Ұлттық мұраларды қалпына келтіруге бағытталған іргелі бастама

Ақтоты Жапатова 30 июл. 2025 14:08

Қазақстанның рухани мұрасын сақтау – ұлттық болмысты танудың, тарихи сабақтастықты қамтамасыз етудің және мәдени-өркениеттік құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізудің маңызды алғышарты болып табылады. Уақыт өте келе табиғи-климаттық және антропогендік факторлардың ықпалынан көне құжаттар мен сирек қолжазбалар түрлі дәрежеде зақымданып, жойылып кету қаупіне ұшырайды.

Мұндай тарихи жәдігерлер – халқымыздың мәдени-тарихи дамуын айқындайтын, ғылыми тұрғыдан құндылығы жоғары дереккөздер. Оларды сақтау, қалпына келтіру және түпнұсқа қалпында келешек ұрпаққа жеткізу – аса күрделі әрі жауапты міндет. Осы бағытта жұмыс істейтін отандық мекемелердің қатарында «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты Реставрация және консервация орталығы маңызды рөл атқарады.

Бұл орталық – Қазақстанда жазба мұраны ғылыми негізде қалпына келтіріп, оны ұзақ мерзімге сақтауға арналған мамандандырылған, іргелі кәсіби құрылым. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен 2023 жылы құрылған бұл мекеме аз уақыт ішінде өз саласының көшбасшысына айналды. Жұмыс жүйесі мен ғылыми әдістемесі халықаралық тәжірибеге негізделген орталық бүгінде сирек деректерді сақтаудың, қалпына келтірудің инновациялық технологияларын қолдануда.

Орталықта құжаттар арнайы актпен қабылданып, олардың бастапқы күйі фотофиксация әдісі арқылы тіркеледі. Бұдан кейін қағаздың химиялық құрамы мен биологиялық жағдайы зерттеліп, зең, бактерия сынды зақымдаушы элементтерден тазартылады. Жыртылған немесе үгітілген беттер қайта қалпына келтіріліп, құжаттың техникалық паспорты толтырылады. Реставрация процесі аяқталған соң құжат тағы да визуалды тіркеуден өтіп, түптеліп, сақтау орнына қайтарылады. Бұл – шеберлік пен дәлдікті талап ететін, бірнеше кезеңнен тұратын күрделі процесс.

Бүгінгі таңда бұл бағытта алты маман еңбек етуде. Олардың бірі – Ресейде білім алған, жиырма жылдық тәжірибесі бар жоғары дәрежелі реставратор. Сонымен қатар, халықаралық сертификаттарға ие білікті шеберлер мен орталықта арнайы оқытудан өткен жас мамандар бар. Маман тапшылығын жою мақсатында орталық жанынан тағылымдамалар мен кәсіби курстар ұйымдастырылуда. Мұндай бастамалар – болашаққа салынған тиімді инвестиция.

Орталықтың материалдық-техникалық базасы да қазіргі заман талабына сай. Сирек басылымдарды сапалы әрі қауіпсіз қалпына келтіруге арналған кең форматты құрылғылар, микроскоптар, pH-өлшегіштер, инкубаторлар, дезинфекция мен бейтараптандыруға арналған жабдықтар, қағаз өңдеуге арналған заманауи құрылғылар толықтай іске қосылған. Бұл тек қалпына келтіру жұмыстары үшін емес, ғылыми зерттеу жүргізу үшін де үлкен мүмкіндік.

Мекеме шетелдік ғылыми орталықтармен тығыз әріптестік орнатқан. Түркиядағы Ислам мәдениеті мен өнерін зерттеу орталығы, Иранның Ұлттық кітапханасы, Ресейдің реставрациялық мекемелерімен тәжірибе алмасу үдерісі жолға қойылған. Бұл ынтымақтастық нәтижесінде озық әдістемелер мен техникалар елімізге енгізілуде. Сонымен қатар, АҚШ пен Ұлыбритания сынды елдердің архив және кітапхана саласындағы жұмыс тәжірибесі де сараланып, енгізілуде.

Бүгінде Орталық «Ғылым ордасы» құрамындағы Орталық ғылыми кітапхана, Ғылыми архив, Сирек кітаптар музейі және өзге де мекемелердің қорында сақталған мыңдаған тарихи дереккөзді қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс ауқымды ғылыми бағдарламалар негізінде одан әрі кеңейтіле түспек.

2025–2027 жылдарға арналған ғылыми жоба аясында «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» атты іргелі жоба жүзеге аспақ. Бұл бастама арқылы отандық қолжазбалардың толыққанды ғылыми базасы жасалып, сақтау стандарттары халықаралық деңгейге көтерілмек. Сонымен қатар, орталықты болашақта өңірлік кәсіби хабқа айналдыру көзделуде.

Реставрация мен консервация – тек материалдық құндылықтарды қалпына келтіру ғана емес, рухани мұраны жаңғыртудың маңызды жолы. Осы тұрғыдан алғанда, аталған орталықтың атқарып отырған жұмысы – ұлттық жадымызды сақтау бағытындағы стратегиялық маңызы бар қызмет. Қалпына келтірілген әр парақ – халқымыздың рухани болмысына қосылған үлес, ал цифрланған әрбір дерек – ұрпаққа аман жететін тарихи шежіре.

Реставрация және консервация орталығы – Қазақстанның мәдени мұрасын жаңғыртып, көне қолжазбалар мен сирек құжаттарға жаңа өмір сыйлау арқылы ұлттық жадымызды сақтау ісіне үлес қосып келеді. Бұл – тарихи деректерді келешек буынға қолжетімді етудің тиімді жолы.

Орталықтың қызметі еліміздің рухани байлығын халықаралық деңгейде танытуға жол ашып, мұраны сақтау ісін жаңа деңгейге көтеруде. Ұлттық жадымызды сақтау – өткенге құрмет, болашаққа аманат екенін дәлелдейтін бұл мекеме ел игілігі жолында еңбек етуді жалғастыра бермек.


Рекомендовать
Последние новости