҚБСҚ қоғамдық ұйымының ұйытқы болуымен жүргізіледі.

Осының нәтижесінде мамандар алдағы екі жыл бойына ақбөкендер миграциясын бақылауға алып, күзет шараларын күшейтетін болады. Бұдан алынған мәліметтер тиісінше ақбөкендер популяциясына кедергі келтіріп отырған түрлі ауру-сырқауды анықтауға жол ашады.

ҚБСҚ мамандары әр апта сайын спутниктік қарғыбаулар көмегімен сайғақтардың орналасу картасын жасайды. Осының арқасында Бетпақдаладағы сайғақтардың санына көбейтуге жол ашатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың желісі кеңейді.



Сонымен қатар елімізде алғаш рет сайғақтардың көшіп-қонуы мен жайылым жерін қорғайтын Ырғыз-Торғай-Жыланшық экологиялық дәлізі пайда болды.

Ақбөкендердің орналасу аумағын анықтайтын деректер олардың санын сақтап қалуда аса маңызды. Бұл тарапта үнемі ақпарат алмасып отыратын «Охотзоопром» табиғатты қорғау мекемесінің инспекторлары ақбөкендер мекен ететін ұланғайыр аумақты күзетудің жоспарын жүйелі жүргізетін мүмкіндік алды.
Спутниктік қарғыбаулардың көмегімен алынатын ақпараттың нәтижесінде мамандар сайғақтар миграциясына кедергі келтіретін теміржол жолдарының жанынан өткелдер салу мүмкіндігін қарастыруда әзіргі күні.  

«Әрине атқарылар жұмыс әлі алда. Алайда басқа да ұйымдар бізге қарап бой түзесе, бұл өз кезегінде ақбөкендерді құтқаруға бағытталған үлкен көмек болар еді. Себебі, бұған бөлінген бюджет ақшасы аздық етеді. Бәріміз бір жұдырыққа жұмылсақ ақбөкендер популяциясын қалпына келтірерімізге сенімдімін. Сайғақтар адамды жанына жақындатпайды. Алайда оларды жақыннан бақылағаным бар. Анасының артынан жүгірген кішкентай лақты қарағанның өзі бір бақыт. Әсіресе, Жаңаарқа ауданындағы, Шымкентке, Ақтөбеге, Созаққа бет алатын аумақта көктемгі кезде табиғат ерекше құлпырады. Өз кезегінде ақбөкендер табиғатпен біте қайнасып, айналаға көрік береді», – дейді КҚК топ-менеджері.

Аталған жобаға байланысты ұйымдастырылған баспасөз жиынында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев КҚК-на жобаға демеушілік көрсеткені үшін алғыс айтып:

«Сайғақтарды сақтап қалуға жалғыз Үкіметтің күші жетпеуі мүмкін. Бұған қоғам болып, бизнес өкілдері болып атсалысуымыз қажет», – деді.

Әзіргі күні КҚК, Ауылшарушылығы министрлігі және ҚБСҚ арасында еліміздегі биоалуандылықты сақтау және қалпына келтіру бағытында ортақ меморандумға қол қойылған. Осының аясында тараптар өзара пікір алмасып, көрген-білген тәжірибесімен бөлісетін болады.

 

Табиғатты қорғау бағытындағы іс-шаралар


Бүгінгі күні ұзындығы бір жарым мың шақырымға созылып жатқан құбыр жүйесі бар КҚК Қазақстан мұнайын экспорттайтын негізгі тасымалдаушы. Мұнай құбырын жоспарлауда және құрылысын жүргізерде қоршаған ортаға зақым келтірмейтін заманауи технологиялар пайдаланылған.



 КҚК жұмысының ерекшелігі көлденең бағыттағы бұрғылау әдісі арқылы жүргізілген жер бетіндегі су нысандарының көптігінде. Бұл өз кезегінде табиғатқа тигізер ауыр зардаптың алдын алады. Былайша айтқанда қоршаған ортаның табиғи қалпын бүлдірмейді. Флора мен фаунаға зақым келмейді.
Құстардың өлімін болдыртпау үшін электржелісін жүргізерде КҚК құстарды тоққа түсуден қорғайтын құрылғыны пайдаланады.

– Новороссийкінің іргесіндегі Теңіз терминалында консорциум танкерлерге қара алтынды тиейтін ерекше технологияны пайдаланады. Тиеу жұмыстары жағалаудан 5 шақырымнан қашықта орналасқан жағалау құрылғылары арқылы жүргізіледі. Бұл технология мұнайды ауа райының кез-келген жағдайына қарамай-ақ қолайлы орналастыруға мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы мұнай сыртқа шықпайды, қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Ал танкерлердің жанында дельфиндер жүзіп жүреді. Егер біздің технология табиғатқа зиянды болса балықтардың дәл танкерлердің іргесінде жүзіп жүруі неғайбыл болар еді, – дейді осы орайда «КҚК-К» АҚ бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс бойынша орынбасары.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x