Тоқаев-Макрон келіссөздерінен кейін Алматыда француз мектебі салынбақ

Сағыныш Сардарова 14 нояб. 2024 09:52 1449

EPG Education қоры бұл жобаға 12,6 миллион доллар инвестиция құятын болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

2024 жылдың қарашасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға ресми сапары өтті. Франция Президенті Эммануэль Макронмен кездесу барысында қос ел басшылары стратегиялық мәселелерді талқылаумен қатар, мәдени байланыстарды дамыту, Қазақстанда француз мәдениеті мен тілін ілгерілету мәселесінің маңыздылығын атап өткен еді.

Бұл тақырып алғаш рет 2023 жылдың қарашасында Эммануэль Макронның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде көтерілген болатын. Сол кезде Астана мен Алматы қалаларында екі француз мектебін ашу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылған.

Биыл осы үкіметаралық келісім іс жүзінде жүзеге асырыла бастады. Отандық EPG адами капиталды дамыту қоры мен AEFE шетелдегі француз білімін дамыту агенттігі Алматыда мектеп салу жобасын іске асыру жөніндегі келісімге қол қойды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана мен Алматыда қазақ-француз мектептері салынады. Бүгін тиісті құжаттарға қол қойылды. Бұл мектептер жастарға жоғары білім стандарттарына сай білім алуға мүмкіндік береді» деп, осы жобаның маңызына айрықша тоқталған еді.

Алматыдағы жаңа оқу орнының есігі 2026 жылдың қыркүйегінде ашылады деп жоспарлануда. Жобаны іске асыру үшін EPG қоры 12,6 миллион доллар инвестиция салуды көздеп отыр.

Алматыдағы қазақ-француз мектебі бірқатар бірегей артықшылықтар ұсынады. Олар: халықаралық үлгідегі аттестат, әсіресе техникалық пәндер бойынша білім берудің жоғары сапасы, француз, ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде оқыту, 3 жастан бастап балаларды қабылдау, шетелдік, соның ішінде француз жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі.

«Бұл жоба қазақстандық балаларға халықаралық білім әлеміне жол ашады. Алматыдағы мектептің құрылысы AEFE — Францияның шетелдегі француз білімін дамыту мен қолдауға жауапты мемлекеттік ұйымының бақылауымен және қатысуымен жүзеге асады. Бұл агенттік Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің қарамағында, әлемнің 139 еліндегі 580 мектепті қамтитын француз оқу орындары желісін басқарады. Онда 392 000-нан астам оқушы білім алуда. AEFE Франция Білім министрлігінің талаптарына сай жоғары білім стандарттарын қамтамасыз етеді және мұғалімдердің біліктілігін арттыруға ерекше мән береді», - деді, EPG Education қорының Қадағалау кеңесінің төрағасы Балтабек Мұқашев.

Қазақ-француз мектебінің ашылуы – қос ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңызды қадамы. Бұл қазақстандық балаларға әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті білім алуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда EPG адами капиталды дамыту қоры Алматы қаласында Prometheus School және Физтех сынды екі мектепті басқарып отыр.


Рекомендовать
Последние новости