Шығыста «Қазақстан оқушысы – 2017» веложарысы аяқталды

Dalanews 14 авг. 2017 16:06 921

ШҚО-да өткен дәстүрлі көпкүндік «Қазақстан оқушысы – 2017»веложарысы өз соңына жетті. Жалпы саны 134 спортшы қатысқан жарыста Алматы қаласының спортшылары І орын иеленді.



Тамыздың 5-13 аралығында өткен веложарыс басталмас бұрын ШҚО әкімі Даниал Ахметов спортшылармен бірге 25 км қашықтықты жүріп өтіп, жарыс трассасына оң бағасын берген.

Бірнеше аймақтан және Өзбекстаннан жалпы саны 134 спортшы қатысқан көпкүндікте озып шыққан жеңімпаздарды «Нұрлы Жол» саябағында ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова марапаттады.

– «Қазақстан оқушысы» веложарысы Олимпиада чемпионы Александр Винокуров сынды бірқатар танымал велошабандоздардың қатысқан жарысы. Алдағы уақытта сіздер де әлемдік додаларда ел намысын қорғап, көк туымызды желбіретесіздер деген үміттеміз. Жастардың спортқа қатысып, велосипед спортына қызығушылардың қарасы жылдан-жылға өсіп келе жатқандығы көңілге қуаныш ұялатады. Сіздерге болашақта зор табыс пен жетістіктер тілеймін, – деді Әсем Нүсіпова.

Жарыс қорытындысы бойынша жекелей есепте жамбылдық спортшы Роман Джорджини бірінші, алматылық Кирилл Демьянов екінші және Солтүстік Қазақстан облысының велошабандозы Илья Кочетков үшінші орын иеленді. Ал командалық есепте І орынды Алматы қаласының велоклубы алса, Өзбекстан Республикасынан келген команда ІІ орын иеленді. Ал үшінші орын Жамбыл облысы спортшыларының қанжығасында.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай шаралар спортшыларды спортты дамытуға шақырып қана қоймай, аймақтың көрікті табиғатымен таныстырды. Бұл өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы басты тетіктердің бірі.

Айта кетсек, 1970 жылы ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Антышевтың бастамасымен аталмыш жарыс алғаш рет өткізіліп, дәстүрге айналады. Бірақ 1999 жылы ойын қарқыны төмендеп, жарыс жабылудың алдында қалғандықтан Александр Антышев сол уақытта Премьер-министр орынбасары қызметін атқарған Даниал Ахметовтен көмек сұрап, веложарысты өткізетін бірнеше аймақты ұсынған. Артынша веложарыс Шығыс Қазақстан облысында өткізілетін болып шешім қабылданған.

 

https://dalanews.kz/19435

Рекомендовать
Последние новости