"Заң нормасын тек еркектерге пайдалану біржақты болып қалады" - Дос Көшім

Қаракөз Амантай 18 июн. 2024 15:51 2419

Белгілі саясаттанушы Дос Көшім әйел құқығын қорғайтын әрі бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша толықтырылған заң нормаларына байланысты өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Dalanews.kz Alash.kz агенттігіне сілтеме жасап.

-Дос мырза, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, яғни әйелдер мен балалардың құқығына, қауіпсіздігіне қатысты заңға қол қойылды кеше ғана. Жаңа заңнан кейін Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық статистикасы бірден төмендеуі мүмкін бе?

-Жоқ, статистика бірден төмендей қоймайды. Себебі, бұл заңды естігеннен кейін жәбірленушілер де, басқалар да полицияға, прокротураға арыз жазу көбейеді. Кейін жаза қатаңдаған сайын статистика түсуі мүмкін. Ал заңға қол қойылған алғашқы кезде статистика біраз уақыт көтеріледі.

-Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи осы заң туралы "Біз бұл заңға қол қою арқылы ерекетерді тұқыртып, төмендетіп жібермейміз бе?" деген ойын айтып еді. Қалай ойлайсыз, шынымен, заң талабы арқылы ер азаматтарды төмендетіп алмаймыз ба?

-Заң талабымен толық танысып шыққан жоқпын... Менің ойымша, заңда екі жақтың да құқығы қорғалуы, екі жағы да бірдей болуы керек. Яғни әйел адамға ғана емес, ер адамға зорлық-зомбылық көрсеткен әйелдер де заң алдында бірдей жауапқа тартылуы керек. Заңда осы жағы қарастырылды ма? Әңгіме сонда. Бұл заң нормасын тек қана еректерге пайдалану біржақты болып қалады. 

Ал аталмыш заң арқылы ер адамды төмендетіп аламыз деген пікірмен мүлде келіспеймін. Өйткені, әйел адамға қол жұмсаған, әлсіз балаларға қол көтерген адамды өз басым адам деп, әке деп санамаймын.

Бала кезімізде төбелесіп өстік. Өзімнен әлсіз, жасы кіші адаммен бетпе бет келіп қалсам, қол көтермейтінмін. Өзіммен шамалас немесе үлкендеу балалармен ғана төбелестім. Сондықтан баланы ұруды, әйелді соққыға жығуды, қалай айтсаңыз да ақтай алмаймын!

-"Қазақ менталитетінде әйел мен балаға бір шапалақ салу соншалық ауыр қылмыс саналмаған" деген пікір бар қоғамда. Мына заңнан кейін ажырасу көбейіп, жетім бала, жесір әйелдердің саны артып кетпей ме, қалай ойлайсыз?

-Қабанбай мен Бөгенбай қатындарын шапалақпен салмаған шығар? Өз басым әйел затына қол көтеру, күш көрсетіп қорқыту деген пікірмен келіспеймін. Ол еркектік емес.

Ал баланың майлы жерінен шапалақпен салып қалу көп кездесіп тұратын қалыпты жағдай деп білемін. Бірақ шапалақ ананың немесе әкенің баласына деген ашуын, ызасын ғана көрсетеді. Ары қарай баланың тәніне жара салу, физикалық қысым көрсетуге жетсе, ол қылмыс. Баланы ұрып-соғып, қорқытып өсіру адамгершілікке де жат.

Сондықтан қатынды қабақпен, шапалақпен қорқыту дегенді дұрыс көрмеймін. Оны дәстүрге, менталитетке жатқызатындардың ісін құптай алмаймын.

Ал осы заңнан кейін ажырасу көбейіп, жетім-жесірлер санының артуы әбден мүмкін. Бұрынғы қазақ билерінің заңы жазаға емес, ынтымаққа, біріктіруге құрылған. Кеңес үкіметі билер заңын түбірімен бұзып, жазалауға үйретіп тастады. Соның кесірінен қит етсе, ажырасу, бірін бірін аямау сияқты жат, жауыз мінез қалыптасты. 


Рекомендовать
Последние новости