Қазақтың Надеждасы 80 жасқа болды

Dalanews 23 қар. 2020 08:03 161

Қазақтың қара сөзінің мәйегін бойына жинаған белгілі айтыскер ақын Надежда Лушникова апайымыз 80 жастың сеңгіріне шығып, ел-жұртын қуанытты. Айтыс өнерінде Сүйімбай мен Жамбылдың ізбасары саналған ақтангер ақын ақын Кеңес өкіметі тұсында айтыс өнерінің көсегесін көгертіп, ұлттық өнеріміздің жандандырған от ауызды, орақ тілді ақындардың бірі. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблесы Алматы облыстық филиалының белсенді мүшесі ретінде еліміздегі ұлтаралық татулықтың өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.

Ақиық ақынды мерейтой иесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құттықтау хатын жолдады. Сонымен бірге, Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли ақынның үйіне барып, оған облыс әкімі Амандық Баталовтың мерейлі жасқа толуымен арнайы құттықтауын және облыстық мәслихаттың 2020 жылдың 21 қарашасындағы №62-331 шешімімен берілген «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын тапсырды.

Ақынның Ұзынағаш ауылы, Кенен Әзірбаев көшесіндегі шаңырағына, сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын тапсырды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерін арнайы құттықтауында былай делінген:

«Құрметті Надежда Андреевна! Сізді мәртебелі мерейтойыңызбен құттықтаймын! Халқымыз өзіңізді айтыс өнерін дамытуға мол үлес қосып келе жатқан айтулы ақын, ұзақ жылдар бойы білім беру саласында қажырлы қызмет атқарған ұлағатты ұстаз ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау, достық пен сыйластық жағдайында бақытты өмір сүру, сол арқылы өркениетті мемлекет қалыптастыру бағытында жалынды жырларыңызбен жеткізген тілектеріңіз Қазақстанның әрбір азаматының жүрек төрінен орын алады деп есептеймін. Өнегелі өмір жолыңызда ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп келесіз. Ел жастарының бойына адами асыл қасиеттер мен отансүйгіштік рухын сіңіру туралы ізгі бастамаларыңыз әрдайым қолдау таба берсін. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс және отбасыңызға амандық пен құт-береке тілеймін».

Облыс басшысының құттықтауында: «Жас шағыңызда Сыр өңірінен басталған ізденіс жолы туған өлкеңіз Жетісу жерінде одан әрі толысып, сізді өмірдің де, өнердің де үлкен баспалдақтарына бастады. Тұтас өміріңіз қазақ өнерімен біте қайнасты. Жастайыңыздан ойы ұшқыр, жүрегі жалын, сөз құдіретін өз құдіретім деп білетін ерек қасиетіңізбен дараландыңыз. Айтыстың хас дүлдүлдері Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі бабалардың салған сара жолын жалғап, сөз өнерінің туын көтердіңіз. Журналистика, мәдениет салаларында атқарған еңбегіңіз бір төбе. Елжанды пейіліңіз, дархан ниетіңіз, туған елдің тілі мен дәстүріне деген құрметіңіз сізді қазақ үшін тілегі бір, жүрегі бір асыл адамға, аяулы келінге, абзал анаға, ардақты ақынға айналдырды. Өзіңіздей ақылы кенен, парасаты терең аңыз адамның бүгінде арамызда жүргені, Жетісу өлкесінің азаматы болғаны – біз үшін зор мәртебе. Сіздің мағыналы да байсалды өмір тәжірибеңіз – кейінгі буын өкілдеріне, тәуелсіз еліміздің жастарына өнеге боларлық тағылымды жол. Ұлағатты ұрпақтарыңызбен мың жасаңыз. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыңызға құт-береке тілеймін! Тойыңыз тойға ұлассын!» - делінген.

Ақын, сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан да Алғыс хаттар алды. Ақынын аудан әкімі Бағдат Әлиев жамбылдықтар атынан құттықтап, сый-сияпат жасады.

Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылында туған. Қазақ арасында тәрбиеленіп, қазақша оқып, білім алған. 1961 жылы М.Мәметова атындағы педучилищені (Қызылорда), 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты филология факультетінің қазақ бөлімін бітірді. Өлеңді жазып та, суырып та шығарады. 1963 жылы Қызылордадағы облыстық айтысқа қатысып, жүлдегер болды. Шымкенттік Қалдыбек Әліқұловпен айтысы киноға түсірілді («Айтыс», режиссері Т.Дүйсебаев). Жамбыл аудандық (1965, 1978), Алматы облыстық (1977, 1979) айтыстарына қатысып, әріптестерін жеңді. 1963–1985 жылдары газетте әдеби қызметкер, баспа редакторы, мектепте мұғалім болған. 1985 жылдан Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі Кәрібаев мұражайының директоры. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x