Күркетауық еті – денсаулыққа пайдалы

Dalanews 26 қыр. 2015 02:58 331

 Бүгінде елімізде құс шаруашылығы біртіндеп дамып келеді. Кезінде облысты былай қойғанда кейбір аудан орталықтарында ірі құс фермалары жұмыс істеп, халықты құс етімен, жұмыртқамен қамтамасыз еткені есімізде. Қазіргі таңда тауық фермалары әр жерден ашылуда. Ал күркетауық өсіру ісі – әлі де болса ақсап тұрғаны жасырын емес. Осы ретте күректауық өсіру ісіне бет бұрып, адал еңбегімен табыс тауып отырған Тараз қаласының тұрғыны, кәсіпкер Мұрат Болтаевпен әңгімелесіп, бұл бағыттағы түйінді мәселелерді талқылаудың сәті түсті. 

 

– Мұрат мырза, күркетауық өсіру қаншалықты пайдалы кәсіп көзі болып саналады? Еліміз бойынша бұл бағытта қолға алынған жұмыстарға көңіліңіз тола ма?

– Күркетауық, яғни, үндік өсіру – өте тиімді, табысты кәсіп. Бірақ кез келген істің өзіндік қиындықтары болатын сияқты күркетауық өсірудің де өзіндік ерекшеліктері болады. Қазіргі таңда Қазақстанда күркетауық өсіру ісі – өз деңгейінде дамып жатыр деп айта алмаймын. Мұның әртүрлі себептері бар. Жалпы, көпшілігіміз үшін бұл кәсіп таңсық іс болып көрінуі мүмкін. Меніңше, бұл кәсіпті халық арасында кеңінен насихаттап, мемлекеттік қолдау көрсетудің маңызы зор деп есептеймін. Күркетауықтың еті дәмді, жұмсақ, әрі құрамында холестерин мөлшері өте төмен. Сол сияқты күркетауықтар да кәдуілгі тауықтар сықылды мамық пен қауырсын бере алады. Бұл құстар ақылды, адамдарға тез үйреніп кетеді. Жем талғамайды және жаз мезгілінде көбіне жайылымда болады.

Мурат (3)– Қазіргі таңда қолыңызда қанша күркетауық бар?
аласында тұратын Майдан Құсайынов есімді ұлтжанды азаматтың қала сыртындағы жерін жалға алып, 700-дей күркетауықты өсіріп жатқан жайым бар. Бұған дейін үй жануарларын алақандай жабық қорада қолдан жемдеп өсірген едім. Енді Майдан бауырымыздың арқасында күркетауықтар жайылымға шығып, тез жетіліп жатыр. Осы ретте бұл кәсіптің мәні мен маңызын түсініп, маған қолұшын берген М.Құсайыновқа алғыс айтамын. Алдағы уақытта күркетауықтардың санын 5 мыңға дейін жеткізсем деген ойым бар. Бірақ ол үшін ең алдымен 5 гектардай жер мен қора қажет. Егер мемлекет жер телімін берсе, қораны өзім салып алар едім.


– Қазіргі таңда кәсіпкерлікпен айналысқан адамдарға жергілікті билік орындары жер телімдерін беріп, қолдау көрсетіп жатыр ғой. Әкім-қаралардан қажетті жер телімін сұрамадыңыз ба?

– Сұрадым. Осындан біршама уақыт бұрын қазіргі әкім Нұржан Календеровтың алдында қаланы басқарған әкімге хат жазып, күркетауық өсіру үшін жер телімін сұрадым. Бірақ әкімдік қызметкерлері мұндай шаруашылық мақсаттағы жерлер қала аумағынан тысқары жатуы тиіс екенін айтып, жер телімін бере алмайтындарын хабарлаған болатын. Иә, мұндай шаруашылықтардың қала сыртында болуы керек екенін түсінемін. Егер мұндай шағын шаруашылықтарды қала маңында ұйымдастырсақ, оның етін тез арада сатуға болады. Бұдан басқа күркетауыққа қажетті дәнді-дақылдар мен азықтардың бәрін күнделікті қала ішіндегі базарлардан тасымалдаймыз. Егер мұндай шаруашылықты қала сыртында салсақ, ет пен қажетті азықтарды тасымалдап, көп шығынға бататынымыз анық. Әзірше қала басшылары осы жағын түсініңкіремей тұр. Әйтпесе, Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев мырза шақырып, аудан аумағынан қажетті жер телімін беретінін айтқан болатын. Қазіргі таңда ірі қалалардың маңайында азық-түлік белдеулері құрылып жатыр ғой. Меніңше, осы іс-тәжірибені Тараз қаласының маңында да қолға алу керек деп есептеймін. Мұндай жағдайда біз сияқты фермелердің жұмыс істеуіне мүмкіндік туар еді.

– Ал ауылшаруашылығы тарапынан көмекқаржы алып жатырсыз ба?

–  Бүгінде мемлекетіміз ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне көмекқаржы, яғни, субсидия беріп жатыр. Бірақ мұны шаруалардың бәрі алып жатқан жоқ. Айталық, үй іргесінде, біреудің жерін жалға алған шағын шаруашылықтар мұндай көмекқаржыны ала алмайды. Өйткені субсидия алуға ниеттенген кез келген шаруашылықтың басыбайлы жер телімі болуы шарт. Өзіміздің жеріміз болмаған соң, мемлекеттік көмекқаржыға да қол жеткізе алмай отырған жайымыз бар. Меніңше, шаруаларға субсидия беруді реттейтін заң нормаларына бірқатар өзгерістер енгізу керек. Қазіргі таңда он соттық жердне біраз өнім алып, халықты сапалы азық-түлікпен қамтуға үлес қосып отырған шаруалар бар. Егер субсидия беру ісін жеңілдетсе, шаруаларға үлкен қолдау болар еді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпы еңбек қоғамына 20 қадам» бағдарламасы шеңберінде көпшілік қауым үшін осындай таңсық кәсіптерді мемлекеттік телеарналар насихаттап, жарнамасын жасаса жақсы болар еді. Бүгінде олар күндіз-түні шоубағдарламаларды насихаттап, жастарымызды желөкпе қылып жатыр ғой. Егер еңбекке баулитын бағдарламалар ұйымдастырса, жастарымыз қандайда бір кәсіптің көзін тауып, дұрыс жолға түсер еді. Осы жайттарды сарапқа салғанымда ауылшаруашылығы еңбеккерлерін мемлекет қажетті жермен қамтамасыз етіп, субсидиялардың қолжетімділігін арттырып және ақпараттық тұрғыдан халық арасында насихатын арттырудың мәні зор деп есептеймін.

Мурат (2)

– Мұрат мырза, енді күркетауық өсіру мәселесіне қайта оралсақ. Сіздер үй құстарын еті үшін өндіріп жатырсыздар ма?

– Әзірше күркетауықтың етін ғана нарыққа шығарып жатырмыз. Ал оның мамығы мен қауырсындары рәсуа болып, шашылып жатыр. Өзге елдерде күркетауықтың мамығын түрлі төсеніштер жасауға кеңінен қолданатыны белгілі. Ал бізде құстардың мамығы мен қауырсындарын пайдаланатын жеңіл өнеркәсіп саласы ақсап тұрғаны өздеріңізге мәлім. Сондықтан біз күркетауықтарды еті үшін өсірудеміз. Қазіргі таңда қарапайым халық сонау АҚШ-тан келетін сапасы күмәнді құс өнімдерін тұтынудан гөрі, өзіміздің өнімді пайдаланудың мәні зор екенін түсініп келеді. Мұздатылған тауықтың тек жартысы мұз, яғни су екені белгілі. Суға ақша төлеп, бөтен елдің экономикасын өркендетіп не табамыз. Одан да өзіміздің отандық сапалы өнімдерді тұтынудың мәні зор екенін халық түсініп келеді. Дамыған Еуропа елдерінде күркетауық еті профилактикалық ас ретінде қолданады. Өйткені күркетауық етінің адам денсаулығына пайдасы зор. Күркетауық еті түрлі онкологиялық аурулардың алдын алып, туберкулез және радиация аймағында тұратын халық үшін таптырмайтын азық болып саналады.

– Ал күркетауық етінің нарықтағы бағасы қанша?

– Бүгінде құс етінің бір келісін 1200 теңгеден базарға өткіземіз. Саудагерлер оны 1600 теңгеге дейін саудалайды. Ет бағасын түсіру үшін шағын шаруаларға мемлекет тарапынан жоғарыда айтқандай қолдаулар көрсетілсе, өнімнің бағасын төмендетуге болады.

– Жалпы, күркетауықты қалай бабын тауып, бағуға болады. Сол жайында аз-кем айта кетсеңіз?

–  Күркетауықты өзге үй құстарынан бөлек ұстаған жөн. Орналастыру тығыздығын да дұрыс есептеу қажет. 1 шаршы метрге екі үлкен күркетауықтан артық болмайды. Жас балапандарын үлкендерінен бөлек ұстаған жөн. Үндіктер аязға, әсіресе, жел мен сызға төзімсіз болғандықтан, қора мықты қабырғалардан тұрғызылуы тиіс. Осы құстардың салмағын арттыру үшін ақуызды тағамдар көбірек қажет. Қыс мезгілінде 3 рет, көктем айларында 4-5 рет жемдеген дұрыс. Тамақтану рационында дәнді-дақылдар әр тауыққа 250-300 грамнан келеді. Қорда тұратын күркетауықтарға картоп, қызылша, орамжапырақ, асқабақ, әртүрлі көк жемдер мен сүрленген шөптер беру керек. Егер құс жайылымда болса, әртүрлі көк шөптерді, жәндіктерді өзі тауып жейді. Егер жайылымға шығару мүмкін болмаса, арнайы алаңдар жасап, жем беру ақырларымен, суару науаларымен, көлеңке қалқаларымен жабдықтап, алаңға шөп шашып қояды. Қыста сыртқа шығаратын алаңды қардан тазартып, сабан төсеп, уыс-уыс жем шашады. Жемді құстар үнемі қозғалыста болсын деп уыстап шашады. Егер, сыртқы температура 10 градустан төмен болса, оларды сыртқа шығаруға болмайды.

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН.

 




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x