Халықтың цифрлық сауаттылығын қалай көтереміз?

Dalanews 06 мая 2021 09:41 1578

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған «Азаматтық алаң» отырысында қоғам белсенділері халықтың цифрлық сауаттылығын талқыға салды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұрындары Ыбырай Алтынсариннің өлеңіндегі «Айшылық алыс жерлерден, Көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды» деген жолдарын оқып, қаншалықты өзекті мәселе екендігін тамсанған болсақ, жаһанды жайлаған пандемия расымен де цифровизация дәуірінің қақ ортасында келе жатқанымызды көрсетті. Ал алақандай ғана гаджет арқылы бар мәселені тындыруға болатын мына заманда халықтың сауаттылығы қай дәрежеде? «Азаматтық алаң» отырысында осы мәселе жан-жақты талқыға салынып, белсенділердің пікірі тыңдалды. Отырысқа төрағалық еткен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов электрондық технологиялар дамыған мына заманда халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі екенін айтып өтті.

«Мессенджерде сөйлесу, онлайн төлемдер жасау, электрондық қызметтер – осының барлығы заманауи адамың қарапайым өмірінің айнымас бөлігіне айналды. Қазақстандықтардың өміріне интенсивті түрде кірген цифрландыру ел экономикасының жаңа моделін қалыптастырды. Осы жаңа модель шеңберінде негізгі салалар мен бизнес қана емес, сонымен қатар қоғамның бүкіл өмірі цифрланып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да осы бағыттағы жұмыстарға оң ықпал етті. Бұл тұжырымдама халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып, қоғам мен билік арасындағы үздіксіз байланыстың нығаюына септігін тигізеді», - деді Болат Болат Тілепов.

Отырыс барысында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов Қазақстан халқының цифрлық сауаттылығының жай-күйіне тоқталды.

«Электрондық технологиялар дамыған бүгінгі дәуірде қоғамның барлық саласы цифровизацияның көмегімен дамып отыр. Нақты айтар болсақ, медициналық жәрдем алу, әлеуметтік көмек алу, онлайн білім де цифровизацияның көмегімен жүзеге асуда. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша еліміздің шалғай мекендеріндегі киелі жерлерді онлайн карталарға кіргізу жұмыстары барынша жүргізіліп жатыр. Осы орайда «2гис» халықаралық картографиялық компаниясымен серіктестік меморандумына отырдық. Бұдан бөлек, бүгінде еліміздегі көптеген музейлер де онлайн жүйесіне өтіп жатыр. Яғни, кез келген адам музейді үйде отырып-ақ гаджеттің көмегімен ішін аралап жүре береді. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аясында жарық көрген кітаптарды да оқырмандар 100kitap.kz және openU.kz порталдарына онлайн түрде оқи береді. Осы орайда Қазақстанның Әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі үшін де елімізде цифровизацияны дамытып, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру маңызды», – деп атап өтті Аманбек Төлепбергенов.

Цифрлық сауаттылық және интернет алаяқтық туралы IT маман, Тimur academy офлайн-онлайн оқыту орталығының негізін қалаушы Тимур Бектұр пікір білдірді.

«Халықтың цифрлық сауаттылығын қалай арттыруға болатындығы жөніндегі мәселе бүгінде қазақ қоғамында жиі айтылып жүр. Осы ретте цифрлық қауіпсіздікті қатаң қадағалауымыз керек. Қарақшылықтан қорғана алмау, сайттағы ақпараттар арасында адасып қалу мәселелері де жиі кездеседі. Еліміздегі 10 млн адам әлеуметтік желіні тұрақты пайдаланады. Шынында бізде цифрлық сауатсыздық деңгейі жоғары», – Тимур Бектұр.

Ал бүгінде белсенді қазақ жастарының басын қосып, елімізде Жайдарман ойынын ұйымдастырып жүрген Есен Елеукен халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін кейде мәжбүрлі түрде үйренуді талап етудің қажет екендігін айтты.

«Кейде халықты мәжбүрлеп, цифровизацияның негізгі ережелерін үйренуді талап еткен де дұрыс шығар. Мәселен, Халыққа қызмет ету орталықтарында 30 жасқа дейінгі жастарға көмек көрсетуді доғару керек. Сонда олар онлайн қызмет алу үшін еріксіз үйренуге мәжбүр болады», - деді Есен Елеукен.

Айта кетейік, «Азаматтық алаң» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды. Оған қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметкерлер, блогерлер, журналистер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жалпы танымал тұлғалар қатысты. «Азаматтық алаң» отырысында көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар тиісті органдарға ұсыным ретінде жіберілетін болады.

Рекомендовать
Последние новости