"Әруақтарды күңірентпейік" деген Көкжыра ауылының тұрғындарына белгілі ғалым жауап қатты

Dalanews 10 там. 2020 12:10 266

Бұдан бұрын әлеуметтік желідегі топтарда президент Тоқаевқа арналған хат жарияланды. Хат авторлары Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Көкжыра елді мекенінің "Елеке сазы" қорғанындағы археологиялық жұмыс жайлы айта келіп, "Алтын адам" табылған аумақта әзіргі күні адам сүйектері шашылып жатқанын, соның салдарынан ауылда әр түрлі оқыс оқиғалар орын алғанын жазған.




Хат авторлары Көкжыра ауылының тұрғындары "Елеке сазындағы" қабірлердің қайта көмілуін және қазба жұмыстарының дереу тоқтатылуын талап еткен. 

"Аруақтарды тыныштандыру үшін қазылған қабірлер қайта жабылып, алынған сүйектер құран оқылып орнына жерлену керек. Көрді қайта ашу үлкен күнә.

Бүгінде алтын іздеп, сүйектерді қайта орынына қоймау себепті, ауыл көлемінде әр түрлі оқыс оқиға орын алуда. Осы ауылдың өзінде ғана өзіне-өзі қол жұмсау (суицид) 3 жағдай орын алса, 2019 жылы себепсіз уйден шыгып 3 адам жоғалды, 1 адам қайтыс болып, 2-уі табылды.

Молда Айдыннын баласы 2 рет жоғалып, әзер табылды. Ешкайсысы не себеп болғанын түсіндіре алмайды, осы тақау арада ауылдың бір жас келіні жоғалып, букіл ауыл, аудан іздеп әзер табылды. Соңғы кезде осы ауыл төңірегінде жол апаттары көптеп орын алуда. Сол апат салдарынан бір үйден 3 адамға дейін қаза тапты. Адамдар арасында психикалық ауруы барлар көбейе  бастады. Бүгінде осы аурумен ауылда  22 адам есепте тұрса, 3-і бала.Неврологиялык ауытқумен 23 адам есепке турса, 4-і бала", – дейді Көкжыралықтар.

Әлбетте ауыл азаматтарының арыз-талабы орынды. Алайда археологиялық жұмыстардың өзі заңдылығы боларын ескерсек, бұл арада тұрғындар мен ғылыми-зерттеу тобының арасында түсінбеушілік орын алғандай. Өткен тарихымызды ақиқатын ашуда қазба жұмыстарының қажеттілігі дау туғызбайды. 

Тұрғындар жанайқайына ғалымдардың алып-қосары бар ма?


Dalanews.kz осы орайда Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері Айдын Жүнісхановқа хабарласқан болатын. 

Ғалым «Әруақтарды күңірентпейік!» деген президент атына жолданған хатпен толық танысыпты. 

Бірінші кезекте ескерер жайт: 

Айдын Жүнісхановтың айтуынша 4-5 жыл бұрын "Елеке Сазы" қорымындағы тарихи жәдігерлердің қолды болған бірнеше фактісі тіркелген. Ол кезде қорымды зерттеу ісі қолға алынбаған болатын. Артынша бұл іске облысы әкімі Даниал Ахметов араласып, қорым қорғауға алынып, қазба жұмысы басталып, ұры-қарының суыт жүрісі сап тыйылған.  

"Халқымыз ежелден аруақты сыйлаған халық. Қайтыс болған ата-бабаларының рухтарына үнемі құран оқып, арттарынан садақа беріп, жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын деп дұғасын жасап, жылы сөздермен еске алады.

2015-2016 жылдары "Елеке Сазы" жазығындағы диаметрі 120 м, биіктігі 5 м болатын, қорымдағы ең үлкен патшалы обаны арнайы техниканың көмегімен тонап, сақ мәдениетінің жарқын өнер туындыларын қара нарыққа шығару фактісі тіркелді. Артынша археологтар дабыл қағып, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен 2018 жылы "Елеке Сазы" қорғанындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу ісі қолға алынды", – дейді Айдын Жүнісханов. 

Ғалымның айтуынша, егер бұлай болмағанда "Елеке Сазындағы" тарихи-мәдени мұра әрі қарай да тоналып, «Алтын адам» деп танылған жәдігеріміз өнер жауһарының қатарына қосылып, музейлер төрінен орын алмас еді.

"Тек, обаларды тонауды кәсіп етіп, жылтыраған алтынға қызыққан шағын топтың олжасына ғана айналуымен шектелер еді", – дейді маман.

Айта кетелік "Елеке Сазыда" бүгінде сақ, түркі заманында тұрғызылған 300-ден аса ескерткіш тіркелген.

Ал тонаушылық әрекеттер тек 2015-2016 жылдармен қана шектелмей, 2018-2019 жылдары да қайталанған.


"Облыс әкімі Даниял Ахметовтың бастамасымен жүзеге асқан «Шығыстағы археологиялық зерттеулерді дамыту» бағдарламасы аясында Қазақстандағы көне түркілердің жалғыз қағандық кешенінде археологиялық зерттеу жүргізу арқылы қазақ елінің бастауында тұрған сақ, ғұн, түркі дәуірінің тарихына қатысты мәлімет алуға мүмкіндік туды.

"Елеке сазындағы" ескерткіштерді зерттеу арқылы ұзақ жыл бойы шешімін таппай келе жатқан 3 мың жылдық тарихы бар көне дәуірдегі көшпелі мәдениеттің қалыптасуы аймағын анықтау мүмкіндігі туды.

Қазақ жеріндегі көшпелі мәдениеттің қалыптасу орталықтарының бірі - Тарбағатай баурайы болғандығы, бұл араның 7 ғасырда алып аумақта империя құрған Батыс түркі қағанатының орталығы болғандығы осы - "Елеке сазының" төрінен орын алған қағандық айшықтап отыр", – дейді ғалым.

Оның атап өткеніндей ел көлемінде жүргізілетін барлық археологиялық зерттеу жұмысы ҚР Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңының аясында жүзеге асырылады. Осы заңның «Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру» 36- бабында көрсетілген талаптар негізінде зерттеу жұмыстары атқарылады.

"Қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық зерттелген нысандар қайта көміліп, топырақтары шығарылады. Қазба барысында табылған барлық археологиялық жәдігерлер оның ішінде остеологиялық материалдарға арнайы реттік нөмірі беріледі.

Ашық хатта шашылып қалған сүйекке қатысты мәлімет, зерттеу жұмысының барлық кезеңдерін білмегеннен туындап отырған қате пікір.


"Елеке Сазы" Тарбағатай тауының жоғарғы белдеуінде орналасқандықтан, ол жердегі жауын-шашын таудың етегіне қарағанда көп болады.  Жаңбырлы кездерде археолог мамандар зерттелу үстіндегі обалардың қабір шұңқырларының беттерін судан, күн көзінен қорғау үшін жауып қояды", – дейді маман. 

Үшінші ескерер жайт:

Ғалымның пікірінше "Елеке сазындағы" аршылып алынған құнды деректердің нәтижесінде сақтарды қазаққа жақындатпай, олардың тегін үнді-ирандықтарға теңеп, өздерін тарих сахнасынан жоғалып кетті деп қалыптасқан еуроцентристік көзқарасқа тойтарыс берілген. 

"Елеке сазы" қорымынан табылған сүйектерді генетикалық саралау нәтижесі халқымызда қалыптасқан «жеті атаға дейін қыз алыспау» қағидасының қалыптасуы біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықта көшпелі халықтардың салт-дәстүрлерінде пайда болғандығын негіздеп берді.

Бабаларымыздың өткен тарихын толыққанды зерттеп, жаңғырту арқылы Ұлы Даланың нақ мұрагері екендігімізді дәлелдейміз. Ол мақсаттарға археология ғылымынсыз жете алмаймыз", – дейді маман.

Ғалым бұл орайда хатта жазылған Көкжырадағы түсініксіз, тылсым оқиғаларға қатысты ойын ортаға салды. Хатта аты айтылған Айдын молданың ойдан шығарылғаны анықталды.  

 "Алтын адам" табылғаннан кейін Көкжыра ауылында орын алған «тылсым» фактілердің шынайылығы дәлелдеуді қажет етеді.

Мысалы, Көкжыра ауылында ешқандай да Айдын деген молда жоқ екендігі, "жоғалды" деген баланың әкесі осыдан бірнеше жыл алдын Ақсуатқа көшіп кеткендігі, ол баланың бұрыннан сәл науқастау бала екендігі анықталды.

Сондықтан да, көрсетілген фактілер арнайы мекемелер тарапынан тексеріліп, шынайы бағасы берілсе деген талап-пікіріміз бар", – дейді маман.

Айдын Жүнісхановтың айтуынша "Елеке сазындағы" зерттеулерге еліміздің белді археологтары ғана емес, әлемге танымал генетик  Лейла Булатова өз үлесін қосуда. Олардан өзге Түркиядан әлемдік түркітану ғылымының көшбасында тұрған Ахмет Ташағұл, 150 жылдық тарихы бар Ресейдің Материалдық мәдениет институтының Н. Боковенко бастаған мамандары келіп қорымдағы зерттеу жұмыстарына қатысты ақыл-кеңесін айтқан. 

"Археолог мамандар обаның сыртқы және ішкі құрылыстарын тұтас бір археологиялық кешен ретінде қарастырады.

Сондықтан да, қазба жұмыстарының барысында мамандар контекстен ажырап қалмауы үшін әр тастың орынында жатуына үлкен мән береді.


Ежелгі заманда обаны тұрғызғанда әр тасты өз орнымен қойғандығы белгілі. Бүгінде "Елеке сазында" ашық аспан астындағы музей ашудың тұжырымдамасы дайындалып жатқан шақта обаның әрбір конструкциялық бөлшектерінің маңыздылығы арта түсуде.

"Елеке сазы" Қазақ тарихында үлкен орын алатын ескерткіш. Қазақстанды әлемге танытатын Есік, Ботай, Берел сияқты тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің қатарында нық орын алған кешен. Оны көзіміздің қарашығындай қорғау- абыройлы борышымыз.

Облыс әкімінің "Елеке сазына" бірнеше рет барып, қатал күзет қоюуы сол жаңашырлықтан туындаған әрекет.


Қара күзде құрал-саймандарын дайындап "Елеке сазындағы" көне ескерткіштерді тонауға құлшына кірісетін тонаушылардың әрекеттерін алдын-алу мақсатында жасалған тосқауыл амал деп қабылдау керек, – дейді ғалым.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x