«Таяқтап» білім беру. Асқар Жұмаділдаев шәкіртін сабады ма?

Dalanews 13 янв. 2019 06:43 1039

Күні кеше ғана Жаркенттегі оқиғадан кейін біраз ер-азаматтар «кезінде мұғалім ұрғаннан жаман болған жоқпыз» деп күпсініп әңгіме айтып жатты. Ең сорақысы, әлеуметтік желіде бір баланың әкесі оқу орынға хабарласып, «баламның еті сенікі, сүйегі менікі» дегенін әңгімесін  естігенде, ақылдан алжаса жаздадық. Ал ал оқу орын басшысы (мүмкін мұғалім) болса, қазір заманның өзгергенін айтып түсіндірудің орнында Құранға ұйыған молдадай, оқушының әкесінің кертартпа әңгімесін ләм-лим деместен тыңдағаны бізді одан бетер таңдандыра түсті.  

 

Жастар, мектепте таяқ жегендерден үлгі алма!

 

Бұдан нені аңғаруға болады? Біздіңше, бұдан қазақ қоғамының кеңес заманындағы құлдық санадан әлі арыла алмағанын байқауға болады.

Бүкіл әлем өркениетке қол созып, үлкен-кіші бір-біріне ізетпен қарап жатқанда, қазақ қауымының балаға қол көтеріп, білім беретін кеңестік ескі «тәсілді» дәріптеуі ұят.

Кеңес заманында таяқ жеп жүріп мектепті әрең тауысқандар ұшпаққа шығып, мықты ғалым болып кетіп пе? Бүкіл қазақ ісіне қарап бой түзейтін майталман математик Асқар Жұмаділдаев ағамыздан телеарналарға берген сұхбаттарында «мұғалім ұрып еді» деген әңгімені ешкім естімегені анық.

Қайта сол кезде мұғалімдермен терезесі тең адамдай сөйлесіп, пікірлескенін естіп, риза боласың.

Жастар, қандай да біреуден үлгі алғыларыңыз келсе, мұғалімнен таяқ жеп мектепті әрең бітіргендерден емес, ұстаздарымен терезесі тең адамдай  сөйлескен Асекеңдей азаматтардан үлгі алыңыздар.

Ал мұғалімнен таяқ жеп, орта мектепті әрең бітіргендердің көпшілігі базарда арба сүйреп, аула сыпырып, ілдалдалап күнін әрең көріп жүр. Арасында адам болып кеткендері бар шығар. Бірақ мұндай бірлі-жарым «статистика» баланы ұрып оқыту тәсілінің тиімділігін айқындай алмасы анық.

 

Молдалар қандай болған?

 

Айтпақшы, есіңізде болар, кеңес заманындағы хрестоматиялық оқулықтарда ертеде молдалар жас балаларды дүрелеп сабақ оқытқаны жайында аянышты әңгімелерді көп оқыдық қой. Молдадан теперіш көрген қазақ балалары сәбет өкіметі орнағаннан кейін кемел білімге қол жеткізіп, көздері ашылды деген сарындағы кеңестік жүйенің жалған «пропагандасы» миымызға әбден сіңіп қалғанына осы жолы тағы да көзіміз жетті.

Иә, несін айтасыз, кеңес заманында «молданың айтқанын істе, істегенін  істеме» деген, қазақты түбірінен адастыратын мақал-мәтелдерді жаттап өстік. Өз басым дәл осындай әңгімелер Кенесарының тұсында айтылмағанына бәс тіге аламын.

Ертеде қазақ арасында екінің бірі бала оқытатын молда болмады. Олар Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы маңдай алды медреселерде білім алып, оңы мен солын әбден таныған кемел адам болғаны даусыз шындық. Мектепте мұғалімнен таяқ жеп өскен буынның санасына жетуі үшін майдалап түсіндірсек, сол кездегі молдалар қазіргі Асқар Жұмаділдаев ағамыз секілді зиялы адамдар болған.

Ал көз алдыңызға елестетіңізші, Асқар ағамыздың студент-шәкірттерін дүрелеп, боқтап, төмпештап жатқанын. Мүлде елестете алмайсыз. Осыдан-ақ, кеңестік жүйе аңқау қазақты қаншалықты алдап, арбап келгенін байқаған боларсыздар.

Ақыры айттық қой, баяғыдағы молдалар тек қана дін таратушы, насихатшы болған жоқ. Олар қара суды теріс ағызатын ғұлама ғалым болды.

Еліміздің кез келген бір ауданына барсаңыз, ел-жұрт баяғыда ғажайып тылсым күшке ие молдалардың іс-әрекетін жыр қылып айтып береді.

Иә, баяғының молдалары табиғаттың сырын жете түсінген көне түркіден келе жатқан таңғажайып тылсымдарды жалғастырушы еді. Осындай бекзат болмысты бойына жиған азаматтар балаларды таяқтап, білім берді дегенге кім сенеді. Ешкімде сенбейді.

Жалпы, қазақ қоғамында баланы сабау, балаға қол көтеру тәрбие құралы болмаған.

Мұндай тәрбие кейіннен Кеңес өкіметі кезінде пайда болды. Қызылдар қазақтарды ұлттық санасынан айыру үшін осындай «сұмдық» әңгімелерді ойлап тапты. Ал біздер болсақ, соған әлі күнге дейін сеніп келеміз.

Сондықтан ел арасына іріткі салып, кемел болашаққа бет бұрған елімізді бағытынан адастыруға ұмтылған, таяқ жеген баланың әкесін кешегі әңгімесі үшін жазаға тарту керек.

 

Қазақ қоғамы, ессіз әкенің әңгімесіне елікпе!

 

Әлгі ессіз әкенің пайымынша, қазақ балаларының басынан ұрып, артынан теппесең, білім қонбайтынға ұқсайды екен. Қоғамды кері тартатын мұндай әңгімелерді таратушылар жазасыз қалмауы керек.

Қазақ еш уақытта баласына қол көтеріп, тәрбиелемеген. Мұндай тәрбие түрі жалпы адамзат баласына жат дүние екенін ұмытпайық. Баланы ұрып, білімді бойына сіңіру мүмкін емес. Бұл нағыз – хайуандық.

Үйде, мектепте таяқ жеп өскен ұрпақ жасық, ез болады. Кеңес заманында әркімнен таяқ жеген ағаларымыздың «арқасында» қазір еліміз өзінің есесін жіберіп, орыс тілінде шүлдірлеп, әркімнің шылауында жүргенін байқаған боларсыздар.

Кеңес заманында өскендер мектепте таяқ жеп, соңынан әскерге барып онда  тағы да таяқ жеп әбден жасып, бейшара күйге түсті.

Айтпақшы, әлеуметтік желіде жарияланған әкенің әңгімесі тыңдағанда оның кеңестік жүйенің осындай «тәрбиесінен» өткен біреу екені әңгімесінен анық байқадық.

Қандай жағдай болса да, өзін сыйлайтын ұстаз шәкіртіне қол көтермеуі керек. Балаға қол көтерген ұстаз ол – ұстаз емес. Оның көшеде жүрген бандиттен еш айырмасы жоқ.

 

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист блогер.   

Рекомендовать
Последние новости