Anadolu Ajansı: "Тоқаев саяси реформасыз экономикалық даму жоғын түсінді"

Dalanews 23 мау. 2020 04:22 261

Бір ғасырлық тарихы бар, әлемнің 30-ға тарта елінде таралатын түріктің Anadolu Ajansı ақпарат агенттігі «Тоқаевтың бір жылына» шолу жасапты. Мақала авторы «Тоқаев Назарбаевтың сыртқы саясаттағы жолын жалғай ма?» деген төңіректе ой өрбіткен екен.

Dalanews.kz Анадолы рұқсатымен, аталған мақаланы ықшамдап аударды.

Автордың пайымдауынша, түркі елдерінің тұрақты дамуы көбіне-көп ел тізгінін ұстаған алғашқы екі көшбасшыға байланысты.

Бұл орайда Anadolu Ajansı:

Түрік қағанатының негізін қалаушы Бумын қаған, одан кейінгі Істеми қағанды. Ұлы селжұқтар мемлекетін дәуірлеткен Тұғырыл мен Шағрыны.  Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібек, одан берідегі Түрік республикасының Тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік пен Исмет Иненюді мысалға келтіріпті.


«Бұрынғы лидер қалап кеткен құрылымды құлатпай, оны жаңа қарқынмен жалғастыруда екінші көшбасшының маңызы зор. Осы тұрғыда Назарбаевтың ізбасары Тоқаевтың дәуірі ел тарихында ерекше орын алатын болады.

Тоқаевтың бір жылына шолу жасай отыра, оның алдағы іс-әрекеті қандай боларын бажайлай аламыз», – дейді Anadolu Ajansı.

Агенттік Тоқаевтың Елбасымен тәуелсіздік алған тұстан жұбы жазылмай, бірге істесіп келе жатқанын жазыпты. Ұзақ жыл елдің сыртқы саясатына жауап бергенін, БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунның орынбасары болғанын тілге тиек етіпті. Anadolu Ajansı Тоқаевты Қазақстан сыртқы саясатының архитекторы деп атайды. Назарбаев екеуін салыстыра келе қазіргі президенттің саяси реформаларға көбірек көңіл бөлетініне назар аударады.

«Назарбаевтың дәуірінде» алдымен экономика, содан барып саясат» еді. Тоқаев саяси реформа жүргізбей бұдан әрі экономикалық өрлеу болмасын түсінді. Халықты тыңдау, демократия мен әділдікті талап еткен азаматтармен диалог құру Тоқаев билігінің басты бағдары.

Тоқаевтың пәрменімен биліктің барлық тармағына «халық сөзіне құлақ асатын мемлекет қағидасы» енді.
Халық пен биліктің арасында жақындату үшін Ұлттық кеңес құрылды. Оның құрамына халық сөзін сөйлейтін азаматтар енді. Ұлттық кеңеспен ақылдаса келе бейбіт митингі туралы заң қабылданды. Бұл Тоқаевтың тұсындағы саяси реформалардың бастамасы ғана», – деп болжам жасаған екен Түрік агенттігі.

Anadolu Ajansı Тоқаевтың тұрмысы төмен 600 мыңнан аса адамның кредитін кешіргенін және осы мақсатқа 105 млрд теңге бөлгенін жоғары бағалапты.

«Тоқаев билікке келген жылы ел күрделі кризисте болды. Арыстағы жарылыста оқиға ортасында жүрді. Қордайдағы жанжалда да ауданға арнайы барып, тараптардың талабын тыңдады.
Қазақстанда тұратын түрлі этникалық топтардың арасындағы түйткілдің түп тамырына үңіліп, Ассамблеяға тапсырма берді» – дейді мақала авторы.

Anadolu Ajansı осы бір жылда Қазақстанда атқарылған шаруадан жақсы хабардар екенін аңғартып, дағдарысқа бөлінген 10 млрд доллар, 42 500 туралы да егжей-тегжейлі баяндаған екен. Агенттік пікірінше, Тоқаевтың ішкі саясаттағы бағдары айқын. Сыртқы саясаттағы ұстанымы да Назарбаевтың арнасынан ауытқымасы анық. Қазақстан көпвекторлы саясатты жалғастырады.

«Президенттіктің алғашқы жылында Орта Азияны түгелдей аралап, оған қоса Ресей мен Қытайдың, Батыстың тілін тауып үлгерді.  Биылғы жылдың наурызында жарияланған «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі сыртқы саясат концепциясы» Тоқаевтың дәуірінде әзірленген алғашқы сыртқы саяси құжат.
Осы доктринада түркі дүниесін, түркі елдерінің арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру керектігі айтылған.

Оның ішінде түркітілдес елдердің әріптестік одағын құру түркі дүниесін тұтастыра түсетін құнды құжат болмақ.


Бұл бауырлас елдердің арасындағы байланыстың жаңа деңгейге шығарын көрсетеді.
Тоқаевтың тұсындағы Қазақстан түркі дүниесінің маңызды тармағының бірі болып қала бермек» дейді Anadolu Ajansı.

Тоқаевтың төңірегіне кімдер топтасуда?


Бұдан бұрын, саясаттанушы Досым Сәтпаев Тоқаевтың төңірегіне кімдер топтасып жатқанын айтқан (мында  басыңыз)

Оның пайымдауынша, дәл қазір Тоқаевтың төңірегіне тұңғыш президенттің әулетінен шыққан әлдекімнің билікке келуін қаламайтын элита мен мемаппараттың өкілдері топтасуда.


Бұл қатарға 70-жылдары өмірге келген биліктің жаңа буынын қосуға болады. Бұл буын кадрлық ауыс-түйіс нәтижесінде биліктегі маңызды орындарға отырудан дәмелі. Олар әзірдің өзінде Президент әкімшілігі, Үкімет және Парламентке өтуде.

Әйткенмен, Сәтпаевтың айтуынша, қарапайым халыққа саяси сахнадағы ауыс-түйіс аса қызықты емес. Халықты Тоқаевтың елді әзіргі күйзелістен қалай алып шығары көбірек толғандырады.

Жер-жерді жұмыссыздық жайлап, жағдай ушыға түссе мұның соңы әлеуметтік толқуға алып келуі мүмкін.

«Карантиннен кейінгі ахуал ауырлай түссе билік үшін нағыз сынақ сол болды. Тоқаевтың бастамасымен әзірленген дағдарысқа қарсы жоба көздеген мақсатына жетті деуге әлі ерте.

Халыққа бөлінген ақшаны қатаң қадағалау жағы ақсап тұр. Мемлекеттің ақшасы елге жетпей, талан-таражға түспеуін бірінші кезекте ойлау керек. Тоқаев осы кеселден құтылмаса, ол қабылданған бағдарлама көпке жетпей сынға ұшырайды», – дейді Сәтпаев.

Сәтпаевтың пікірінше, Тоқаевтың «халық сөзіне құлақ асар мемлекет» қағидасы толыққанды болмаса да, біршама жүзеге асуда. Билік қоғамның бір талабына құлақ асып, енді бірін жарым-жартылай ғана орындауда, кейбір талап-шартты іс жүзінде жүзеге асыруда.

«Биліктің саяси реформаға қатысты уәдесі толық орындалмаса да, басқа тарапта заңнамалық өзгерістер өз нәтижесін берді. Оның ішінде зорлық-зомбылық, педофилизм және браконьерлерге қатысты қылмыстық жаза қатаңдатылды. Бұл қоғамның көптен бері жоғарыға жеткізе алмай келген жанайқайы еді.

Халық сөзіне құлақ асатынын көрсеткен Тоқаев осы арқылы өзінің ел алдындағы беделін көтерді. Имиджін күшейтті», – дейді Сәтпаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x