Түркістан түркі қағанатының туы тігілген қала

Dalanews 05 сент. 2018 12:14 1367

Бүгін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында ТҮРКСОЙ ұйымының 25 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.

Жиынға қатысушылар әуелі мерейтойға арналған көрмені тамашалады. Халықаралық ұйым жайлы арнайы бейнефильм көрсетілді. Басқосуда алғашқы болып сөз алған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жиылған қауымды Халықаралық түркі әлемі гуманитарлық ғылымдар конгресі аясындағы  «ТҮРКСОЙ-дың құрылғанына  25 жыл» секциясының ашылуымен құттықтады.

– Түркі әлемінің бүгінгі замандағы кемеңгер көшбасшысы атанған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «ТҮРКСОЙ» түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. ТҮРКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылдан бері жүзеге асырып, Түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналды. Түркі халықтары жаһандану заманында алпауыт елдерге жұтылып кетпей, ұлттық кодын, өзіндік ерекшеліктерін, мәдениеті, руханияты мен мемлекеттілігін сақтап қалу үшін өзара ынтымақтастығын нығайтып, бірлігін бекемдей түсуі керек.

Осыны ескерсек, «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі бастамасымен үйлесіп, Мәңгілік Ел мұраттарымен үндесіп келді. Түркістан – түркі қағанаттарының туы тігілген Орда.  Түркістан – түркі халықтарының орасан зор оғландары ақ киізде хан көтерілген қасиетті жер.

ТҮРКСОЙ ұйымы алдағы уақытта да түрлі қалаларды Түркі әлемінің мәдени астанасы етіп жариялай отырып, туысқан халықтар арасындағы осынау байланыстарды одан әрі тереңдете түсері шүбәсіз. Түбі бір түркі түгел болса, біздің алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз көп болмақ! – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, жиында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Әбдірасілов сынды ғалымдар ұйымның маңыздылығы хақында баяндама жасады.



Айта кетерлігі, салтанатты шарада Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының «Құрмет» орденімен марапатталды.

Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімдігі мен «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымы арасында мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөнiндегi өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Жиын концерттік бағдарламамен қорытындыланды.



 

  Түркістан облысының баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости