Шығыс Қазақстанда 1350 адам қуғынға ұшырап, 300 адам атылған – Альфия Бақбаева

Dalanews 31 мая 2023 06:02 1090

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Таңбаланған адамдар және тағдырлар» атты экспозициялық көрме ашылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрме материалдары саяси қуғын-сүргін құрбаны болған шығысқазақстандықтардың қайғылы тағдырын баяндайды. Құжаттар мен фотосуреттер сол уақытта адамдардың қалай заңсыз сотталып, атылғанын куәландырады.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1927-1953 жылдар аралығында қазақ жерінде 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді.

Олардың ішінде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатұлы, Бейімбет Майлин сынды Алаш арыстары бар. Жалпы «Алаш-Орда» ісі бойынша барлығы 4297 адам қуғын-сүргінге, оның 2062 ату жазасына ұшыраған.


Музейдегі экспозицияның орталық бөлігі шейт болған Алаш көшбасшыларын еске алуға арналған.

Мұнда Алаштың ұлы тұлғаларына қатысты фотосуреттер мен құжат көшірмелері қойылды. Олар Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Ә. Ермеков, Р. Мәрсеков, М. Тынышбаев сынды Алаш қайраткерлерінің өмірінен ақпар береді.

Сонымен қатар экспозицияда 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа, конфескелеуге байланысты құжаттар қойылған.

– Қуғын-сүргін қоғамның мәдени және білім беру дамуына ықпал еткендердің ең жақсысын жойды. Шығыс Қазақстанда 1350 адам қуғынға ұшырап, 300 адам атылған, – деді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің меңгерушісі Альфия Бақбаева.


Сондай-ақ экспозицияда  Қазақстанға поляктарды, корейлерді, немістерді, Солтүстік Кавказ халықтарын жер аударылулары жайлы баяндалады.

Сондай-ақ, бүгін Шығыс Қазақстанның облысының орталығы Өскемен қаласындағы облыстық «Халифа Алтай» мешітінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, солақай саясаттың құрбаны болған аға ұрпақтың рухына Құран бағышталды. Құлшылық үйіне жиналғандар енді елімізде мұндай қиыншылық болмасын, кейінгі ұрпақ бейбіт заманда өмір сүрсін деген ақ жарма тілектерін білдіріп, дұға етті.

Рекомендовать
Последние новости