Тіл мамандарына диплом табысталды

Жарбол Кентұлы 09 июл. 2025 16:24

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы бір тарихи сәт. Филология факультетінің биылғы түлектеріне арналған салтанатты шара – диплом тапсыру рәсімі жоғары деңгейде өтті. Биыл факультетті 552 түлек тамамдады. 439 түлек бакалавр дипломын иеленсе, 113 жас ғалым филология ғылымының магистрі атанды, – деп хабарлайды ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі.

Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды.

Кеш қонақтары мен түлектер назарына университеттің дамуы мен жетістіктері туралы бейнеролик ұсынылды. Онда бүгінде халықаралық деңгейде мойындалған ҚазҰУ-дың білім мен ғылымдағы орны жайлы мол мағлұмат берілді.

Бітіруші түлектерге оқу ордасының Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жүрекжарды құттықтауын арнады. «Университетіміз өзінің 90 жылдық тарихында 200 мыңнан астам білікті маманды даярлады. Олардың ішінде көрнекті ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық сарапшылар бар. Сіздердің де осы дәстүрді жалғастыратындарыңызға сеніміміз мол», – делінді құттықтауда.

Сонымен қатар болашақ тіл мамандарына филология факультетінің деканы, ҚР ҰҒА академигі Баян Жолдасбекова жылы лебізін білдіріп, еліміздің дамуына қосар үлестерінің маңыздылығын атап өтті.

Салтанатты жиынның көркін «Ұлағат» әжелер тобының орындауындағы «ҚазҰУ-ым – ұлағат ұясы» әні аша түсті. Содан соң сахна төріне шыққан филология факультетінің белсенді студенттері мен әр мамандық топ басшылары «ҚазҰУ – менің жүрегімде» атты әсерлі құттықтау сөздерімен жиналған көпшілікті толқытты.

Сондай-ақ шара барысында түлектерге кафедра меңгерушілері диплом табыстап, ақ жол тіледі.

Бұл сәт әр студенттің жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз. Ата-аналар біліммен қатар, тәлімді тәрбие берген университет оқытушыларына ризашылығын жеткізіп, түлектердің үлкен өмірге жолдама алғанын зор мақтанышпен тамашалады.

Кеш соңында түлектер «Жасай бер, ҚазҰУ-ым!» әнін орындап, білім ордасына деген алғыстары мен сүйіспеншіліктерін әсем әуенмен жеткізді.


Рекомендовать
Последние новости