Тәуелсіздік мұраты – ұлт тарихын санаға сіңіру

Dalanews 13 дек. 2018 03:09 994

Отырар ауданындағы Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шаралар Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясында жалғасты. «Тәуелсіздік – Ұлы дала ұрпақтарына аманат» тақырыбындағы тәрбиелік мәні зор шарада көпшілік алдымен «Тәуелсіздік жолындағы еңбек» атты мектеп-гимназия ұстаздары мен оқушыларының сурет және қолөнер көрмесін тамашалады.

Мұнан соң мектеп оқушылары дайындаған мерекелік шара басталып, «Атамекен» хор ұжымы «Менің Отаным» әнімен салтанатты жиынның шымылдығын түрді.

Сондай-ақ ҚР Тәуелсіздігі күні Отырар ауданындағы Темір ауылдық мәдениет үйінде де ерекше салтанатпен аталып өтті. Темір жалпы орта мектебі ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат» атты салтанатты жиында мектептің «Әжелер алқасынан» құралған «Ақ әжелер» ансамблі тамаша әнді тарту етсе,  «халық аспаптары» оркестрі күмбірлеген күй тартып, мектептің өнерпаз оқушылары патриоттық әндерді шырқады.

Мерекелік шарада сөз алған Отырар ауданы әкімі Ерлан Айтаханов:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда ғана жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады, – деп саналы ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу қажеттігін ерекше атап өтті.

Яғни, тарихи жәдігерлеріміз бен бай мұраларымызды өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, жастарды өткен тарихымызды тануға тәрбиелеудің маңыздылығы зор. Осы бағытта кезінде аты әлемге мәшһүр болған даңқты Отырар қаласынның орны бүгінде сонау жылдардан сыр шертетін тарихи орынға айналып отыр.

– Елбасымыздың мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жасалған отырарлық қаһармандардың ерлігін дәріптейтін «Көне құмыраның сыры» атты анимациялық фильмнің балаларға берер әсері мол. Алдағы уақытта басқа да жобаларды қолға алу жоспарымызда бар. Осының бәрі шындап келгенде Тәуелсіз еліміздің 27 жыл ішінде жеткен жетістігі деп білемін, – деп шараға қатысушыларды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ еліміз егемендіктің ең негізгі алғы шарттарын жасай алды. Бәрінен бұрын көп ұлтты, көптілді, көп дінді елде халықтың ауыз бірлігін сақтауға қол жеткізілді. Қазақстанды мекен еткен барлық ұлттардың мүддесін ортақтастыра алғаны – Елбасымыздың даналық саясатының айқын айғағы еді.

Әсем ән мен тәтті күй, ұлттық киім киген қыздардың мың бұралған биіне ұласқан салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, тәуелсіздігіміздің 27 жылдық тарихымызды айшықтайтын сазды композициялық көрініспен жалғасын.

 

Dalanews.kz

Рекомендовать
Последние новости