Тоқаев? Ол Зеленский де, Мирзиеев та емес

Dalanews 24 қаң. 2020 09:13 266

Саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстанда саяси өмір Астана мен Алматы арқылы ғана шектеледі деп санайды. Dalanews.kz саясаттанушының Ұлт порталына берген сұхбатын қағазға түсіріп, оқырман назарына ұсынады.

Өңірлердің саяси белсенділігі төмен 


Сарымның пайымынша, өзге өңірлерде саяси өмір жоқ. Сондықтан ол қоғамда көтеріліп жүрген жекелеген округ бойынша бұрынғы бір мандаттық сайлауды қайтару керек деген ұсынысқа түбегейлі қарсы.

– Облыстағы, аудандағы саяси ұйым, айналып келгенде, ақсақалдар кеңесімен одан соң Қазақстан халқы Ассамблеясы деген ұйымның өкілдігімен ғана шектеледі.

Тіпті аудандарда мәслихат сайлауына түсетін үміткерлер жетпей жатады. Мысалы, солтүстік өңірлерде әкімнің орынбасары позициясына адам таппай жатады, конкурс жариялап.

Ал бізге қазір адамдардың саяси белсенділігі қажет. Оны бұрынғы жүйені қайтару арқылы жандандыра алмайсыз.


Егер біздің Қазақстанда 200-дей аудан бар болса, соған елдегі әр партия 10 адамнан шығарсыншы, мәслихаттағы 13-14 депутаттың орнына талас таза бәсекелестік деңгейде өтеді сонда. Партия қатарынан шыққан адам болса, оның әрине, сауаты да, білігі де бар ғой.

Әрине, сайлауға жан-жақтан түскендіктен олар дайындалады. Кем дегенде ауданда қандай мәселе барын, аудан бюджетін де білуі тиіс олар. Республикадан, облыстан қанша ақша бөлініп жатыр, жергілікті жерден қанша салық жиналды, осының бәрінен халықты олар хабардар етеді. Осы жағынан алғанда, бізге саяси партиялық жүйе керек. Демек, оған өзгерістер енгізу қажет, – дейді сарапшы.

Қолымызды кеш сермеп жүрмейік


Ал «Саяси партиялар туралы» заңға өзгеріс енгізіп, оны құру жағы жеңілдейтін болса, саясаттанушының пікірінше, алдағы бір жыл ішінде еліміздің саяси сахнасына 2-3 жаңа партия келе алатындай жағдай бар екен.

– Негізінен, қазіргі саяси ойыншылар 90-жылдардың соңында қалыптасқан жүйеден келе жатқан адамдар.

Одан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Ал осы 20 жыл ішінде қаншама этно-демографиялық өзгеріс өтті, қоғамның табиғаты, қоғамның бағыт-бағдары өзгерді.

Қазір жастардың саны басым. Міне, соларға қолдау жасалуы тиіс, яғни саяси партияларды құруға деген жеңілдікке мүмкіндік болса, осы алдағы бір жылдың ішінде саяси сахнаға жаңа 2-3 партия келе алатындай жағдайдамыз. Қазір нешетүрлі партиялар құрылып жатыр.

Бірақ оның қайсысы саяси сахнадан ойып тұрып орын ала алады, оны мен дөп басып айта алмаймын. Бірақ бұл ретте қоғамда сең қозғалған. Саяси партиялардың көбейгені, олардың саяси сахнаға келгені еліміздегі саяси мәдениетті көтереді.

Ол қазір елім-жерім деген азаматтарды пайдаланбасақ, ертең кеш болуы мүмкін екенін де ескертеді.


– Саяси партия құрамын деген ұйымдар, елдің заңын білеміз, елдің Конституциясын білеміз деген азаматтар, сонымен бірге алға жылжуға дайын адамдар. Оларды ел игілігіне пайдалана алсақ, одан ұтпасақ ұтылмаймыз. Қазір, керісінше, қоғам ішінде бүгінгі жүйені, саяси заңды, Конституцияны мойындамайтын топтар бар. Олар: «Бізге мына заңдарыңның, Конституцияларыңның қажеті жоқ, біз рұқсатсыз митингі өткізе береміз», – дейтін топтар жоқ емес, – дейді ол.

Саясаттанушының пікірінше, қолданыстағы «Саяси партиялар туралы» заңнама партияның табиғатына қайшы. Өйткені ол әбден ескірген, керісінше, бүгінгі партияның дамуына, мұраттарына қайшы болып отыр. Сондықтан сөзсіз, бұл заң өзгеріске ұшырауы тиіс.

– Мүйізі қарағайдай, лицензиясы бар партиялардың көптеген жағдайда облыста жиындарда бір өкілі ғана жүреді.

Ал шын мәнінде, көшеге 10 адам шығаршы десең, оны істей алмайды, ондай адамы да жоқ. Немесе бір дөңгелек үстел құрып жатырмыз өңірде десек, оған қатысатын маманы да, сарапшысы да, тіпті позициясы да жоқ, өкініштісі. Позиция жоқ. Міне, осы дағдының көзін жою үшін де заңға өзгеріс керек.

 Атап айтқанда, біріншіден, партия құрамына қажетті адамның саны қысқаруы қажет. 


Екіншіден, саяси партияны құру тәртібі, меніңше, максимальды түрде жеңілдетілуі тиіс секілді. Бір орынға мың адам жинау деген, меніңше, артық нәрсе. Ол, керісінше, партияны құруға жол бермеу үшін жасалған дүние секілді. Сондықтан қоғамда осы мәселеге қатысты қазір сөзтартыс жүріп жатыр.

Тіпті партияның Парламентке өтуі цензы, яғни бағамына да қатысты. 7 процент жинау керек деген көп, қайта Парламентте көп партия орын алуы үшін оны 3-4 процентке дейін түсіру керек секілді. Мұны бәрі де айтып, осындай өзгерістер болу керектігін түсініп отыр, – дейді ол.

БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізу қажет


Ал саяси партиялар емін-еркін әрекет етіп, өз жұмысын қалтқысыз атқару үшін саясаттанушының пікірінше, БАҚ туралы заңға бірқатар өзгерістер енгізу керек. Ол қолданыстағы БАҚ туралы заң да әбден ескірген деп санайды.

– Біріншіден, баспасөзге еркіндік беретін, екіншіден, мемлекеттік монополияны шектейтін заңнама қажет. Оның ең жақсы үлгісі ретінде марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы дайындаған Қазақстандағы баспасөз бостандығына қатысты дайын заң жобасы бар.

Оның ішінде жақсы принциптер қамтылған. Мәселен, онда қоғамдық теледидар деген мәселе көтеріледі.

Мемлекет қолындағы бүкіл активтерін сатып, өзіне қажет бір газет, бір теледидар, бір радио, бір ақпарат агенттігін қалдыруы керек, қалғанының бәрін бәсекелестік ортаға салуы тиіс.


Яғни баспасөздің олигархтық монополияға айналмасы үшін осындай дүниелер қажет секілді. Одан кейін 99-жылдан бері қарай Интернет деген құбылыс пайда болды. Ол бір жағынан, жақсы мүмкіндік, тағы бір жағынан дәстүрлі баспасөзге қауіп. Өз басым, интернет келді, газет, телерадио өледі дегенге сенбеймін. Әрқайсысының өз орны бар. Осы өзгерістерді дұрыс қамтамасыз ететін де заманауи БАҚ туралы бізге жаңа заң керек.

Айдос Сарым латын әліпбиіне көшу кезінде баспасөзді салықтан босатқан дұрыс болар еді деп санайды.

– Мысалы, қазір Қазақстан үлкен сынақ алдында тұр. Әсіресе, латын қарпіне көшу тұрғысында. Алда өте ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Мүмкін, осы негізде баспасөзді ондаған жылға салықтан босату керек шығар. Бұл да үлкен мәселе. Оны өткен жиында да айттық.

Тоқаев қандай Президент?


Саясаттанушы Қасым-Жомарт Тоқаев қандай Президент деген сауалға да жауап берді.

– Қазіргі қоғам Тоқаевтан әртүрлі нәрсені талап етеді. Бірі «Неге Назарбаев секілді болмайсың», – дейді, тағы бірі керісінше, «Мирзиеев бол да бұрынғы президенттің қызын қудала», – дейді.

Тағы біреуі: «Пашинян сияқты галстукты шешіп көшеде жүр», – дейді. Немесе Сооронбай сияқты бұрынғы президентті қудала деген сияқты талап қойып, одан үміт күтеді. Бірақ мұның бәрі дұрыс емес.


Тоқаевтың аты – Тоқаев. Ол – ешкімге ұқсамайтын жаңа стиль, жаңа бағыт, жаңа бағдар. Ол Зеленский де емес, Сооранбаев та емес, Мирзиеев те емес, басқасы да емес.

Осыған ел етін үйретуі керек. Біз – Қазақстанбыз, мұндағы өзгерістер бір күнде, бір мезетте бола қоймайды. Оның өз уақыты, экономикалық мүмкіндігі бар дегендей.

Әрине, Қазақстан өзгерістерге келе жатыр. Өзгерістерсіз біз тығырыққа тіреліп, тоқырауға ұшыраймыз. Мұны жаңа Президент жақсы түсініп, осы бағытта әрекет етуге дайын екенін білдіруде.


Саяси реформасыз экономикалық өсімге жетпейміз деген саясаттанушының бұл реттегі пікірі мынандай:

– Негізінен, ел дамуы үшін жылына 4-5 пайыз экономикалық өсім керек. Біз көріп отырмыз, қанша ақша құйғанымызбен, біз одан асып кете алмай жатырмыз.

Демек, саяси өзгеріссіз, жаңа реформаларсыз бұл цифрды өзгерте алмаймыз, бұл нақты нәрсе. Сондықтан жақын арада дамимыз десек, онда бізге шұғыл жаңа саяси алаң қажет, жаңа саяси топтар қажет. Оны бәрі түсініп отырған секілді. Бірақ кейбір адамдардың асығыстығы, саяси мәдениетінің төмендігі осыған теріс әсерін тигізе ме деп қорқамын.

Өйтіп ойламаймын


Осы сұхбат соңына қарай Айдос Сарымның жамбасына оң келе қоймайтын сауалға жауап беруіне тура келді. Бұл өткен президенттік сайлауалды науқан кезіндегі жайтқа қатысты. Оған сөзбе-сөз тоқтала кетсек...

– Сайлау туралы сөз болғанда биылғы президенттік сайлау кезеңіне де тоқтамай кете алмаймыз. Осы сайлау өткеннен кейін елдің Сізге негатив пікірі қалыптасты деп ойламайсыз ба?

– Ел деген кім?

– Енді әлеуметтік желілерде Сіз туралы негатив пікірлер жазылды ғой...

– Ол ел емес қой...

– Жұрт деп айтайықшы онда, соларда өзіңіз туралы негатив пікір қалыптасты деп ойламайсыз ба?

– Иә, кейбір жұрт деген дұрыс. Жоқ, өйтіп ойламаймын...

– Содан соң Қосанов командасы қатарында болғаныңызға өкінбейсіз бе?

– Біріншіден, мен Қосановтың командасында болған жоқпын. Мен оған өт деген жоқпын. Мен өз шаруаларыммен айналыстым. Сайлаудың соңғы күні, дауыс беретін кезде қасына барып, көмектесуге Расул екеуміз шешім қабылдадық. Болды.

Әзірлеген Кәмшат СӘТИЕВА


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x