Назарбаев "Дариға операциясын" тоқтатты. Элита Тоқаевтың сөзін сөйледі - сарапшы

Dalanews 07 мам. 2020 16:22 227

7 мамыр 57-ге толардың алдында Дариға Назарбаева тосыннан Сенат төрағасы қызметінен кетті. Оның артынша Тоқаев тағы біраз ауыс-түйіс жасады. Карантин кезінде кадрлық өзгерістер боларын ешкім күтпегені анық.




Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтің пікірінше Дариғаның отставкасы Тоқаев пен Тұңғыш президенттің екеуара ойласа келе қабылдаған шешімі.  Dalanews.kz сарапшының Ақпараттық-сараптама орталығында жарияланған саяси сахнадағы соңғы жағдайға қатысты ой-пікірін назарыңызға ұсынады.


Назарбаева неге кетті?


Мұны ұғыну үшін – оның әуелде неліктен сенат спикері боп тағайындалғанын анықтап алған жөн. Ел ішінде «Назарбаев Дариғаны Тоқаевтың орнын басар адам ретінде спикерлікке жылжытты» деген көзқарас бар. «Назарбаев Тоқаевты тежеп отыру үшін үлкен қызын елдегі екінші адамға айналдырды» деген әңгіме де аз айтылмайды.

Алда-жалда жағдай өзгере қалса, мемлекетті басқару міндеті Назарбаеваның мойнына жүктелері белгілі еді. Сенат спикерінің орынтағы Тоқаевқа таңсық емес. Ол бұл қызметте екі мәрте отырған адам.


Әйтсе де өз басым Назарбаев Дариғаны шынайы мұрагер ретінде қарастырды деп ойламаймын. Үлкен қызынан «үміт» күтсе, алдымен отпен-суға салып шыңдар еді. Саяси-әкімшілік тәжірибесін толықтыруға күш салар еді.

Осы күнге дейін Дариғаның көрген-түйгені партиялық, парламенттік жұмыспен ғана шектелді. Вице-премьердің орынтағында опырып жұмыс істегені де шамалы. Министр де, әкім де болып көрген жоқ.

Мына өмірден, шынайы өмірден тым алшақ, қарапайым халықтың тұрмысынан хабарсыз, тіпті мемаппараттың құрылымын да шала-пұла білетін Дариғаны мұрагер ретінде қарастырғанына сеніңкіремеймін.

Оның спикер болуы да сол тұстағы ел ішіндегі алабұртқан көңіл-күйдің аптығын басу үшін жасалған әрекет еді. Дариғаның спикер болуы «Тасмағамбетов Тоқаевтан кейінгі екінші адам болады екен» деген алып-қашпа әңгімені саябырсытқаны анық.

Назарбаеваның бұл лауазымға тағайындалуын халық та, элита да құптаған жоқ. Биліктегі Дариғаның оппоненттері Тоқаевтың төңірегіне топтаса бастады.

Элита Тоқаевты қолдайды


Назарбаева спикер болғаннан кейін ел-жұрт «мұрагер мәселесі осымен шешілді» деп тұспалдады. Егер бұл орынтаққа Мәсімов, Жақсыбеков не болмаса Есімов тағайындалса мұрагерге қатысты дискуссияға нүкте қойылмас еді.

Дариғаның амбициясы  - президент болу, бірақ оның қолында ықпал жоқ. Элита Тұңғыш президенттің қызын жеткілікті деңгейде қолдағысы келмейді.


Оның үстіне соңғы уақта Сенат тым белсенді болып кетті. Тұңғыш президент пен Тоқаев араздасып қалыпты-мыс әңгіме де толастамады. Мұның соңынан екінші президент билікті Дариғаға тапсыруы мүмкін деген қауесет биліктегі түрлі топтардың мазасын қашыра бастады.

Күн өткен сайын үдей түскен бұл мәселе элитаның ашу-ызасына тиген секілді.

Осыны ескерген, бір жағынан Тоқаевтың бүгінгі нық позициясын назарға алған Назарбаев «Дариға операциясын» тоқтатуға шешім қабылдаған сыңайлы.

Осы уақытта Тоқаев өзін қажырлы-қабілетті менеджер ретінде көрсете білді. Горбачевтің жолымен жүргісі келмейтінін, керісінше Елбасының ебін тауып, бір жағынан элитамен де тіл табыса білетін басшы екенін дәлелдеді.

Мұндайда сенатта отырған Дариға Назарбаеваның рөлі өзінің өзектілігін жоғалтты, элита оны көрсе кірпідей жиырыла қалатынды шығарды.

Жалпы Назарбаева алғаш рет отставкаға кетіп отырған жоқ. Бір кездері партиясынан да, бақылауындағы БАҚ-тан да айырылды. Вице-премьерліктен кетіріп тынды. Ол мұның бәрі ауыр қабылдағаны анық.


Меніңше карантин мен төтенше жағдайды пайдаланып, Дариғаны дау-дамайсыз орнынан алу операциясы әзірленген секілді. Оның үстіне өзі де үндеген жоқ. Шешім де шұғыл қабылданған сыңайлы.

Өткен аптада Назарбаева сенаторларды жинап, алқа-қотан жиын өткізді. Бірқатар мәлімдеме жасады. Соған қарағанда ол кетем деп ойлаған жоқ. Өзінің күн тәртібін әзірлеп, соған сай іс-әрекет етуді көздеген болуы мүмкін.

Әйткенмен карантин кезінде «Тоқаевты алып тастауы мүмкін. Оның орнына – Дариғаны отырғызады» деген дабыра күн өткен сайын күш алып, соңы скандалға ұласуға жақын қалған еді. Мұны басқасы байқаса да, Назарбаева аңғарған жоқ.

Меніңше президент Тоқаевтың өзі әлгі әңгімеден жалығып кетті және карантинді пайдаланып бұл мәселені біржолата жабуды жөн көрді.

 Әшімбаев? Ол - Тоқаевтың адамы 


Негізі, бұл орынға Ахметжан Есімов келуі мүмкін деп болжағанбыз. Неге десеңіз Тоқаев билігінің «Самұрық-Қазынаға» қатысты жоспары бар-тын.

Кейін келе бұдан бас тартып, президент әкімшілігі басшының орынбасары Мәулен Әшімбаевты босаған орынға тағайындауды құп көрді.

Әшімбаев әр жылдары идеологиямен айналысты, Мәжіліс депутаты болды. О жақта халықаралық комитетке жетекшілік етті. Былтыр Тоқаевтың сайлауалды штабын басқарды. Кейін президенттің уәзірі болды. Президент әкімшілігінде идеологияға жауап берді.

Әшімбаев ешқашан Сенат төрағасына кандидат ретінде қарастырылған емес. Алайда оның бұл орынға тағайындалуында бір гәп бар.

Әшімбаев Назарбаевтың тұсында бірқатар ықпалды қызметте отырғанмен, қазір ол – Тоқаевтың адамы.

Оның спикер атануы бұдан былай сенаттың Тоқаевтың қолына көшкенін және қазіргі президенттің сөзін сөйлейтінін аңғартады. Әмбесі бұдан былай ілгерідегі алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойылады.

Бұл тағайындау – Тоқаевтың салмақты саяси жеңісі.

Абаев & Балаева


Абаевты таныстырып жатудың өзі артық. Министр ретінде өзін әр қырынан көрсетеді білді. Бастысы халықтан қашқан жоқ. Белгілі бір мәселеге келгенде өз ойын ашық айта білді.

Карантин кезінде биліктің ресми спикері міндетін атқаруды – Абаевқа жүктегені тегін емес. Үгіт-насихат жұмысын жоғары деңгейде меңгерген маман екенін дәлелдеді.


Иә, сынға қалғаны рас. Бастысы қол қусырып отырған жоқ. Тоқаевтың идеология саласын Абаевқа сеніп тапсырғаны да содан. Оның үстіне Абаев Тұңғыш президентпен де жақсы байланыста.

Оның орнына келген Аида Балаева Алматы мен Нұр-Сұлтан әкімдігінде жұмыс істеп, тәжірибе жинаған білікті маман. Президент әкімшілігінде істеп ысылды, Тоқаев билікке келгеннен кейін халықтың арыз-шағымын қабылдайтын бөлімге жетекшілік етті. Тәжірибелі, жұртпен тіл-табыса біледі, халықтан қашпайды.

Түптеп келгенде бұл тағайындаудың барлығы Тоқаевтың позициясын күшейте түседі. Назарбаевтың тұсында өзін жақсы қырынан көрсеткен кадрлар Тоқаевтың командасына оңай сіңісіп кетті.

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x