Гаухар БУРАШЕВА: «Өз дәрімізді өгейсіп жүрміз»

Dalanews 09 сәу. 2015 20:30 371

Әлемдік ғылыммен ықпалдаса даму негізінде ғалымдарымыз шетелдік ғылыми журналдарға өз жаңалықтары мен ғылыми ашылуларын жариялап жүр. Бұл әлемнің дамыған елдерінде әлдеқашан дұрыс жолға қойылған, дегенмен біздің еліміздің ғалымдары да қол қусырып қарап отырған жоқ. Осындай ізденімпаз ғалым, химия ғылымдарының докторы, жаңашыл профессордың бірі – Гаухар Бурашева. Ол – 300-ден астам мақала, 90 тезис, 30-дан астам инновациялық патент, 1 монографияның және 2 оқу құралының авторы, 5 фармацевтикалық препарат иесі.

 

– Ғылымда қалай жетістікке жетуге болады?

Қай салада болсын жетістікке жету үшін қажырлы еңбек пен білім қажет. Өз ісіңе деген махаббат әрқандай қиындықты жеңуге көмектеседі. Мен сонау 70-жылдардың басында бүгінгі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің химия және химиялық технологиялар факультетін тәмамдап, аспирант атандым. Әрбір ғалым өтуі тиіс ғылыми сатыларынан – атап айтқанда, аға лаборанттан профессор дәрежесіне дейінгі аралықта 40 жылдан аса уақытта жүріп өттім. Десе де, әйел баласы үшін отбасы мен жұмысты қатар алып жүру қиын. Өз ойыңда жүрген идеяларды, ғылыми жаңалықтарды жеткізу, оны жүзеге асыру оңай емес. Бақытыма орай, мен бәріне үлгердім, себебі менің ұстаздарым Б.А.Беремжанов, М.Р.Танашева, Т.К.Шомбалов сынды марғасқа ғалымдар болды.

– Химия саласында бірнеше шөптерді зерттеп, соның ішінде елімізде өсетін жантақтың қырғыздық түрімен айналыстыңыз. Осы жұмыстарыңыз қалай жалғасын тауып жатыр?

Менің ғылыми-зерттеу жұмысымның бір бағыты осы жантақтың қырғыздық түріне бағытталған. 1894 жылы неміс ғалымы Шренк Балқаш өңіріне экспедицияға келген кезде елімізде өсетін ерекше бір өсімдікті көрген. Ол кезде қазақтарды «қырғыз» деп атайтын қате түсініктің салдарынан жантақтың бұл түрі  ALHAGI KIRGISORUM SCHRENK деп аталған. Осы бағыттағы зерттеуімнің нәтижесінде кандидаттық диссертациямды ойдағыдай қорғап шыққан болатынмын. Ал докторлық диссертациямда осы жантақтан шығарылатын дәрілік заттарды өндіріске енгізуге арналды.

Ғылыми-зерттеу жұмыстардың нәтижесінде отандық жантақтың қырғыздық түрінен тұндырынды, 40% – құрғақ экстракт, «Алхидин» деген биологиялық белсенді кешен және оның негізінде шырын, 5-% жақпа май, гепатопротекторлық қасиет көрсететін таблетка алынды. Жантақтың қырғыздық түрінен алынған тұндырынды тамақты шаюға, тамақтағы баспаны алған соң, сол орынды емдеуге бірден-бір ем.

«Алхидин» субстанциясынан алынған жақпа май тері ауруларын (құрғақ экземаны), сонымен қатар, күйікті және кесілген жердің тез жазылуына әсер етеді.  Ал «Алхидин» субстанциясынан алынған таблетка карсил дәрісінен кем түспейтін өт айдаушы, бауыр тазалаушы зат екені белгілі болды. Сондай-ақ, «Алхидин» негізінде хирургия, терапия, гинекология, дерматология, қызыл иек пен ауыз қуысының шырышты қабығының ауруы кезінде және оториноларингология, гастроэнтрология тәжірибесінде ауруларды кешенді емдеу барысында қолдану ұсынылды. Бұдан өзге де пайдалы жақтары көп.

Жантақтан алынған тұнбаға, «Алхидин» субстанциясына, одан алынған жақпа майға, шырынға, таблетка дәрі «Химфарм» АҚ-ы мен бірігіп өндірістік регламенттер жазылды. Бүгінде «Химфарм» поляктардың қолына көшкен. Соның салдарынан барлық жұмыстар тоқтап қалды. 35 жыл бойы бірге жұмыс істеген «Химфармнан» кетсем де, үмітімді үзбедім, ендігі жерде «Роматқа» бет бұрамыз ба деген ойымыз бар.

Белгілі жоба аясында жұмыс жасайсыздар, зерттеу жұмыстарында  туындайтын қиыншылықтар бар ма?

– Зерттеу жұмыстары барысында бір жаңа зат аламыз, бірақ оның құрылысын зерттейтін қондырғылар жоқтың қасы. Егер қондырғылар болса көбірек жұмыс істеуге мүмкіндік туар еді. Мәселен, зерттеу кезінде әуелі болашағы зор шикізатты анықтау қажет. Сонан соң биологиялық белсенді кешен алуымыз керек. Осыдан кейін ғана одан зат аламыз. Оның құрамы мен белсенділігін білу үшін ақылы түрде өзге институттарда зерттеу жасатамыз. 10 сынама алып барсаң, соның біреуі ғана белсенділік көрсетуі мүмкін. Ақшаны активтілік көрсеткен 1 сынамаға емес, зерттелінген 10 сынамаға төлейсің. Нарық заманында бәрі ақшаға келіп тіреледі.
Жантақтан алынған тұнбаға, «Алхидин» субстанциясына, одан алынған жақпа майға, шырынға, таблетка дәрі «Химфарм» АҚ-ы мен бірігіп өндірістік регламенттер жазылды. Бүгінде «Химфарм» поляктардың қолына көшкен. Осылайша барлық жұмыстар тоқтап қалды. 35 жыл бойы бірге жұмыс істеген «Химфармнан» кетсем де, үмітімді үзбедім, ендігі жерде «Роматқа» бет бұрамыз ба деген ойымыз бар.

Сіз шетелдік ЖОО-мен тығыз байланыстасыз. Барған елдеріңіздің ғылым саласына қатысты біз үлгі алатын тәжірибелер бар ма?

– Маған Пәкістанның Карачи қаласындағы химия институтының жұмыс жүйесі ұнады. Мәселен, ғылыми-зерттеумен айналысатын оқу орны 5 қабаттан тұрады, ғимараттың 4-5 қабатында толығымен химиктер жұмыс істейді, өсімдіктерден тұндырынды алып,  оны қоюлатып, фракцияға бөледі, алынған фракцияны тазартады. Үшінші қабатқа бөлінген материалдың белсенділігін анықтауға тапсырады. 10 сынама бердіңіз делік, соның ішінде екеуі ғана белсенділік көрсетсе, қалғандарын кейінге қойып, әлгі 2 сынаманы әрі қарай зерттейсіз. Соның ішінен ең басты негізгі белсенді зат не екенін бөліп, үшінші қабатқа қайта тапсырасың. Ең ұзақ дегенде 15-20 күннің ішінде спектерлер нәтижесін алып, жаңа немесе ескі зат екенін анықтайсыз. Сөйтіп алынған нәтижені кітапханада отырып әдебиеттерден оқып, талдап, зерттейсіз де,  ары қарай жетекшімен бірге талдайсың. Яғни, ғылыммен түбегейлі, терең айналысуға барлық мүмкіншіліктер қарастырылған. Біздің елімізде де мұндай жақсы мүмкіншіліктердің жүзеге асатын күні алыс емес деп білеміз.

Біз дәрілік препараттар шығаруда импортқа тәуелдіміз. Өзімізден шығатын дәрілердің жағдайына көңіліңіз тола ма?

– Бүгінгі күні жыл сайын ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Десе де, фармацевтика саласында бізде айтарлықтай жетістіктер шамалы. Себебі, еліміз дәрілік препараттар шығаруда шетелдік өндірушілерге тәуелді. Нақтырақ айтсақ, елімізде 10 пайыз ғана дәрілер өзімізден шығарылады. Елбасы Н.Назарбаев бұл көрсеткішті 40-50 пайызға көтеруді ұсынды. Бір өкініштісі сол – ауыз толтырып айтатын фармацевтикалық өндірістер қайда? Шетелде шыққан өнімдерді алып келіп, сыртына «Made in Kazakhstan» деп жазып сатады. Біздің кафедрада жасалған бірнеше жаңа дәрілік заттар бар. Сол заттар экономикалық жағынан қолайлы, тиімділігі жоғары болса да, ысырылып қала береді.

Оның үстіне біздегі психологиялық ахуал басқаша. Жобаңа бүгін ақша құйылса, ертең ақшасын сұрайды. Ал жоба жүзеге асып, нәтиже беруі үшін уақыт пен төзім қажет. Бұл ретте де отандық өнімдерге деген халықтың көзқарасын өзгерту керек. Көпшілік адамдар өзімізден шығып жатқан дәрілерге сенімсіздікпен қарайды. Пайдасы аз кейбір шетелдік дәрілерді сапалы санайды, өйткені олардың жарнамасы жер жарады және отандық өнімдердің сапасы төмен деген жалаң түсініктің шеңберінен шыға алмай жатады. Дегенмен біздің мемлекетте де үлкен өзгерістер болады деген үмітім зор.

Арайлым БИМЕНДИЕВА,

«ҰҒТАО» АҚ-ы Қоғаммен байланыс қызметкері.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x