Түркістандағы этноауылда ұлттық ойындар ұлықталды

Жарбол Кентұлы 26 авг. 2024 04:04 436

Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты, ұлттық ойындарды насихаттау кеңінен қолға алынды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісай аудандық аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ күресі мен қол күресі, асық ату мен арқан тарту, садақ ату мен білекті де жүректі жігіттердің арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар, арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді.

Этноауыл аумағында өткен спорттық сайыстарды жергілікті тұрғындармен қатар шет елдерден келген туристер де тамашалап, еліміздің атадан балаға мұра болып аманатталып келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының нағыз жауынгерлік жаттығу, әскери дайындық екенін айтып, жоғары бағаларын берді.

Түркістан, Кентау қалаларымен қатар Отырар, Бәйдібек, Жетісай, Сайрам, Абай, Шәуілдір, Созақ аудандарының тұрғындары қатысқан спорттық ойындарда қазақ күресінен 20 палуанның ішінде ІІІ орын алған кентаулық палуан Жамалхан Нұрхан 100 мың теңгеге, Il орынға табан тіреген түркістандық Әбдіғаи Бейбарыс 200 мың теңгеге, ал, І орынды иеленіп, «Түйе палуан» атанған түркістандық палуан Хамза Дидар 300 мың теңгеге ие болса, 72 келілік қошқарды белгіленген 3 минутта 52 рет көтерген Оралхан Дербес жеңімпаз атанып, жүлдесіне қошқарды ұтып алды.

Ал асық атудан ІІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бастар Мұхаммеджан, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Айкен Абдулла, І орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бекмұхан Қойымбетовтер өзара бөліссе, арқан тартудан ІІІ орын Жетісай ауданының №2 БЖСМ, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының және І орынды Отырар ауданының командалары иеленді.

Гір тасын көтеруде ІІІ орын түркістандық Ж.Маратұлының, ІІ орын жетісайлық А.Пошаевтың, І орын созақтық Б.Жаңабаевтың еншілеріне бұйырса, Садақ атудан түркістандық Рамазан Батыржан, Отырарлық Бауыржан Сейтжаппаров және жетісайлық Марат Абуов өзара жүлделерді бөлісті.

Спорттың қол күрес түрінен +70 келі салмақта Шәуілдір, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласының, 65 келі салмақта жетісайлық жігіттердің мерейі үстем болды.


Рекомендовать
Последние новости