Құрыш қалай шынықты

Dalanews 12 мам. 2015 02:06 499

01Н. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» атты әйгілі романы бір кездері тұтас буынның, барша халықтың сүйіп оқитын еңбегіне айналды. Қат-қабат қиындықтармен бетпе-бет келген Павел Корчагиннің бейнесін бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін, алайда ХХ ғасырдың белортасында дүние есігін ашып, Кеңестік кезеңнің дәуірлеген, еңбек пен бейнеттің ащы-тұщысын көрген ұрпақ шығарманың жүлгесімен әбден таныс. Олар осы шығарманың өн бойындағы еңбекшіл рухты, тынымсыз тіршілікті, ең бастысы болашаққа айрықша мақсат қоя білу қажеттігін көңілге түйіп, талпынумен, тынымсыз ізденумен өскен буын. Солардың бірі һәм бірегейі – Қырымбек Көшербаев.

Ақмешіт... ұшқан ұя

Қызылорда, Ақмешіт – ұлт ұйтқысы, ұйық мекен. Сыр өңірі – әлімсақтан Алаш баласының алтын бесігі. Оған Қорқыттан қалған қобыздың үні, қазақ көкірегінен үзілмеген Оғыздың жыры куә-дүр. Басынан талай қиын кезеңдер өтсе де, бұл өлке ұлттың жүгін арқалап, мұң-шерін көтерген ардақтыларды қойнауынан түлетіп келеді. Сыр бойындағы сансыз ескі шаһарлар – ию-қию тарихымыздың көнекөз шежіресі іспетті, атадан балаға дарыған рухани дәстүр – таза қазақы ғұрып-салт әлі үзілген жоқ. «Құрыш қалай шынықтыны» оқып өскен ұрпақтың ішінде ділі мен дінін берік сақтаған, тілінен ажырамаған, уызына жарыған ұлттық интеллигенцияның негізгі қосынының едәуір бөлігі осы аймақтың тумалары.

Сүлейлер әлемі. Олардың жыры мен күйіне құлақ құрышын қандырып өскен ұрпақ өз жолын адаспай табады. Көшербай әулетінің жарты ғасырдан астам уақыттан бері жиі ауызға алынатыны содан болса керек.

Әулет... еңбекшілер династиясы

Біздің кейіпкеріміз – Қызылорда облысының әкімі, еңбек жолын Қызылорда қаласында құрылысшы, инженер боп бастаған, облыстық, республикалық комсомолда белсенді ұйымдастырушы болған, Тәуелсіздік туын көтерген жылдан бастап мемлекеттік қызметте әртүрлі жауапты қызметті ойдағыдай атқарған Қырымбек Көшербаев. Егер кімде кім оның еңбек жолына үңілсе, Президент Назарбаевтың сенім артар серігінің бірі осы Көшербаев екенін аңғарады. Бұған ол атқарған жемісті істері куә. Ол саясатқа, атқарушы билікке бірден араласқан жоқ, ысылды, шынықты. Ақ алақан, кеңседе есейген бүгінгі көп шендіден оның ерекшелігі де сол.

[caption id="attachment_10532" align="alignleft" width="300"]Кырымбек Қырымбек Көшербаевтың жас кезі[/caption]

Оның балалық шағы ауылда өтті. Қызылордалықтарға Көшербай отбасы әбден таныс. Тіпті, кезінде бүкіл Республика бұл отбасының атағына қанық болды. Себебі, Көшербай әулетін қызылордалықтар «Еңбекшілер династиясы» деп тектен тек атаған жоқ. Еңбек ардагері, Социалистік Еңбек ері, колхоздастыру жылдарында аймақтағы жетекші адамдардың бірі болған Көшербай Дәрібаев туралы кезінде баспасөз жиі жазатын. Әкесі Елеу Көшербайұлы болса, аймақтың дамуы мен көркеюіне айрықша үлес қосқан қайраткерлердің бірі. Ол Қазалы, Сырдария, Тереңөзек, Қармақшы, Қазалы аудандарында партия комитетінің 2-хатшысы, төрағасы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. Халқына қалтқысыз қызмет еткен Елеу Көшербайұлы әр жылдары үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Бұдан өзге де сый-сияпат, марапат жеткілікті.

Біз осы аздаған мәліметтерден-ақ Қырымбек Елеуұлының жастайынан еңбекке жақын өскендігін біле аламыз. Отбасы өнегесі – тұлға кемелдігі. «Ұяда нені көрсе – ұшқанда соны алады»... Халық – дана.

Еңбек... және жауапкершілік

Қырымбек Көшербаевтың жұмыс тәртібін білетіндер оның әрдайым екі мәселеге қатты назар аударатынын айтады: еңбек және жауапкершілік.

1351746342_kusherbaevКейбір деректер Президенттің Көшербаевты жұмысы көп, жауапкершілігі жоғары орындарға жіберетіндігін айтады. Себебі, ол халықтың көкірегіндегі сауалға тайсалмай жауап беріп, қызметке белшеше кірісетін атқамінерлердің алдыңғы шебінде жүреді.

Ол Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының Мәдениет және ұлтаралық қатынастар референтурасының референті, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің көмекшісі болды әуелі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Бұл жылдар мәдениет пен ұлтаралық қатынастардың ширығулы сәті. Елдің әр түкпірінде әртүрлі сыпсың сөз, айғай-шу, айтыс-тартыс жүріп жатты. Соны реттеу, қызуын басу Қырымбек секілді мамандарға жүктелген. Шүкір, бұл салада талай елге үлгіміз. Оның ұлтаралық қатынастың мектебінен алған тәжірибесі кейінгі қызметтеріне септесті деуге болады.

1994-1995 жылдар Алматы қаласы Калинин ауданының әкімі болды. Бұдан соң Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Аппараты басшысының орынбасары – ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі; Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары – аумақтық даму бөлімінің меңгерушісі; Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы – Баспасөз қызметінің жетекшісі болды. Әр қызмет – табанды еңбекті, жауапкершілікті талап етеді. Көшербаевтың көшелі жұмыстарының тағаны осы жылдары қаланды.

Білім... компьютер "жыры"

Ал ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрі (1997-99), ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрі (1999), ҚР Білім және ғылым министрі (1999-2000) болған кезеңдегі саладағы бетбұрыс істер, заманауи өзгерістер көптің көңілінде. Осы кездері білім мен денсаулық саласында технологиялық үдерістер іске қосылды. Сол жылдары білім ошақтарын компьютерлендіру қолға алынғанда, мысқылдағандар да, бұған әлі дайын емеспіз деп кері тартқандар да аз болған жоқ. Көшербаев замани жаңалыққа ілеспеу – көштен қалу екенін батыл айтып, өз бастамасын табандылықпен қорғады. Сол шешімнің жемісін бүгінгі ұрпақ көріп отыр. Қазір еліміз мектептерді компьютерлендіру жұмысы бойынша әлемдегі 50 елдің ішіне енген. «Адамның адамшылығын істі қалай аяқтағанынан емес, бастағанынан біл» деген Абай тұжырымының астарын ұғатын жандар үшін Елеуұлының бұл елеулі ісі түсінікті әрі дер уақытында қолға алынған іс. Сондай-ақ, білім мен денсаулық сақтау саласында ұлттық кадрлардың көбейіп, негізгі маңызды мекемелерді өз қолымызға алғанымыз Көшербаев министр болған кезде қолға алынғанын ұмытпаған абзал. «Қазақтар мұндай айрықша маңызды орындарды басқара алмайды» дегендерге министр Көшербаев: «Онда Сіз де басқара алмайсыз» депті деген аңыз бар...

Орал... өзгерген өңір

Қырымбек Көшербаев 2000-2003 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысының әкімі болды. Ресейдің бірнеше губерниясымен шектесетін бұл өлке қай тұрғыдан алсаңыз да өте маңызды аймақ саналады. Ақжайық елі Көшербаев десе, нағыз еңбек сүйгіш, халыққа етене жақын басшы деп, сағына еске алады. Ол кезде бұл аймақтағы саяси ахуал аса күрделі еді. Өктем сөйлеуді әдетке айналдырған кейбір ұлыс өкілдері Қырымбек Көшербаевтың жұмысына едәуір кедергі келтіріп, аяғына тұсау болғанын біраз жұрт білетін болса керек. Облыстық мәслихат өкілдері әкімнің бастамаларын қолдамай, кежегелері кері тартқанда, айтқанынан қайтпаған әкім оларды таратып жібергенін жергілікті тұрғындар ризалықпен еске алады. Бұл істің басы еді. Орал сол жылдары құлпырып сала берді. Өңір өзгерді. Газ құбырлары тартылып, су мен жолдың, логистиканың мәселесі оңды шешілді. Оралдықтар Қырымбек Көшербаевтың бірнеше жылдық еңбегін әлі ұмыта қойған жоқ...

Маңғыстау облысын басқарған жылдардағы игі істер өз алдына. Оны ұмытқысы келгендер Көшербаев десе, Жаңаөзендегі оқиғаны еске алады. Жаңаөзен жарасы сыздамай тұрып, ел Үкіметі мен алпауыт компанияларға еңбек дауын шешуді талай мәрте айтқанын кейіннен білдік. Егер сол бір қайғылы оқиға демесеңіз, Республика бойынша мұнайлы өлкенің даму қарқыны көшбасында болғаны статистикалық мәліметтерден белгілі.

Арал... көздің жасы еді

«Қызылорда облысының әкімі Арал теңізінің солтүстік бөлігінің суы қайта молая бастағанын мәлімдеді». Ресми ақпарат осы тақылеттес ақпарды таратқан кезде, біздің көкірегімізді әлдебір қуаныш сезімі биледі. Аралдың тағдыры – Алаштың тағдыры. Сонау Кеңес кезеңінен халықаралық түйткілге, экологиялық айрықша мәселеге айналған Арал қасіреті талай көсемдер мен шешендерді сайратса да, халықаралық қор құрып, конференциялар өткізіп, талай сөз шығындаса да, беті бері қарамаған болатын. Қырымбек Елеуұлы әкім болған аз жылдың ішінде Аралдың кенезесіне су барып, арнасы толығып, балықшылары жұмысқа кірісіп, абыр-сабыр боп жатыр деген жылы сөз тарауда. Қуанарлық жайт. Бұрынғы Аралды түгел толтыру мүмкін емес арман шығар, бәлкім... Бірақ, бұл жұмысты тоқтатпау керек. Арал бізге, біз Аралға керекпіз...

03Қызылорда... қайта түлеу

Қырымбек Көшербаев Қызылордаға әкім болғалы небәрі екі жарым жылдай уақыт өтті. 90 пайыздан астамын негізгі ұлт құрайтын өлке бұрындары кез келген сала бойынша көш соңында жүретін. Елеуұлы әкім болған соң бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде 14 облыстың көшбасшысына айналды. Халықаралық әуежайдың жаңаруы, денсаулық сақтау саласының жақсаруы, Қызылорда қаласының қайта түлеуі, Республикалық маңызды жолдардың жасалып, облыстық тасжолдардың күрделі жөндеуден өтуі, ауылшаруашылығының жанданып, коммуникация, бизнес саласының дамуы – бүгінгі Қызылорданың бет-бейнесі. Үнемі соңғы саптан көз ашпаған, экологиялық проблемасы айта-айта ескірген Сыр елі қазір топ бастап тұр. Бұған жұмыссыздықтың азайып, өндірістің жолға қойылғанын қоссаңыз, іскер басшының ілкімді істеріне сүйінбей тұра алмайсыз.

Сырдағы жаңалықтарға елеңдейтін топ бар қазір. Қырымбек Көшербаев көш бастап келеді. Бұл Ақмешіттің хал-ахуалы жылдан жылға жақсарады деген сөз.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ.




[caption id="attachment_10534" align="alignleft" width="178"]image description Р. Әбсаттаров[/caption]

Раушанбек ӘБСАТТАРОВ, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі:

– Қырымбек Көшербаевты жас кезінен білемін. Ол талантты, өз елін сүйетін еңбекқор азамат. Ол зиялы отбасынан шыққан. Тегіне тартқандықтан болар, оның әрбір ісінен ұждандылық, шынайылық білініп тұрады. Кез келген қызметті адалдықпен, іскерлікпен, парасаттылықпен атқарады.

БҚО, Маңғыстау облыстарын басқарғанда сол өңірлердің даму деңгейі көпшілікті сүйсінтті. Қызылордаға әкім болып келгенінде мен өте қуандым. Себебі, Қырымбек Көшербаев Сыр елінің барлық жағдайымен бала кезінен таныс. Қазірдің өзінде облыста ауқымды шаруалар атқарылып, Республика бойынша алдыңғы орынға шықты. Бұдан да биік нәтижелерге жетеріне сенімдімін. Қырымбек Көшербаев ғылым саласында да орны бар ғалым. Сондықтан әрбір мәселеге ғылыми тұрғыдан, теориялық негізбен мән береді. Кез келген мәселені шешерде оның жүйесін, ретін таба біледі. Жетекшілік қабілетке ие, ұйымдастыруға әбжіл, айналасына қамқор оны қазақ халқының мақтанышы деп білемін.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x