М.Тайжан «Прогрессивтiк жер салығын енгiзiп, қаражатты зейнетақы қорына салу керек»

Dalanews 18 мау. 2016 04:23 456

Жер реформасы жөнiндегi комиссияның құқықтық тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан прогрессивтiк салық енгiзудi ұсынды. Және бұл қаражатты бюджетке салмай, зейнетақы қорына аудару керек. Бұл ойын ол Алматы облысында өтiп жатқан жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысында айтты, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

«Күнде жермен айналысатын азаматтармен кездесiп жүрмiн. Нәтижесiнде мынадай қорытындыға келдiм –  жердi реттеп алмай, жеке меншiкке жол жоқ. Бiз қазір қазақстандықтарға да жердi жеке меншiкке бермеуiмiз керек. Өйткенi, жер мәселесi өте күрделi. Мысалы, жайылым жер мәселесi бар. Халық жайылым жер ешкiмге жалға да берiлмесiн деп отыр. Бұл жерлер тек мемлекеттiң қарауында болу қажет», – дейдi Мұхтар Тайжан.

Сондай-ақ, комиссия мүшесiнiң айтуынша, субарендаға тыйым салған жөн. Өйткенi, алған жерiмен айналыспай, оны субарендаға берiп қойып, пайда тауып отырған азаматтар бар.+

«Азаматтардан бiр жақсы ұсыныс түстi, ол – прогрессивтiк жер салығын енгiзу. Бұл латифундистерге қарсы нақты қадам. Әр облыста норма болуы керек, егер осы нормадан екi, үш есе көп жер бiр қолда болса, онда салық екi есе, үш есе көп болсын», – деп жеткiздi М.Тайжан.

Және бастысы, бұл ақшаны бюджетке салмай, зейнетақы қорына аудару керек.

«Қаражатты зейнетақы қорына ИНН арқылы әр азаматқа ай сайын құюға болады. Инфляцияға зиян болмайды. Азаматтар оны ай сайын пайдаланбайды, бiрақ жерден пайда көрiп отырады», – дейдi ол.

Айымгүл ӘБІЛЕВА

 

Дереккөзі: BNews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x