Сырға салу

Dalanews 21 мая 2020 10:56 5211


Сырға салу – қыз ұзату, келін түсіру жоралғыларынан бұрын жасалатын дәстүр. Айттырылған қыз қалыңдық атанып, сол сәттен бастап өзін жат жұрттық сезінеді.



Қызға сырға салмас бұрын жігіт жағы бойжеткеннің ата-анасының рұқсатын алады. Сырға салу – қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрі.



Бұрын ата-аналар ұлдарына келінді өздері таңдайтын болған. Ұлына лайықты жар болатын қызды тапқан кезде, оның отбасына бір адамды өкіл қылып жіберген немесе қыз көруге арнайы өзі барған. Қызын көруге келген адамға қыздың шешесі: "Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді, қызымның басы бос" деген сынды сөздерімен қарсы емес екенін емеуріндеп білдірген.



Осыдан кейін қызды айттыруға келген тарап үкі тағу, сырға салу сынды жоралғыларды жасасқан. Екі жақ сөз байласып, құдалық туралы уәделескен соң, бірте-бірте қалыңмалы төленеді. Айттырылған қыз "қалыңдық" атанады.



Осы сәттен бастап қыздың ағайын-туысқаны оның киім киісіне, жүріс-тұрысына, тәртібіне баса назар аударған. Үлкендер жағы айттырылған қыздың құлағына келіндік міндеттерді сіңіре берген.



Қазақта бесікте жатқан балаларды да атастырып қоятын салт бар. Әсіресе, бір-бірімен жақын араласатын достар "сізден қыз, бізден ұл туса, құда боламыз" деп уағдаласқан. Салтымызда мұны "бесік құда" деп атайды.



Бұрын қазақта айттырылған қызға сырға емес, үкі тағу дәстүрі болған. Жігіттер қыздың бөркіндегі үкісіне қарап, оның басы бос емес екенін, айттырылып қойғанын білген. Қазір үкі тағу дәстүрін сырға салу алмастырды.



Ең алдымен, жігіттің ең жақын төрт-бес туысы қыздың үйіне келіп, қалыңдықты алып кететін күнді белгілейді. Қыздың ата-анасы мал сойып, құдаларды дастарқан жайып қарсы алады.



Құда түсетін қыздың құлағына тек алтын сырға тағылады. Себебі, қазақ халқы қыз баланы "алтынға" балаған.



Қыздың жеңгелері құдаларға қалыңдықты көрсетіп, көрімдік алған. Осы кезде жігіттің жеңгелері "құлағың жамандықты естімесін" деп қыздың құлағына алтын сырға тағып, бетінен сүйген. Сондай-ақ, жігіт жағы қыздың әке-шешесіне, туған-туыстарына әкелген сыйлығын береді.


Рекомендовать
Последние новости