Шымкентте полиция тіл мәселесін қозғаған тұрғынға айыппұл салды

Қаракөз Амантай 13 мая 2024 17:18 1939

Шымкент қалалық полиция департаменті қала тұрғыны Бақытжан Нақыпқа "тіркелмеген ұйымның мүшесі ретінде" қазақ тілі мәселесін көтеріп, қала прокуроры мен тіл жанашырларын Бәйдібек би ескерткішінің алдына шақырғаны үшін айыппұл салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бақытжан Нақып тағылған айыппен келіспейді.

Полиция хаттамасына қарағанда, Бауыржан Нақып TikTok әлеуметтік желісіндегі "Qazaq" каналында тіркелмеген "Тіл майданы" ұйымының мүшесі ретінде үндеу жариялап, тіл жанашырларын 7 мамыр күні Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан Бәйдібек би ескерткішінің алдына шақырған. Сөйтіп Әкімшілік кодекстің "Тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу" бабы (489-бабы 10-тармағы) бойынша айыпталған. Оған 184 600 теңге (419 доллар) айыппұл салынған.

Жауапкер тағылған айыппен келіспеген және әкімшілік хаттамаға қол қоюдан бас тартқан.

Бақытжан Нақып Азаттыққа "Тіл майданы" ұйымы жөнінде ешқашан естімегенін және оған тіркелмегенін айтты. Мәселе 2 мамыр күні қалалық прокуратура кеңсесіне барып, қазақ тілі мәселесін көтергеннен кейін басталған. Бұл хатта ол 7 мамыр күні тіл жанашырларымен бірге қала прокуроры Ғабит Мұқановты кездесуге шақырған. Прокурордан прокуратура қызметкерлері қазақ тіліне қатысты заңның орындалуын неге қадағаламайтынын сұрамақ болған.

"Айыппұл салуға негіз жоқ. Прокуратураға жолдаған хат пен әлеуметтік желіде жариялаған үндеуде де "Тіл майданы" ұйымы туралы бір ауыз сөз жоқ. Бұл – жала", - дейді қала тұрғыны Азаттыққа берген жауабында.

Ол TikTok желісіндегі соңғы видеолардың бірінде Шымкент қалалық прокуратурасының қақпасында "қызметтік көліктерге ғана арналған" (для служебных автомашин прокуратуры города Шымкент) деген жазу тек орыс тілінде ғана барын, неге мемлекеттік тілде ескерту жазылмағанын алға тартып, полициядан хаттама толтыруды сұрайды. Оның айтуынша, мұнда тіл туралы заң бұзылып тұр.

7 мамыр қала прокуроры мен тіл жанашырларын кездесуге шақырған күні полиция Бақытжан Нақыпты шақыртусыз үйінен алып кетіп, полиция бөлімінде төрт сағат ұстаған. 11 мамыр күні айыппұл салған.


Рекомендовать
Последние новости