Шымкентте  отбасылық 3 орталық ашылды

Dalanews 31 июл. 2017 07:42 877

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкентте облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырдың қатысуымен отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға «Көмек» оңалту орталығы мен медициналық-психологиялық оңалту және әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталықтары ашылды. ҚР Бас прокуратурасының «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасының мақсаты - отбасындағы жанжалдарға тосқауыл қойып, шаңырақ ынтымағын сақтау болып табылады. 


Ең алдымен, жұмысшы топ шаһарда бүгіннен бастап жұмысына кіріскен «Дағдарыс орталығының» ашылуын тамашалады. Мекеме - отбасында зәбір көріп, зорлық-зомбылықтың тауқыметін тартқан азаматтар мен отбасы мүшелеріне психологиялық, әлеуметтік қолдау көрсететін болады.


Ғимаратты аралап көрген Е.Садыр әрбір шаңырақ мемлекеттің бір бөлігі болып табылатындықтан, қоғамды өркениеттілікке жеткізу, ең алдымен отбасының өмірде дұрыс бағыт алуынан  басталатынын жеткізді.


«Бүгінде Қазақстанда отбасы-демографиялық саясатқа ерекше назар аударылып отыр.  Демографиялық өсімнің жақсарып, Қазақстан халқының саны 18 миллион адамға жетуі және халықтың өмір сүруінің орташа ұзақтығы 10 жылға ұлғаюы – мемлекеттің әрбір отбасыға қамқорлық танытуға бағытталған Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі», - деді облыс әкімінің орынбасары.


Орталық Қазақстан Республикасының «Қызыл ай» қоғамының құрамында орналасып, «Қорғау-Астана» қорының әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жаңадан ашылған орталық ғимаратында қабылдау, дәрігер бөлмесі, қажетті құралдармен жабдықталған психолог, әлеуметтік кабинеттер, жатын бөлмелер, асхана, балалар алаңшалары, мәдени тынығу бөлмелері қарастырылған.


Мұнан соң,  жұмысшы топ шаһарда Байытұлы баба көшесі бойынан ашылған «Медициналық-психологиялық оңалту орталығында» болды. Орталық психобелсенді заттарды пайдаланушы азаматтарға медициналық-психологиялық коррекция жұмысын жүзеге асырады.  Орталықта нарколог, психолог, психотерапевт және әлеуметтік қызметкерлер емдеу стандарттарына сәйкес наркологиялық және медициналық көмек көрсету көзделген. Медициналық-психологиялық оңалту орталығы келушілерді  құзырлы органдардың жолдамасы арқылы қабылдайды. 20 төсек орынмен қамтамасыз етілген орталық тәулік бойы жұмыс жүргізетін стационарлық мекеме болып табылады.


Ал үшінші орталық - әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі Шымкент қаласы әкімдігінің Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығының жанынан ашылды.  Орталықта зәбір көріп, зорлық-зомбылық тауқыметін тартқандар, кереғар діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсетіледі. Мұнда интернет желісі арқылы скайп жүйесімен онлайнды сұхбаттасу, кеңестер алу шаралары жоспарланған.


 


Рекомендовать
Последние новости