Экономиканың өзегі – білім мен ғылым

Dalanews 19 қыр. 2015 02:48 247

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» бағдарламасын жүзеге асыруда университеттердің ролі үлкен. Осы орайда  біз бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бірінші проректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұхамбетқали Мырзабайұлы Бүркітбаев пен журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлының  интервьюін ұсынып отырмыз.

 

– Мұхамбетқали Мырзабайұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қазақстан ЖОО Консорциумына кірген еді...

– Иә. Қазақстан Республикасындағы Жоғары оқу орындарының Консорциумы 2014 жылы құрылған болатын. Ол Консорциумның мақсаты – Жаңарымды-индустриалды даму мемлекеттік бағдарламасын білім беру, ғылым және жаңарым салаларында жүзеге асыру болып табылады.

– Осы бағыттағы университет саясаты қандай? Ол саясат қандай нормативтік-құқықтық негіздерге сүйенетінін айтып берсеңіз?

– Біздің университетіміздің бұл бағыттағы саясаты алдымен мемлекеттік нормативтік актілерге сүйенеді. Ең алдымен Қазақстан Республикасының  «Білім туралы» және «Ғылым туралы» заңдарына және «Мемлекетіміздің жаңа саяси бағыты:  «Стратегия – 2050» бағдарламасына, Елбасымыздың «Жалпы еңбек қоғамына бастар жиырма қадам» атты Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту жөніндегі бағдарламалық мақаласына, ҚР Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасына, ҚР  Жаңарымды-индустриалды дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, сондай-ақ, ҚР БжҒ министрлігінің  2011-2015 және 2014-2018 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарын, бұлармен қатар университетіміздің  2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын да құқықтық басшылыққа аламыз...

Казну

– Білім беру, ғылым және жаңарым салалары бойынша  Жаңарымды-индустриалды дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырғанда университеттеріңіз  қандай нәтижеге қол жеткізбек?

–  Бағдарламаны жүзеге асыруға біздің университетіміздің тәжірибесі де, әлеуеті де жетеді. Мысалы, мұнай мен газды қайта өңдеу кешеніне  «ҚазТрансОйл», «ШНОС» «ҚазМұнайГаз» «ПетроҚазақстан» секілді ірі компаниялармен, концерндермен бірлесіп, физикалық-химиялық өнімдерді өндіру бағытында білім беру бағдарламасын  шетелдік ЖОО-мен тәжірибе алмасу арқылы жүзеге асырудамыз. Ал енді, метталургиялық кешеніне  «Қазақмыс» секілді осы саладағы ірі компанияларды білікті  мамандармен қамтамасыз ету үшін  «Сирек және өте сирек металдарды өндіру технологиясы» сондай-ақ, «Композитті құрылыс материалдарын өндіру технологиясы» деп аталатын білім беру бағдарламаларын осы жүйеде білім берудің ең озық тәжірибесі қалыптасқан шетелдік жоғары оқу орындарымен қоян-қолтық араласып, жоғары нәтижеге қол жеткізуді көздеп отырған жайымыз бар. Тағы да айтар болсам, агрохимия, тамақ өнеркәсібі, «жасыл» энергетика салалары бойынша да осы бағытта білім беру бағдарламаларын қолға алып, білікті де құзыретті мамандар даярламақпыз.

– Сөзіңізге сенбеске лажымыз жоқ. Өйткені, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әлемдегі ең алдыңғы қатардағы 300 жоғары оқу орнының қатарына енгенінің өзі  бұл оқу орнының әлеуеті қаншалықты екені тағы да дәлелдей түседі.

– Рахмет. Біздің университетіміз – еліміздің мақтанышы. Дүниежүзіндегі  технологиялық тұрғыдан аса дамығын 50 университеттер ішінде біз 31-інші  орынға көтерілдік. Салыстыру үшін айта кетуге болады. Айталық, атағы жер жаратын Сан-Диегодағы Калифорния университеті 40-шы орында.

– Бағанағы  сөзіңізді әрі қарай жалғасақ. Университеттеріңізде Жаңарымды-индустриалды дамудың  мемлекеттік екінші бағдарламасын жүзеге асыруға қажетті маман даярлау туралы айта кетсеңіз...

– Негізінде индустриалды-инновациялық дамудың үш бағыты бар. Бірі – ақпараттық-қатысымдық технология, екіншісі – өнеркәсіптік химия, үшіншісі – агрохимия.  Осы салаларға қажетті мамандарды даярлау үшін экспериментальді білім беру бағдарламасын түздік. Айталық, ақпараттық-қатысымдық технология саласына құзыретті мамандарды әзірлеу үшін  «Технологиялық үдерістерді автоматтандыру және басқару», «Ғарыштық мониторинг жүйелерінің ақпараттық технологиялары», «Технологиялық үдерістерді  математикалық және компьютерлік модельдеу», «Минералдардың кен орындарын тиімді өңдеуге арналған геоэнергетика және ақпараттық технологиялар», «Интеллектілік роботтарды жасау» сияқты пәндерді енгіздік. Екінші бағыт үшін «Химия және органикалық материалдар технологиясы» «Химия және неорганикалық материалдар технологиясы» деген сабақтарды, ал үшінші бағытқа арнап «Химия және мелиоранттар мен  минералды тыңайтқыштар технологиясы», «Химия және өсімдіктерді қорғау құралдары технологиясы» деген пәндерді оқытамыз.

Мусабаев

– Осы индустриалды-инновациялық дамудың аясында университетіміздің өркендеуі қалай жүзеге аспақ?

–  Мақсатымыз – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында  жаңарымды-индустриалды даму мемлекеттік  екінші бағдарламасының басым салаларын қанағаттандыра алатын ең қажетті жоғары білімді құзыретті мамандар даярлау ғой.  Осы мақсатты жүзеге асыру үшін алдымызға мынадай міндеттер қойдық. Біріншіден, алдыңғы қатарлы шетел жоғары оқу орындарының озық тәжірибелерін, сондай-ақ, жұмыс берушілер мекемелеріндегі сақа мамандардың мүмкіндігін  пайдалана отырып, жоғарыда аталған бағыттар бойынша мамандар даярлау үшін  бейіндік магистратурада заманауи білім беру бағдарламарын жасап, жүзеге асыру. Екіншіден, аталмыш салалар бойынша қажетті тиісті көлемдегі мамандарды халықаралық стандарттарға сай даярлау. Үшіншіден,  түлектеріміздің жұмысқа орналасуының заман талабына сай жаңа жүйесін қалыптастыруға күш салып жатқан жайымыз бар. Бұл міндеттерді жүзеге асыру жұмысы үш кезеңге бөлінбек. Алғашқы кезең 2015 жылды, келесі кезең 2015-2016 жылдарды, одан кейінгі кезең 2017 жылды қамтымақ.

– Ақпараттық-қатысымдық технологиялар, Өнеркәсіптік химия, Агрохимия  бағыттары бойынша  даярланған  магистрант бітірген соң қай жерлерде жұмыс істейді? Осы сала бойынша жұмыс берушілер кімдер?

– Отандық және шетелдік ірі-ірі компаниялармен  байланыс орнатқанбыз. Айталық , «ҚазАтомПром» ҰАК» АҚ – дүниежүзіндегі уранды барлау, байыту, өндіру және экспорттау саласындағы ең ірі  компания.   «Қазақтелеком» Ұлттық компаниясы,  «KEGOC», «ҚазТрансОйл», «ҚазМұнайГаз», «ҚазТрансГаз», «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық Компаниясы,  «Қазақмыс корпорациясы» «Қазфосфат» секілді тағы да бірнеше ірі кәсіпорындар бар. Олардың жалпы саны  жүзге жуық.

– Осы бағытта білікті мамандарды даярлауда шетелдік жоғары оқу орындарымен де байланыс орнатылған ғой...

– Әрине. Онсыз халықаралық қарым-қатынаста  бәсекелестікке төтеп беретін білікті маман даярлау мүмкін емес. Біздің түлектер отандық қана емес, сонымен бірге шетелдік  өнеркәсіпте, өндіріс орындарында, ауыл шаруашылығы салаларында  және ғарыштық ізденістерде  ғылыми таным мен биік өре қажет ететін еңбекке етене араласып кетуі үшін де әлем мойындаған ЖОО-ымен тығыз байланыс орнаттық. Олардың қатарында АҚШ-тағы Массачусет технология университеті, Стенфорд университеті, Джорджтаун университеті, Кореядағы Корей жетекші ғылыми-техникалық институты, Сеул университеті, Жапонияда Токио университеті, Сингапурда Наньян технология университеті, сондай-ақ, Германияның, Ұлыбританияның, Ресейдің, Үндістанның, Польшаның осы салаға білікті маман даярлайтын озық тәжірибелі жоғары оқу орындары бар. Бұл университеттер ақпараттық-қатысымдық технологиялар бойынша мамандар даярлаумен және осы саланы зерттеумен, зерттеу арқылы қол жеткізген  ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізумен айналысады. Ал енді Өндірістік химия жәнеАгрохимия бағыттары бойынша да біздің әріптестеріміз бар. АҚШ-тағы Колумбия университеті, Канададағы Торонто университеті, Жапониядағы Осак университеті, Қытай Ғылым Академиясының физика және химия институты,  Шыңжан техникалық институты, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университеті, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университеті, сонымен қатар, Германияның, Түркияның, Пәкістанның, Кореяның химия саласына бейімделген белді-белді білім мен ғылым ордалары бізбен тығыз байланыста.

– Мұхамбетқали Мырзабайұлы, осы байланыстарды нығайтуға аса қажет және  білім беру мен ғылыми-зерттеу ісін заманауи талаптарға орай алға қарай жетілдіру үшін оқытушы-профессорлардың білігі мен білімін де дамытып отыру қажеттілігі өзінен-өзі туындайтын мәселе емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Халықаралық ауқымда жүзеге асатын байланыстарымызды алға жылжытуымыз үшін біздің ұстаздардың да білігі сол деңгейге сай болуы керек. Біз мұны кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі деп қарастырамыз. Сол үшін де әлемге әйгілі білім жетілдіру орталықтарымен байланыс орнаттық. Мысалы, IGIP  1972 жылы Австрияның Клагенфурт қаласында шаңырақ көтерген, құрамында 72 мемлекеттің инженерлік бағыттағы ғалымдар мен педагогтар тоғысқан  жоғары техникалық білім беру саласындағы ең алдыңғы қатардағы халықаралық ұйымдардың бірі. Осы ұйым  техникалық  білім беретін жоғары оқу орындарының инженерлік мамандықтары  оқытушыларының білігі мен білімін жетілдіретін  бірден-бір халықаралық қоғамдық-кәсіби ұйым.  Біздің университет бұл ұйыммен 2009 жылдан бері қоян-қолтық қарым-қатынаста. Қазақстандағы ресми өкілдігі  бізде орналасқан.  IGIP-тің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі тренингтік орталығы 2014 жылы 5 жылдық мерзімге халықаралық аккредитациядан өтті де халықаралық дәрежедегі тренингтік орталық сертификатын алды. Осы жылдың басында нақтылап айтсам, 2015 жылдың 26 қаңтары мен 14 ақпаны аралығында  индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында оқытушы-профессорлардың білігін жетілдіру ісін бастады.  Бұл бағдарламаны толық игергендерге «Инженерлік жоғары оқу орнының халықаралық оқытушысы» деген атақ және сертификат беріледі.

– Демек, қазіргі педагогтарға қойылатын талап та жоғары...

– Қарап отырсаңыз, дамыған мемлекеттердің индустриясы, ауыл шаруашылығы, жалпы алғанда экономикасы білім мен ғылымның нәтижесіне негізделген. Экономиканың қозғаушы күші білім мен ғылым екенін олар жақсы біледі. Сондықтан олар сол бағытта жұмыс жасауды өмірлік қағидаға айналдырған. Мысалы, Ұлыбританияның жоғары оқу орындары ел экономикасына орасан үлес қосады.  Олар мемлекеттің ақшасына қарап отырған жоқ. Демек, университеттер ел экономикасына білікті маман, кәсіби құзыретті, өз ісінің шеберлерін даярлау арқылы ғана емес, ғылыми жаңалықтар енгізу арқылы, сол жаңалықтардың өндіріске қомақты үлес қосуына тікелей атсалысу арқылы ықпал етеді. Қазір заманауи технологиялар  күн сайын жаңарып, жаңғыруда. Дәл осы уақыт үдесінен шығу үшін де университет ұстаздары да үнемі ізденіс үстінде. Даму үдерісіне үлгере алмаған ұстаз заманына сай шәкірт  те тәрбиелеп үлгермейді. Сондықтан, педагог ең озық технологияларды жете  меңгерген, тек теориялық тұрғыдан қаруланған емес, практикалық тұрғыдан машықтанған кәсіби құзыретті болғаны жөн. Әр ұстаз шәкіртін кім үшін және не мақсатпен дайындап отырғанын білгенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе алады.

– Биылдан бастап жаңа академиялық саясатқа көшіп жатқан университетте шетелдік ұстаздардың да еркін сабақ өтуіне жағдай жасалғандығын білеміз.

– Биылдан бастап бұрынғыдай жалақы төлеу тоқтайды. Әр ұстаз жинаған кредитінің санына қарай ақы алады. Яғни, қанша еңбек етсең соның мөлшеріне сай ақша аласың. Егер сізді ұстаз ретінде студент мойындамаса онда сіз жүргізген пәнді ол таңдамайды. Ол пән үш кредит болса, сонша кредиттің ақшасы сіздің жалақыңыздан кемиді деген сөз. Жалпы әлемнің ең ірі университеттерімен академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша байланысымыз бар. Сол жоғары оқу орындарынан әр жыл сайын 150-ден астам білікті мамандар келіп дәріс оқып кетеді. Біздің де ең таңдаулы оқытушы профессорларымыз оларға барып дәріс оқиды, тәжірибе  алмасады.

– Өмірге енгеннен кейін  жаңа академиялық саясат ұстаздардың бұрынғыдай ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүре беруіне тосқауыл қояры сөзсіз. Әр оқытушы әр пән үшін сол пәнді қалайтын студент үшін күреседі. Бұл күрес оның жауапкершілін арттырады. Ал енді академиялық ұтқырлық жүйесі бойынша студенттер де, магистранттар да, докторанттар да өз таңдаған мамандықтары бойынша шетелдік университеттерде өтілеттен (стажировка) өтеді.

– Дәл солай...

Әңгімеңізге рахмет, Мұхамбетқали Мырзабайұлы.

 

Әңгімелескен Сағатбек Медеубекұлы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x