Үшінші АЭС Шардара жағасында салынуы да мүмкін. Бұл туралы DALA INSIDE арнасы жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қытай салатын үшінші атом электр станциясы Шардара жаққа қойылу мүмкін. Жабық есік жағдайындағы талқылауларда осы нұсқа көбірек айтыла бастады", - деді, DALA INSIDE дереккөзі.
Инсайдердің айтуынша, оңтүстік өңір басқаларға қарағанда электр энергиясының тапшылығын қатты сезінуде. Ал демографиялық-миграциялық болжамдарға сай, 2030 жылдарға қарай бұл мәселе тіпті ушығады. Түркістан облысында жарық графикпен өшіріліп, беріліп отыратын жағдайға тап болуымыз мүмкін.
"Негізі жоспар бойынша Балқаштағы үлкен АЭС "Солтүстік-Оңтүстік" желісі арқылы оңтүстіктегі дефицитті жабуы тиіс еді. Бірақ оның уақытылы салынатынына Үкіметтің өзі сенбей отыр. Себебі Росатомның Түркиядағы дағдарысы біраз нәрсеге көзді ашып берді. Балқаштағы құрылыс құрығанда 20 жылдың ішінде салынып бітеді дегенге де еш кепілдік жоқ. Сондықтан Қытайдың CNNC корпорациясы арқылы Шардара жаққа екі HPR-1000 реакторын тез арада қойып, мобильді АЭС жасап алу идеясы логикаға сайып тұр", - дейді инсайдер.
Былтыр оңтүстік өңірлерге 3,3 млрд кВт/сағат электр энергиясы жетпеді. Ол тапшылық маневрлі қуат арқылы Ресейден импортталды және осы үшін Қазақстан Ресейге 100 миллиард теңгеден астам соманы төлеуге мәжбүр болды. Биылғы дефицит одан да көп болуы тиіс.
Елдің электр балансында Түркістан облысы, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы басты проблемаға айналып отыр. Адам саны тез өсуде және жаңа өндірістер қаптап ашылуда. Бәріне молынан жарық керек. Аймақтағы су электр станциялары мен көмір станцияларының қуаты жетпейді. Екібастұздағы ГРЭС барынша жыртықты жамағысы келсе де оның да шамасы жетпей жатыр.
"Бастысы, қытайлар атом электр станциясын тез салуы тиіс. Егер 7 жылға үлгерсе, біз дефицит проблемасын ушықтырмай шеше аламыз", - деп жазды арна.