Үкімет басшысы Жетісу облысындағы көлік-логистикалық инфрақұрылымның ірі нысандарын аралады

Жарбол Кентұлы 19 авг. 2024 18:59 1334

Премьер-Министр Олжас Бектенов Жетісу облысына жұмыс сапары барысында өңір экономикасының 7%-ын құрайтын көлік-логистика саласының дамуымен танысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша облыста автокөлікпен жүк тасымалдаудың жыл басындағы 55,7%-дан 6 айда 101,1%-ға дейін өсу үрдісі байқалады.

Nur Zholy Customs Service халықаралық көлік-логистика орталығының аумағында Үкімет басшысы Cross-Docking технологиясын қолдану арқылы көлік құралдарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесімен танысты.

Орталықтың жұмысы транзитті жеңілдету әрі жеделдету үшін жаңа технологияларды енгізу арқылы жүк айналымын арттыруға бағытталған.

Бұл нысан экономиканы монополиядан арылту аясында мемлекетке қайтарылды. Биылғы қаңтар айында орталық аумағында Dostyk Customs Service уақытша сақтау қоймасы ашылды, ол «Алакөл» автокөлік өткізу бекетінде жүктерді тиімді әрі жылдам кедендік өңдеуге және өткізу қабілетін арттыруға ықпал етеді. Бүгінгі таңда орталықтың өткізу қабілеті тәулігіне 150-200 автокөлікті, қойманың орташа тәуліктік жүк айналымы 200-250 тоннаны құрайды. Жүк айналымының әлеуеті – жылына 1,2 млн тонна тауар.

Сондай-ақ, Достық кентінде түрлі табанды темір жолдармен жабдықталған Dostyk TransTerminal көпфункционалды жүктерді ауыстырып тиеу терминалы тексерілді. Үкімет басшысына 2021 жылдың 7 айында 66,2 мың ЖФБ контейнері (жиырма футтық баламасы) тиелсе, биыл осы кезеңде 101 мың контейнер қайта тиеліп, 35%-ға өскені баяндалды. Жалпы, биылғы болжам 180 мың ЖФБ контейнерін құрайды.

Dostyk TransTerminal көпфункционалды жүктерді ауыстырып тиеу терминалының қосымша алаңын және 50 жұмыс орнын құра отырып, 3,2 млрд теңгеге қуаттылығы жылына 160 мың ЖФБ контейнерін құрайтын мамандандырылған техника салу жобасын іске асыру жоспарланған.

Сондай-ақ Премьер-Министр «Алакөл» кеден бекетінің қызметімен, жүк көлік құралдарын тасымалдаудың қолданыстағы схемасымен және өткізу бекетін жаңғырту барысымен танысты. Жаңғырту шеңберінде жеке тұлғаларды, жүкті, тауарлар мен көлік құралдарын бақылау, сондай-ақ байланыс, деректер беру және алмасу технологиялары енгізілетін болады. Жалпы, өткізу қабілеті тәулігіне 200-250 жүк көлігінен 1000-ға дейін ұлғайтылады. Нысан биыл қыркүйек айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы көлік-логистика әлеуетін одан әрі дамытуды және өсіп келе жатқан жүк ағынын қанағаттандыру үшін инфрақұрылым қуатын арттыруды бақылауда ұстауды тапсырды. Өткен жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты тауар айналымы 30%-ға артып, $31,5 млрд-қа жетті. Кедендік рәсімдерді жеңілдету Қазақстанның өңірдегі негізгі транзиттік көлік дәлізі ретіндегі позициясын одан әрі нығайтуға серпін береді. Тиімділігі дәлелденген Cross-Docking сияқты заманауи цифрлық шешімдерді басқа өңірлерде де іске қосу керек екені атап өтілді.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін бәсекелестік артықшылықтарымызды пайдалану маңызды. Бізде Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік хабтарының біріне айналдыруға барлық жағдай жасалған. Біз Қазақстанның теңізге шыға алмайтынын жиі айтамыз, алайда Қытай біз үшін мұхит іспеттес. Осы бағытта күш-жігерімізді біріктіріп, тұтас транзиттік қозғалысты қамтамасыз етуіміз керек.

Біз транзиттік дәлізді өте белсенді дамытып жатырмыз: Әзірбайжан, Грузиядағы әріптестерімізбен келісімдер бар. Әрі қарай да жұмыс істейміз. “Достық – Мойынты” теміржол қатынасын кеңейту дамуға жаңа серпін береді. Біз бизнестің кеңейтуге дайын екенін көріп отырмыз, әлі де қаражат салуға ниет етушілер бар. Мұның бәрі транзиттік жүк көлемін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Олжас Бектенов.


Рекомендовать
Последние новости