Түркістан өңірінде ІТ сыныптардың саны артып келеді

Dalanews 04 желт. 2018 10:01 209

Бұған дәлел ОҚМПУ қабырғасында 80 балаға шақталған сыныптар ашылып, алғашқы оқушыларды қабылдады.



Салтанатты шараға педагогтар қауымы, білім басқармасының басшылығы, «Нұр Отан» партиясы және жергілікті биліктің өкілдері арнайы келіп, заманауи сандық жүйенің жаңа жобасымен танысты.

«Бұл сыныптың ашылатынын естігенде, қуанып кеттім. Бірінші болып жазылуға асықтым. Қазір сыныпқа келіп, роботтарды құрастырып үйренудемін. Өте қызықты екен. Сосын анимация саласын да меңгеріп, мультихикаяларды өзім жасағым келеді. Алда 3 ай демалыс бар, уақытымды тиімді өткізіп, шетелдік өнертапқыштар секілді жарыстарға барып, жеңіске жетуді көздеймін. Ғалым болып, еліме еңбегім сіңеді деген арманым да бар», — дейді С.Ерубаев атындағы №24 мектептің 7-сынып оқушысы Ақерке Бақберген.

Бұл сыныптар жаңа технологияға қызыққан 8-16 жас аралығындағы кез келген шәкіртті қабылдайды. Әзірге мұндағы 6 IT кабинет 80 балаға шақталып отыр. Және оқу бағдарламасына оқушылардың қызығушылығы еселеніп, саланы етене меңгеруі үшін педагогтар да ерекше әдісті қолдануға көшіпті.

Университет басшылығының айтуынша, оқушылар үшін мұнда оқу бағдарламасы — тегін. Мерзімі — 3 айға ұласады. Сапалы білім беру мақсатында заманауи соңғы техникалармен де жасақталып отыр. Және бұл үшін оқу орны жеке қорынан қомақты қаржы бөлген.

Рауан Бегалиева, ОҚМПУ ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры: «Оқу уақыты балалардың сабақтан тыс кезінде жүргізіледі. Және сенбі күні де арнайы сағаттар бар. Сенбілік түскі ас балаларға біздің оқу орнымыздың тарапынан тегін қарастырылып отыр. Сонымен қатар, сыныптардағы техника жасақтары әлемдегі соңғы үлгілері деп айта аламын. Ал дәріс беруші педагогтар осы университеттің білікті аға оқытушылары, барлығы да арнайы сертификат алған мамандар».

Облыстық білім басқармасы мамандарының мәліметінше, жыл соңына дейін 4500 бала, ал алдағы жылы 9000 бала IT саласын меңгеріп, білімін жетілдіреді. Және 2019 жылы күнгейде тағы 8 100 оқушыны қамтитын 30 IT сыныптың ашылуы да жоспарланып қойыпты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x