Тоқаев шетелден әкелінген көлік иелерінің мүддесін ескеріп, мәселені шешуді тапсырды

Dalanews 27 февр. 2020 03:42 720

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ломбардтар мәселесін шешуді тапсырды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Бұл туралы Президент құқық қорғау құрылымдары мен қаржы нарығын қадағалайтын және мониторингілейтін мемлекеттік органдар басшыларымен өткізген кеңесте айтты.

Жиында ел азаматтарына айтарлықтай материалдық шығын келтірген қаржы-несие ұйымдарының заңсыз қызметіне тосқауыл қоюға байланысты мәселе қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда наразылық тудырған жағдайды егжей-тегжейлі тексеруді, азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін шаралар қабылдауды және кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды.


Мемлекет басшысы болашақта мұндай жағдайға жол бермеу керектігін және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар кеңесте Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден ұлттық заңнамаларды бұза отырып әкелінген автокөліктерді тіркеу мәселесі де талқыланды.

Президент Үкіметке Қазақстанның заңнамаларын, мемлекеттік бюджеттің де, автокөлік иелерінің де мүдделерін ескере отырып, аталған проблеманы шешу нұсқаларын әзірлеу жөнінде тапсырма берді.


Еске салайық, өткен аптада Қазақстанның бірнеше қаласында тұрғындар алаяқтық құрбаны болғанын айтып, полицияға арыз жазған. Осыған дейін Атырау, Павлодар, Ақтау, ШҚО, Тараз және Қарағандыдағы «Гарант-24 Ломбард» ЖШС аймақтық филиалдарының басшылары ұсталды. Олардың үстінен «Алаяқтық» және «қаржы пирамидаларын құру» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Рекомендовать
Последние новости