Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі тағы да ұзартылды, деп хабаралайды Dalanews.kz.
Келесі сот 21 маусымға белгіленді. Бұл ақпаратты Астана соты растады.
"Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті М.Бекетаевты қамауда ұстау мерзімін 2024 жылғы 21 маусымға дейін ұзартты", – делінген хабарламада.
Осының алдында экс-министрді қамауда ұстау мерзімі 2024 жылдың 21 қаңтарына дейін ұзартылған болатын.
Еске салайық, бұрынғы әділет министрі 2023 жылы 21 қазан күні ұсталған. Оған "үлескер компанияның мүддесін қолдап, мемлекетке үлкен көлемде шығын келтірді" деген айып тағылған. Ол "Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды" деген күдікке ілінген.
Ал 23 қазанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын растаған.
"Ұсталған адамның бұрынғы әділет министрі М. Бекетаев екенін растаймыз. Қазіргі уақытта күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – деп жазылған болатын хабарламада.
Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев ұсталды. 21 қазан күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің ұсталғанын хабарлап, аты-жөнін атамаған. Екі күннен кейін оның Марат Бекетаев екені расталды.
"Ол талап етілмейтін қызметке жыл сайынғы келісімшарт жасау арқылы үлестес компанияның мүддесін қорғап, мемлекетке үлкен зиян келтірді. Активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды", – деп мәлімдеді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Әлібек.
Әуелгіде куәгер ретінде, кейіннен күдікті ретінде ұзақ уақыт бойы тергеуде болған Марат Бақытжанұлы елден кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген. БАҚ оның әуежайға жасырынып келіп, "Астана-Ыстамбұл-Лондон" бағытында билет сатып алмақшы болған әрекеті кезінде тұтылғанын хабарлады.