Дариға Назарбаева: "Маңдайға басқан Айсұлтанымыздан айырылып қалдық"

Dalanews 16 там. 2020 15:56 251

Экс-сенат төрағасы, Тұңғыш президенттің қызы Дариға Назарбаев халыққа үн қатты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

"Сүйікті Айсұлтанынан айырылып қалған біздің әулет қара жамылып, қайғы жұтып отыр. Ауызға сөз түспейтін ауыр шақта қоғам жақынынан айырылған біздің жағдайымызға түсіністікпен қарайды деген үміттемін", – дейді Дариға Назарбаева.

Айсұлтан Назарбаев бүгін 16 тамызда 30-ға толарына 10 күн қалғанда өмірден өтті. 

Ажалының неден болғаны әлі анық емес. Жүрегі тоқтап қалған деген болжам бар. Мәселенің мән-жайы анықталуда.

Айсұлтан Назарбаев - Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі.

1990 жылы 26 тамызда марқұм Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның шаңырағында дүниеге келген. 


Бала кезден футболға қызыққан. 2006 жылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапында Еуропа чемпинатының іріктеу турниріне қатысты. "Челси" және "Портсмут" жастар командалары мен қазақстандық "Астана" командасында ойнаған.

2010 жылы Сандхерст қаласында британияның корольдік әскери академиясын тамамдады. Кейін "бизнес әкімшілендіру" мамандығы бойынша Алматыдағы КИМЭП университетінің магистратурасында оқыды.

Еңбек жолы


2012-2013 жылдары Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасында қызмет атқарды.

2017 жылдың ақпан-қазан айларында Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті болды. ФИФА, УЕФА және ұлттық қауымдастықтармен халықаралық байланыс орнатуға жауап берді.

Британияның "айбыны үшін" наградасымен марапатталған.

Спорттағы карьерасы


Әкесі Австрияда қызметте болған кезде "Адмира Ваккер"  клубында футболмен айналыса бастады. 2006 жылы Қазақстан бірінші лигасында астаналық "Рахат" үшін өнер көрсетті. 2007 жылы Алматының "Железнодорожник" клубының құрамында болды. 2006 жылы футболдан Еуропа жасөспірімдер чемпионатының іріктеу турниріне қатысты. Кейін бірнеше ай "Челси" академиясында болды. Англия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

2011 жылы "Астанада" ойнады. 2012 жылдың 21 қазанында Қазақстан чемпионатындағы жалғыз матчын өткізді. Қаскелеңдік "Сұңқар" клубының "Ақтөбемен" кездесуінде екінші таймның ортасында алаңға шықты.

Англиядағы клиника


Англияда есірткіге тәуелділерге арналған клиникада ем қабылдады. Бұдан соң Айсұлтан Назарбаев әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше жазба жариялады. Олар Қазақстанда қоғамдық резонанс тудырды.

Соңғы жазбасын 2020 жылдың 17 шілдесінде жариялаған.

Жеке өмірі


2013 жылы "ҚазРомГаз" АҚ басшысы Қайрат Боранбаевтың қызына үйленген болатын. 2016 жылдың жазында екі жастың отбасында Амели есімді қыз дүниеге келді.

2019 жылдың сәуір айында Айсұлтан Назарбаев фейсбуктегі жеке парақшасында аты-жөнін Айсұлтан Рахат (Aisultan Rakhat) деп, ал отбасылық жағдайын "ажырасқан" деп өзгерткен.

Ондағы мәліметке сүйенсек, тұңғыш президенттің жиені 2019 жылдың 5 ақпанында ажырасқан.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x