Сарығаштың ауыл шаруашылығы әлеуеті сараланды

Dalanews 22 қаз. 2018 15:15 166

Түркістан облысының, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т.Оспанов Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы 9 айдың қорытындысымен атқарылған жұмыстардың барысы және саладағы өзекті мәселелер туралы жиналыс өткізді.

Жиында аудандағы егістік жер көлемінің игерілуі, ауыл шаруашылығы дақылдарын статистикалық мәліметке енгізу, ауыл шаруашылығы дақылдары және гектар түсімділігі, күзгі жер айдау мен күзгі егістің барысы,  егістік жерлерді электронды картаға енгізу мәселелері талқыланды.

Басқосуға Сарағаш ауданына қарасты қала, кент және ауылдық округтерінің әкімдері, статистика басқармасының қызметкерлері, ауыл шаруашылығы мамандары мен бөлім басшылар қатысқанын айта кетуіміз  керек.

Ауыл шаруашылығы Сарыағаш ауданында ерекше дамыған. Бұл ретте ауданның жылжайлары республикаға танымал десек артық айтқандық болмас еді. Өйткені еліміздегі жылыжайлардың 75 пайызы Түркістан облысында орналасқан болса, оның ішінде Сарыағаш ауданын – Оңтүстіктің жылыжай отаны деуге болады. Олай деп айтуымыздың себебі де бар, өйткені облыстағы жылыжайлардың  50 пайызы осы ауданға тиесілі. Сондықтан сарыағаштық шаруалардың бұл бағыттағы жұмысын ел аумағында жер емген шаруаларға үлгі-өнеге ретінде көрсетуге болады.

Осы ретте ауданда жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша шеберлік сабақтары өтіп тұратынын да айта кетуіміз керек. Онда мамандар жабық топырақта қызанақ, қияр, бақша өнімдерін қалай молынан алуға болатынын және жылыжайды қалай салуды, материал, тұқым, тыңайтқыштар таңдағанда не нәрсеге назар аудару қажеттігін үйретеді.

Бұрындары жоғары технологиялар қолданылған жылыжайлар шетелде ғана болатын. Ал қазір Сарыағашта да бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Түркістан облысының диқандарына бүкіл Қазақстанды жеміс-жидек пен көкөніспен толық қамту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаруаларға түрлі жеңілдіктер жасалып жатыр. Нәтижесінде бұрын шетелден тасымалданатын жемістер мен көкөністер өзімізде шығарылуда. Сондықтан осы бағытта жұмысты күшейтудің маңызы зор.

 

«Dalanews» ақпарат

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x